Ақтөбеде мұғалім ҰБТ-ның әр балын 7 мың теңгеден сатқан
Ақтөбе облысында мұғалім ҰБТ нәтижесін саудалап, ата-аналарды алдаған. Құзырлы органдарға жоғары балл беремін деп уәде еткен мектеп мұғаліміне қатысты ата-аналар шағым түсірген деп жазады Оinet.kz.

Тергеу барысында педагог әр оқушыға кемінде 80 балл әперемін деп, әр балын 7 мың теңгеден бағалағаны анықталды. Осылайша бірнеше ата-ана оған 560 мың теңгеден тапсырған. Алайда қаражат ҰБТ-ға емес, мұғалімнің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Іс материалдарына банк үзінділері мен өзге де дәлелдер ұсынылды.
Ақтөбе қаласының №2 соты мұғалімді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу және сол мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға сәйкес жаза мерзімі қысқартылып, 2 жыл 4 ай болып белгіленді.


