«Тыныш, момын адам еді». Көршілері күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел туралы айтты

Oinet.kz 31-01-2026 46

Маңғыстау облысында 44 жастағы Назгүл Ізбасарова балаларының көз алдында күйеуінің қолынан қаза тапты. Күдікті ретінде ұсталған ер адам әйелін қызғаныштан өлтірген болуы мүмкін. Бұл туралы Oinet.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.

image.png

Қайғылы оқиғадан кейін күдікті бірден ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, ерлі-зайыптының жеті баласы бар. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған. Ең кіші баласы небәрі үш жаста, ал екі үлкен қызы тұрмыста.

Марқұмның көршілері отбасыда бұрын ашық жанжал болғанын байқамағанын айтады. Алайда әйелдің үнемі тұйық, мұңды күйде жүретіні көзге түскен.

«Айқай-шу, ұрыс-керісті естімедік. Ол өте тыныш, момын адам болатын. Бірақ ешқашан жадырап, күліп жүргенін көрмеппін. Әрдайым ойлы, тұйық көрінетін. Ауыл кішкентай ғой, жұрттың айтуынша, бұл жағдай қызғаныштан туындаған болуы мүмкін», – дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Айсұлу Оңайбаева.

Полиция мәліметінше, бұған дейін отбасылық жанжалға қатысты ешқандай шақырту тіркелмеген.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал тұрмыстық негізде болған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сағынов.

Айта кетейік, бұған дейін де Маңғыстау облысында ер адамның әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.

Ақтөбеде мұғалім ҰБТ-ның әр балын 7 мың теңгеден сатқан
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу