2026 жылғы 1 қаңтардағы Қазақстан халқының саны белгілі болды
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының санын жариялады. Ресми дерекке сәйкес, ел тұрғындарының саны 20 495 975 адамды құрады. Бір жыл ішінде халық саны 212 576 адамға артқан. Бұл туралы Оinet.kz хабарлайды.

Статистикаға сәйкес, халқы 2 миллионнан асқан өңірлер қатарында Түркістан облысы мен Алматы қаласы бар. Түркістан облысында 2 148 658 адам тұрады, алайда бір жылда өңір халқы 5 383 адамға азайған. Ал Алматы қаласының халқы 2 347 924 адамға жетіп, жыл ішінде 55 869 адамға артқан.
Халқы 1 миллионнан асатын өңірлер де белгілі болды. Атап айтқанда,
Астанада – 1 638 233 адам (өсім – 109 530),
Алматы облысында – 1 596 331 адам (өсім – 36 207),
Жамбыл облысында – 1 215 373 адам (азаю – 7 018),
Шымкент қаласында – 1 293 648 адам (өсім – 37 484),
Қарағанды облысында – 1 131 287 адам (азаю – 2 646).
Елдегі халқы ең аз өңірлер қатарында Ұлытау облысы (218 993 адам), Солтүстік Қазақстан облысы (514 156 адам) және Абай облысы (595 676 адам) тіркелген. Бұл өңірлерде де халық санының төмендеуі байқалған.
Қалалық және ауылдық халық саны арасындағы айырмашылық та ұлғайып келеді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, қалаларда 13 029 803 адам тұрады, бұл бір жылда 256 688 адамға артқан. Ал ауылдық жерлердегі халық саны 7 466 172 адамды құрап, 44 112 адамға азайған.


