Жетісуда ер адам 3 жасар қызы мен әйелін аяусыз соққыға жыққан
Талдықорғанда әкенің өз отбасына күш көрсеткен видеосы әлеуметтік желіде тарады. Үш жасар бала мен анасы ауруханаға түсті, күдікті ер адам қамауға алынды деп жазады Оinet.kz.

2 ақпан күні шамамен сағат 21:00-де полицияға «102» арнасы арқылы медициналық мекемеден үш жасар баланың ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың денесіндегі жарақаттар зорлық-зомбылық белгілеріне ұқсас.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, хабар түскен бойда құқық қорғау органдары отбасының тұрғылықты мекенжайына жедел барған. Қылмыс жасады деген күдікпен баланың әкесі ұсталды. Ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы — «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сонымен қатар, бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде ер адамның әйелі мен үш жасар қызын соққыға жыққан сәті түсірілген видео тарады. Видео сипаттамасында анасы мен баласының облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені айтылған. Кадрларда денесі көгеріп, сырылған, жылап отырған әйел мен бала көрінеді.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, өзін де, баласын да сол кезде алкогольдік мас күйде болған күйеуі ұрған. Сондай-ақ ол күйеуінің өзгеретініне сенгендіктен, осы уақытқа дейін ажыраспағанын жеткізген.
Қалалық полиция желіде тараған ақпаратты растады. Қазіргі уақытта анасы мен бала медициналық мекемеде жатыр, зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.


