Министр 40 жылға шыдайтын жолдар салынатынын айтты
Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев транзиттік дәліздердегі жол жабынын дұрыс таңдаудың маңызына тоқталды.

Министрдің айтуынша, қазіргі асфальт-бетон жабыны 8 тоннаға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Алайда қозғалыс қарқыны жоғары әрі ыстық кезеңде асфальт жолдар жүктемеге шыдамай, жаз мезгілінде жүк көліктеріне күндізгі уақытта шектеу қоюға тура келеді. Бұл өз кезегінде транзиттің дамуына кері әсерін тигізеді.
Оның сөзінше, цемент-бетон жабыны ауыр салмаққа төзімді және қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.
Министр сондай-ақ республикалық жолдардағы бірқатар жаңа жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағыт Түркіменстан–Ресей дәлізінің бір бөлігі саналады. Қазір жолды төрт жолаққа дейін кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар 2026 жылы Бейнеу – Сексеуіл жобасы бойынша құрылыс басталмақ. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жолды шамамен 1000 шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын 3 күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның құны шамамен 780 млрд теңгені құрайды, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр.


