Депутат Алматыдағы 3 адам қаза тапқан жантүршігерлік апат туралы пікір білдірді
Сенат депутаты Марат Қожаев Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, полицияның жұмысына біржақты баға беруге болмайды. Депутаттың сөзінше, статистика құқық бұзушылықтардың анықталып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты жазаны күшейту туралы ұсыныстар дайындалып жатыр.
Марат Қожаев бұл бастамалар алдағы заңнамалық тыңдалымдарда қаралуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Алматыдағы жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сақтықпен қарауға шақырды. Оның пікірінше, қазіргі уақытта құзырлы органдар толық тексеру жүргізіп, заң аясында тиісті шешім қабылдайды.
Депутаттың дерегінше, жүргізушілердің басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін сақтайды. Ал шамамен 6 пайызы ғана жылдамдықты асыру, жарысу сияқты заңбұзушылықтарға жиі жол береді.
Сенатор осындай тәртіп бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды. Оның айтуынша, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тек жазаны қатаңдату ғана емес, қоғамның да жауапкершілігі маңызды.
"Әр адамның өз пікірі бар. Бірдеңе болып қалғанда ғана осылай шулаймыз. Оның алдында да айтып жатырмыз. Құқық бұзушылық көп. Өзімізге де қарайық. Президент бұл қағиданы: «Заң мен тәртіп» деп жатыр. Заңға бағынайық. Полиция еш нәрсеге көзін жұмып қарамайды. Полицияның күші мен қаржысы бәріне бірдей жете бермеуі мүмкін. Барлық жерге бірдей полицияны апарып бақылатып қоя алмаймыз ғой. Ондай құқық бұзушылар үшін ережені қатаңдату керек. Осы туралы айта бастасақ, қоғам депутаттарға бәрін қатаңдатса болды деп шығады. Бірнеше мәрте бұл туралы айтып келемін", - деді сенатор.
Сонымен қатар ол аталған қайғылы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қожаев азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, құқықтық тәртіпті нығайту баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.


