"Заңсыз көлік жарысына полицей қатысқан" деген ақпаратқа байланысты тексеріс басталды
Алматы қалалық полиция департаменті әл-Фараби даңғылында болған жол оқиғасына қатысты жаңа мәліметтерге түсініктеме берді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Ведомство өкілдері «заңсыз көлік жарысына полиция қызметкері қатысты» деген ақпаратты нақты растамағанымен, оны жоққа да шығармады. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Zeekr көлігінің жүргізушісі күдікті ретінде танылып, қазір ауруханада күзетпен жатыр. Тергеу аяқталған соң ол қамауға алынатыны хабарланды.
Сондай-ақ, анықтау жұмыстарының қысқа мерзімде аяқталмайтыны, істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеу қажет екені айтылды.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда Zeekr автокөлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes ішінде болған үш адам қаза тапты.
Аталған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Кейін әлеуметтік желілерде жол апатына себеп болған көлік заңсыз жарысқа қатысқан деген ақпарат тарады.
Сонымен қатар кейбір деректерде жарысқа қатысушылардың арасында полиция қызметкері болуы мүмкін екені айтылған. Осыған байланысты құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.


