Түркістан облысында өзенге құлаған бала әлі табылмады
Түркістан облысының Келес ауданында 2018 жылы туған баланы іздеу жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, бала 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де ойнап жүріп, Келес өзеніне құлап кеткен. Содан бері құтқарушылар мен басқа да қызмет өкілдері оны іздеуді үздіксіз жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта өзеннің 15 шақырымға жуық бөлігі су бетімен тексеріліп, 900 метр аумақ су астында қаралған. Іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің сүңгуірлері тартылған.
Іздеу-құтқару шараларына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ баланың туыстары мен еріктілер қатысуда.
Құтқарушылар Келес өзенінің арнасын Абай және Жүзімдік ауылдары маңында 42 шақырым бойы тексеріп жатыр. Іздеу барысында арнайы ілгектер мен арқандар қолданылуда. Сонымен қатар еріктілер Жүзімдік пен Қызыләскер ауылдарынан бастап Ғ. Мұратбаев ауылына дейінгі аумақты қарауда.
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел-құтқару жасағы да іздеу жұмыстарына қосылған. Олар Лесбек батыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі 9 шақырым аумақты тексеріп жатыр.
Жалпы, іздеу жүргізіліп жатқан аумақтың ұзындығы шамамен 55 шақырымды құрайды. Жұмыстарға жүзу құралдары мен бес дрон жұмылдырылған.
Іздеу тиімділігін арттыру үшін су деңгейін төмендету шаралары қолға алынған. 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюздің жұмысы тоқтатылса, 29 наурызда Өзбекстан аумағындағы «Зах» каналының шлюзі жабылды. Бұл өзендегі су деңгейін азайтып, іздеу жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.


