Қарабалиндер ісі бойынша күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

Oinet.kz 30-03-2026

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтілді.

image.png

Қазіргі таңда оған екі немесе одан да көп адамды өлтірумен қатар, бірнеше рет жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылып отыр. Тергеу аясында бұдан бөлек ұрлық және алаяқтық фактілері де қарастырылуда.

Прокуратура мәліметінше, қосымша айыптар марқұмдардың жеке заттарын иемдену және олардың мал-мүлкін сатып жіберу жағдайларына байланысты қозғалған.

Заңгерлердің түсіндіруінше, «екі және одан да көп адамды өлтіру» бір оқиға шеңберінде жасалған қылмысты білдірсе, «қайталанған кісі өлтіру» әртүрлі уақытта жасалған әрекеттерді қамтиды. Аталған екі айып та Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне жатады.

Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адам 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бойына сотталуы мүмкін. Сарапшылар істің қоғамда үлкен резонанс тудырғанын және күдіктінің елден қашуға әрекет жасағанын ескеріп, сот ең қатаң жаза тағайындауы ықтимал екенін айтады.

Сонымен қатар ұрлық пен алаяқтық баптары бойынша қарастырылатын жаза негізгі үкімге қосылады. Алайда тәжірибеде жеңілірек жазалар көбіне қатаң жазаға сіңіріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты және олардың екі ересек баласынан тұратын отбасы із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Кейін, 6 қаңтар күні олардың мәйіттері үй маңындағы қорадан табылды.

Кейін құқықтық статистика органдарының порталында күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге берілген.

Аталған іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұған дейін оқиғаның хронологиясы жарияланып, күдіктілердің Индонезия аумағында ұсталғаны белгілі болған еді. Кейін олар Қазақстанға жеткізілді.

Түркістан облысында өзенге құлаған бала әлі табылмады
Алматыда такси жүргізушісі шетелдік блогерден қызметі үшін 50 мың теңге алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу