Депутат азамат қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу уақытын өзі таңдауды ұсынды

Oinet.kz 02-04-2026

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов зейнетақы жүйесін реформалап, жасқа негізделген модельден еңбек өтіліне негізделген жүйеге кезең-кезеңімен көшуді ұсынды. Тиісті депутаттық сауал Қазақстан Үкіметіне жолданған, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Сенатордың айтуынша, елдегі конституциялық реформалар Әлеуметтік кодекс нормаларын, әсіресе зейнетақы жүйесін қазіргі экономикалық жағдай мен еңбек нарығының талаптарына сай жаңартуды қажет етеді.

Оның пікірінше, зейнетақы тағайындау азаматтың жасына ғана емес, нақты еңбек өтіліне негізделуі тиіс.

«Азамат қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу уақытын өзі айқындай алады. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, еңбекке деген жауапкершілікті арттырады», – деді Амангелді Нұғманов.

Сондай-ақ ол мұндай тәсіл Қазақстанда қазірдің өзінде әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін қолданылып отырғанын атап өтті.

Сенатор жаңа модель зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтетінін айтты. Оның сөзінше, бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Депутаттық сауалда мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесіне де назар аударылған. Қазіргі заңнамада бұл мүмкіндік негізінен мүгедектікпен байланысты болса, сенатор созылмалы және кәсіби аурулары бар азаматтарды да қамтуды ұсынды.

«Медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетке шығу құқығын енгізу әлеуметтік әділеттілікті арттырады», – деді ол.

Сонымен қатар, еңбекке қабілеттілігі қалпына келген жағдайда азаматтарға қайта жұмысқа оралу мүмкіндігін қарастыру қажет екені айтылды.

Сөз соңында сенатор реформаны жан-жақты пысықтау үшін мемлекеттік органдар, сарапшылар, кәсіподақтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

Ұсынылған бастамалар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, оны әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына бейімдеуге бағытталған.

Күмән болмасын - министрдің орынбасары Нұрайдың ісі туралы
«Өлгім келмейді»: Қарағанды облысында жоғалған бала іздестіріліп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу