Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандар Жоғарғы сотқа шағымданып, ақтауды сұрады
Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандар өздеріне шығарылған үкімге қарсы шығып, Жоғарғы сотқа шағым жолдады. 15 жылға сотталған Азамат Тоқтаубаев пен 7 жылға сотталған Дидар Қалиахметов өздерін толық ақтауды талап етіп отыр, деп жазады Оinet.kz.

Мұны әлеуметтік желіде Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.
"Қассациялық шағымды қазір ғана беруге мүмкіндік туды. Сот ертеңге тағайындалған. Сондықтан құрметті достар, бізді қолдап отырыңыздар. Атап айтқанда, 15 жылға сотталған Азамат Тоқтаубаев пен 7 жылға сотталған Дидар Қалиахметов ақтауды сұрап отыр. Әділдік әрдайым биікте болсын!” – деді адвокат.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында орын алған. 16 жастағы Шерзат Полат әкесіне дүкенде көмектесіп жүргенде пышақ қолданылған төбелеске қатысып, ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей қайтыс болған. Оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та жараланған.
Тергеуді Ішкі істер министрі жеке бақылауға алған. 5 маусымда сот тоғыз адамды кінәлі деп танып, жазаларын тағайындаған:
Абзал Шынасыл – 23 жыл,
Равиль Сакиев – 20 жыл,
Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл,
Нұрқияс Ільясов – 9 жыл,
тағы төртеуі – әрқайсысы 7 жыл.
Кәмелетке толмаған қатысушы 1,5 жылға сотталып, кейін босатылған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Тергеу кезінде белгісіз адамдар Шерзаттың отбасының үйін өртеп жіберген, ал желтоқсанда оның ағасының мәйіті табылған. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол салған.


