Депутат: Жетекші жоғары оқу орындарына Назарбаев университетіндегідей мәртебе берілу керек
Қазақстанда жетекші жоғары оқу орындарына Назарбаев университеті үлгісіндегі кеңейтілген мәртебе берілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты сенатор Ғалиасқар Сарыбаев айтты, деп жазады Оinet.kz.

Оның пікірінше, қазіргі жүйе университеттердің толыққанды дербестігін қамтамасыз етпейді. Депутаттық сауалында сенатор жаһандық білім беру кеңістігі өзгеріп жатқан жағдайда жоғары оқу орындары тек білім беретін мекеме емес, сонымен қатар ғылым, инновация және экономикалық өсімнің орталығына айналып отырғанын атап өтті.
Алайда Қазақстанда университеттердің автономиясын кеңейту бағытында қабылданған шаралар жүйелі нәтиже бермеген.
– Қабылданған шаралар уақытша сипатта. Іс жүзінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында толыққанды автономия қамтамасыз етілмеген, – деді сенатор.
Оның айтуынша, қазіргі басқару моделі университеттердің басқару, инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ғылыми жобаларды коммерцияландыру мүмкіндіктерін шектейді. Сонымен қатар әкімшілік басқару жүйесі шешім қабылдау процесін баяулатып, ЖОО-лардың жаңа технологиялық өзгерістерге жедел бейімделуіне кедергі келтіреді.
Сарыбаев жоғары білім беру жүйесіндегі институционалдық теңсіздікке де назар аударды. Оның айтуынша, кеңейтілген автономия моделі қазір тек Назарбаев универсиетінде қолданылып отыр, ал басқа жетекші университеттерге бұл тәжірибе әлі енгізілмеген.
Осыған байланысты сенатор:
– ұлттық зерттеу университеттеріне де осындай мәртебе беруді;
– автономияның сараланған моделін енгізуді;
– эндаумент-қорларды дамытуды;
– байқау кеңестерінің жұмысын жетілдіруді;
– арнайы сатып алу режимдерін енгізуді;
– кадрлық және қаржылық дербестікті кеңейтуді;
– ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен шетелдік мамандарды тартуға жағдай жасауды ұсынды.


