5 жылда 44 әкім: Жемқорлық рейтингінде әкімдіктер көш бастады
Қазақстанда соңғы бес жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот істері айтарлықтай көлемде тіркелген. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенген талдау нәтижесінде 2020-2025 жылдары 5,1 мыңнан астам адам сотта айыпталушы ретінде танылған. Олардың шамамен 3,2 мыңы – мемлекеттік қызметкерлер.

Зерттеу қорытындысы бойынша, сыбайлас жемқорлық фактілері ең көп тіркелген құрылымдар – әкімдіктер мен олардың бөлімшелері. Аталған кезеңде бұл салада 1000-нан астам қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, пара алу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану секілді құқық бұзушылықтар бойынша 44 әкім айыпталушы мәртебесіне ие болған.
Бұл көрсеткіштер жергілікті деңгейде бюджет қаражатын игеру, жер телімдерін бөлу және өзге де ресурстарды басқару барысында жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екенін көрсетеді.
Жемқорлыққа қатысты айыпталушылар саны бойынша екінші орында – ішкі істер органдары. Бұл салада 912 қызметкер сот алдында жауап берген. Үшінші орын Қаржы министрлігіне тиесілі – мұнда 180 адам осындай қылмыстармен ұсталған.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінде 146, Қылмыстық-атқару жүйесінде 133, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 104 қызметкер жемқорлық деректері бойынша айыпталған.
Ресми деректерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты органдардың өзінде де заң бұзушылықтар тіркелген. Соңғы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамындағы антикоррупциялық қызметтің 5 қызметкері сотқа тартылған.
Ал кейбір мемлекеттік құрылымдарда мұндай фактілер мүлде тіркелмеген. 2020-2025 жылдары Ұлттық банк, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің арасында жемқорлық бойынша сотқа тартылғандар болмаған.
Айта кету керек, рейтинг тек сотта айыпталушы ретінде танылған адамдарды қамтиды. Ал күдіктілер саны бұдан әлдеқайда жоғары. Соңғы бес жылда шамамен 8,4 мың адам сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген. Жыл сайын мұндай мәртебе 1,3–1,6 мың адамға беріліп отырған.
Өңірлер бойынша ең көп қылмыс Астана (124 жағдай) мен Алматы (113 жағдай) қалаларында тіркелген. Үшінші орында Ақтөбе облысы – 65 іс.


