Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті
Әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байласты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады.
— Мұхтар Шаханов — шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын! — делінген хабарламада.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) Қасқасу ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандықтарынан бастаған ол кейін журналистика және әдебиет саласына бет бұрады.
Шаханов поэзияға ерте араласып, қазақ әдебиетінде азаматтық үнді, ұлттық рухты, адамгершілік пен тарихи сана тақырыптарын көтеруімен танылды. Оның шығармаларында қоғамдағы өзекті мәселелер, тіл тағдыры, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтар жиі көрініс табады.
Танымал еңбектерінің қатарында «Өркениеттің адасуы», «Желтоқсан эпопеясы», «Танакөз» поэмалары мен көптеген өлеңдері бар. Ол сонымен бірге Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашуға белсенді араласқан қоғам қайраткері ретінде де белгілі.
Мұхтар Шаханов бірнеше рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, елдің мәдени-рухани дамуына үлес қосты.
Ол қазақ әдебиетінде ұлттық рух пен азаматтық позицияны биік деңгейге көтерген қаламгерлердің бірі ретінде бағаланады.


