«Екі ауылдың балалары бір-бірімен шайқасты»: Асхат Қалдыбай «Томирис» фильмі туралы айтты

Oinet.kz 01-10-2019 1737

684a5c32-ed89-4a2e-8c16-a6dada6743fb.jpg

Фотода Асхат Қалдыбай және Томирис рөлін сомдаған Альмира Тұрсын

Өткен аптада киносүйер қауымды көптен күттірген "Томирис" фильмі кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Көрермен бұл фильмнен көп үміт күтті. Себебі, "Томирис" - қазақ кинотарихында түсіруге жұмсалған қаржы көлемі жөнінен "Көшпенділерден" кейінгі екінші фильм атанды. "Көшпенділерге"  40 млн. доллар бөлінсе, сақ патшайымын таспалауға 10 млн. доллардай қаржы кеткен. Бұл жөнінде "Қазақфильм" киностудиясының басшысы Арман Асенов фильмнің Нұр-Сұлтандағы тұсаукесерінде мәлімдеді. 

Әрине, 10 млн. доллар Голливуд үшін түк те емес. Ал, Қазақстан үшін бұл сұрауы бар орасан көп қаражат. Қазақфильм басшысы осыны ескеріп: 

- Кезінде Кеңес Одағы тұсында "Қыз Жібекті" фильміне ат салысқан барлық адамды жазаламақ болыпты. Себебі, "Қыз Жібекке" өте көп қаржы кеткен. Енді қараңыз, Кеңес Одағы да, сондағы ақша да қазір жоқ. Ал, "Қыз Жібек" қалды, - деп кинодан ақша аямау қажеттігін айтты. Сонымен, ақша аяусыз жұмсалған "Томирис" қалай шықты? Біз Шымкенттегі кинотеатрлардың бірінде "Томирис" сеансынан шыққандардан фильм жөніндегі пікірін сұрап едік. 

Өзін Асқат Қалдыбай деп таныстарған көрермен "Томирис" тұтастай алғанда қанағаттандырғанын, дегенмен кей тұстарына көңілі толмағанын жеткізді.  

- Кинодан біздің заманымызға дейінгі аура сезіледі. Сақ жауынгерлерінің киген киімдері, пайдаланған қару-жарақ, құрал-саймандары... Декорация, бәрі керемет. Фильмге мол қаржы құйылғаны бірден аңғарылады. Ол жағына ешқандай әңгімем жоқ. Бірақ, сюжет желісіне көңілім толмады. Мен фильмнен ең бірінші Томирис пен Кирдің арасындағы соғысты күттім. Бірақ, өкінішке қарай, фильмде Томирис пен Кир арасындағы соғыс емес, екі-үш тайпаның ішіндегі саяси интригаларға көп акцент беріліп кеткен. Томирис өз әкесін өлтірген сатқындардан кек алғысы келеді. Осы мотив фильмнің бірінші бөліміне арқау болады.  Аталған бөлімде оқиғалар баяу өрбитіні соншалықты, бір сәт мызғып алдым. Бір кезде оянып кеттім. Экранға қарасам соғыс болып жатыр екен. Дұрысын айтқанда, екі ауылдың балалары бір-бірімен шайқасып жатыр. Өзім солай түсіндім. (Шайқасты көрсеткендегі минимализмді меңзеді - автор) Ана жақтан 20-30 жауынгер, мына жақтан 20-30. Көрші ауылдың балаларын Томиристің ауылы қырып салады. 

Ал, екінші бөлімде оқиғалар желісі тез жылжи бастайды. Ұйқым шайдай ашылды. Бұл бөлімде Томирис патшайым болады. Бірінші бөлімде феминизм насихатталса, келесі бөлімде Томирис дала заңы бойынша елді өзі билеу керек болғанымен, ол тақты өзінің күйеуіне береді. Режиссер осы арқылы әйел адам бірінші орынға мансапты емес, отбасын шығару керектігін жеткізгісі келсе керек. Бұнысы сәтті шықты. Томирис ұл туып, оны тәрбиелеп, ел басқарып жүрген күйеуіне керекті жерде ақыл-кеңесін айтып отырады. Бірақ, бірде ақымақ күйеуі Аргун Томиристі тыңдамай, сұм елшінің сөзіне еріп, Кирдің ордасына баруға шешім қабылдайды. Ол жақта Кир өз ұсынысына көнбеген Аргунды ұлымен бірге өлтіреді. Онымен қоймай, Томириске елші жібереді, "әйелім бол" деп. Бірақ, бұған қатты ашуланған сақ патшайымы ұсынысты қабыл алмай, Кирге қарсы шығады. Нәтижесінде Кирді өлтіреді. Кирмен болған соғысты таспалағаны жаман емес. Фильм бюджеті үшін өте сәтті шыққан деп айта аламын. "Жаужүрек мың баладағыдай" масқара көріністер бола ма деп қорыққан едім, олай болмады. Ақан Сатаев сол фильмнен кейін әжептеуір тәжірибе жинағаны байқалады. Жалпы, фильмнің минус тұстарынан гөрі плюс тұстар көп. Қазақ кинематографиясы жоғары қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады, - деді Асхат Қалдыбай.

Тұлғалар туған өңір
Құс шаруашылығын қолға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу