Нұрзина Төреханова: «Белсенді келіндер желіден табыс тауып отыр»

Oinet.kz 05-12-2019 1618

Нұрзина Төрехан - «Дара келін» жобасының жетекшісі, «Үздік СММ маманы», қазіргі қазақ келіндерінің таланттарын танытуына ықпал жасап жүрген жан-жақты журналист.

келін.jpg

- "Дара келін" жобасын ұйымдастыру идеясы қайдан келді? Жалпы жобаның негізгі мақсаты қандай?

- Қазір әлеуметтік желілер жылдам дамып жатыр. Мен де заман ағымынан қалмай интернет желісін белсенді жүргізіп келемін. «Инстаграмда» көбіне әйел адамдар отыратынын бағамдадым. Көбі бала күтіміндегі аналар. Бірі тоқыма тоқыса, бірі тігін тігіп сатады. Ақындығы бар келіндер оқырмандарын поэзиясымен сусындатып жүр. Қарап отырсам қазақ келіндері өнерлі, әлемжелі арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр, өте белсенді. Олар осы бір артықшылықтарын тек онлайн ғана емес офлайн режимде көрсетіп, өзге әйелдерге де үлгі болса несі айып. Талай аналар жұмыссызбыз деп үкіметке алақан жайып, істің көзін тапай отыр, шыны керек. Дәл сол әйелдерге үлгі болсын, шабыт берсін, қазақ әйелдері бойдағы бұғып жатқан таланттарын ашып, оны монетизациялауды үйренсін деген мақсатпен "Дара келін-2019" атты жоба дүниеге келді. Ұйымдастыру ісін мойныма ала отырып, қазақ келінін брендке айналдырғым келді. Бүгінде оларды БАҚ арқылы насиxаттап жарыққа шығарып жүрмін. Қазақ келіні киген киімі, таққан орамалы, жан-жақты іскерлігі, салт-дәстүрді ұлықтауымен брендке айналса барша қазақ қызы олардан үлгі алар еді.  

-  Бұ жобаға қай өңірдің келіндері қатысты? Олар қалай іріктелініп алынды?

- Келіндер сайысында бақ сынауға ықылас білдірген  «инстаграмдағы» үлгілі келіндердің саны жүзден асты. Арасынан 10 келін өзінің ерекшелігімен, ісмерлігімен, шығармашылығымен іріктеліп алынды. Шымкент қаласы, сондай-ақ Түркістан облысының шалғай ауылдарынан келген келіндер офлайн режимде өз өнерлерін паш етті. Сайыс 4 кезеңмен өтіп, келіндер шығармашылығын, ісмерлігін, даналығын, білімін өзара сарапқа салды. Ал Қазығұрт ауданынан келген Салтанат Абдуxамидова бас жүлдеге ие болып "Дара келін-2019" атанды. Барша қатысушылар блогерлікте өте пайдалы болып саналатын штативтерге ие болды. Айгерім Ережеп атты ісмер келіннің қолынан шыққан шашақты орамалдар "орамал тон болмайды, жол болады" деген жоралғымен қазылар алқасының иығына жабылды. Шара жоғары деңгейде өтті. Осылайша оңтүстік келіндері жарыққа шығып, көпшілікке жеке бренд ретінде танылып жатыр. 

- Алдағы уақытта, "Дара келін" жалғасын тауып жатса, еліміздің басқа өңірлерінде өткізу жоспарыңызда бар ма?

- Негізі "Дара келін-2019" сайысын тек осы жылы ғана ұйымдастырып өткіземін дегенмін. Бірақ қазақ келіндері жан-жақтан жазып, жобаға қызығушылық танытып жатыр. Қатысқысы келетінін айтып өз өнерлерін ұсынуда. Мұндай аса зор қызығушылық болады деп күткен жоқпын. Келесі жылы да ауқымын кеңейтіп, жоғары деңгейде өткізгім келеді. Бірақ, биылғы сайысты демеушісіз, ешкімнің қолдауынсыз өткіздім. Келіндер өз-өздеріне демеуші, қолдаушы болды. Сондай-ақ, Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасына қосқан азаматтық үлесім болсын деп осы бір игі істі бастап кеткен болатынмын. Жобаның қоғамға берер құндылығын жете түсіндім, отбасы институтын дамытуға тамшыдай болса да үлес қоса алатынымды ұғындым. Бұл тендердің іс-шарасы емес, қаржылық тұрғыда әрине, жалғыз адамға ауыр болары сөзсіз. Егер демеуші тауып жатсам міндетті түрде жобаны жалғастырамын. Тәжірибе бар, қатысуға ниеттілер өте көп, жоба ауқымын кеңейтуге әбден болады. 

- Жалпы, қазіргі жас келіндердің әлеуметтік желіні пайдалануына көзқарасыңыз қалай? Кейде, «вайн» түсіріп артық кетіп жататындары да бар!? 

- Жас келіндер әлеуметтік желіде бар, бола да бермек. Белсенді келіндер желіден табыс та тауып отыр. Ал «вайн» түсіретіндер қаралым жинауға мүдделі, қаралым көп болса интернеттегі табысы да артады. Жалпы, «инстаграмдағы» келіншектер образ дегенді меңгерді. «Вайндары» арқылы олар белгілі образға ие болса, өмірде мүлдем басқаша. Яғни, оқырманға қалай да өтімді болу үшін актерлік шеберлікті қоса меңгеріп жатыр. Бойларында бұғып жатқан таланттарын ашып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. 

келін 2.jpg

- Жеке өзіңіздің шәкірт тәрбиелейтін курсыңыз бар екен. Сол жөнінде айтып өтсеңіз?

- Мен өзімді заманауи журналистпін деп айтар едім. Себебі интернеттің ықпалын дер кезінде түсініп, қосымша ізденіп білім алдым. Қазір журналист қана емес, SMM маманымын. «Инстаграмдағы» "Асыл шаңырақ" жобасының нұсқасы бойынша "Үздік SMM маманы" титулын жеңіп алдым. Әлеуметтік желіде журналистикалық курстар, smm курстарын жүргіземін. Сабақ берудегі озық әдістемем мені өзге әріптестерімнен ерекшелендіреді. Менің шәкіртім деп Алтынай Маликаждарованы айта аламын. Ол 11 сынып оқушысы, болашақ журналист. Республикалық деңгейде танымал жас өрен. Кеше ғана Елбасының "Ел үміті" фестиваліне арнайы шақырылып, марапат алып қайтты. 100 жаңа есім жобасының үміткері. Менің шәкірттерім осал емес, нағыз бәсекеге қабілетті жастар. Шәкірттерім тек жастардан тұрмайды. Мәселен smm курсымда менен үлкен шәкірттерім де көп. Олар желіде парақшаларын дамытып, табыс тапқылары келеді. Менің курсым арқылы олар бүгінде танымал блогерлерге айналып келе жатыр. Мәселен @myotmosfer1 парақшасы бестселлер кітаптарға рецензиялар жазып, өз оқырмандарын тауып үлгерді. Арайлым өз парақшасын курсымда оқып жүргенде ашқан болатын. Енді қазақ тілді рецензиялар парақшасына айналып отыр.  Мұндай мысалдар көп, және бұл маған ұстаз ретінде үлкен шабыт сыйлайды.

- Өзіңіз де бір әулеттің келіні боларсыз? Ізіңізді басып келе жатқан болашақ бір әулеттің ұйытқысы болатын қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз!? 

- Мен бір әулеттің үлкен келінімін. Жұбайым, балам бар. Журналистикадан бөлек қоғамдық жұмыстармен белсене айналысып жүргенім отбасымның арқасы. Ата-енеме үлгілі келін болуға тырысып келемін. Менімен мақтанғандарын қалаймын. Отбасымда үйлесімді сақтауға тырысамын. Ол үшін қосымша әдебиеттерді де көптеп оқыдым. Ата-енеммен, қайынжұртпен арадағы сыйластығым - мен тарапымнан жасалған оң қадамдар мен дана шешімдердің арқасы шығар. Адам ең алдымен өзінен бастауы керек қой. Ата-анамның берген тәрбиесі ма, мен барынша адамдармен ашықпын, көпшілмін. Келін деген ақжарқын, кішіпейіл, дана болуы керек. Сонда отбасында мереке мен береке орнап, тыныштық сән-салтанат құрмақ.

Нұр ЖІГЕРЛІ

Дүйсенәлі Әлімақын: «Жастарға көз қырын салатын аға буын азайып кетті»
Алмат Тұрысбекұлы, кардиохирург: «Өзімнің жүрегімдей қайда маған...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу