Дана Молжігіт: «Германияда студент ұстазымен жанашыр досындай сырласады»

Oinet.kz 05-12-2013 749

Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатқан қазақ жастарының қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі Германияның Ахен қаласында білім алып жатқан Дана Молжігіт. Киелі Жетісу өңірі, мәдениеттің ошағы Алматы қаласында туып-өскен ол Б. Атыханұлы атындағы №36 лингвистикалық гимназия мектебін бітірген. Орыс, ағылшын, корей және неміс тілдерін жетік меңгерген. Шалғайдағы Данамен агент арқылы тілдескен болатынбыз.  

Screenshot_1.jpg

- Дана, оқуыңды шетелде, соның ішінде Германияда жалғастыруыңа не себеп болды?

- Мен Еуропада оқуды бала күнімнен армандадым. «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегері атануды асыға күтіп жүрген едім. Өкінішке қарай  мектепті бітірген жылы   «Болашақ» бағдарламасының бакалавр бөлімін жауып тастады. Аздап қынжылғаныммен Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Интерьер дизайны» мамандығына оқуға түстім. Бала күнгі арманым текке  кептепті, Алла мақсатыма жетуге екінші мүмкіндік берді. Әлі есімде екінші курста оқып жүргенімде академияда шетелде білімімізді жалғастыру үшін беделді жоғары оқу орындарына жолдама алуға конкурс өтті. Бірінші кезекте мамандығымыз бойынша жасаған жұмыстарымызға баса мән берді. Нәтижесінде менің туындыларым үздік деп танылып, Германияға бір жылға оқуға жіберді. Сол сәтте қуанышымда шек болмады. Қазір Ахен қаласындағы Aachen техникалық университетінің   «Архитектура және дизайн»  факультетінің студентімін.  Ахен  қаласы Германия, Бельгия және Нидерланды мемлекеттерімен шекаралас жатқан әсем, көрікті қалалардың бірі. 

- Тамаша мамандықты таңдағаныңа қарағанда өнерлі қыз болдың ғой?

- Конкурс барысында  аталмыш университеттің мамандары менің туындыларымды көргенде риза болған. Негізінен өнерлі отбасынан шыққанмын. Нағашы әжем он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері болған. Кішкентайымда әжемнің жасаған дүниелеріне қызығып отыратынмын.  Әкем де суретті керемет салады. Нағашы жұртымнан да суретшілер аз емес.  «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» дегендей мен де суретші, дизайнер болуды армандадым.  Туыстарымның Алла берген дарыны маған да дарыса керек, қазір ел қызығатындай сурет түсіру, дизайнерлік қабілетім бар. Сондай-ақ, кітап оқығанға жаным құмар. Әсіресе қиял-ғажайып жанрындағы шығармаларды. Мұндай шығармаларды көп оқыған адамның ойлау қабілеті, қиялы ерекше дамиды. Ал шығармашылық жандар үшін бұл ең керекті қасиеттердің бірі деп есептеймін. 

- Сабақ кестесін  біле отырсақ...

- Еуропада білім жүйесі мүлдем өзгеше. Шынымды айтсам неміс жастарының таңнан кешке дейін сабақ оқығандарын көріп,  қатты таң қалдым. Мұнда бірінші, екінші курстан кейін студент қызықтыратын  пәндерін өзі таңдап, сабақ кестесін ыңғайына қарай құрап алады. Бұл өте тиімді жүйе. Өйткені жастар өзі қалаған пәндерін беріліп оқып, терең зерттеуге тырысады. Тағы бір қызығарлық жүйе студент пен оқытушының арасындағы қарым-қатынас. Оқытушылар шәкірттерге барынша мейірімді, ашық-жарқын болып келеді. Сабақ барысында ұстазбен емес жанашыр досыңмен әңгімелесіп, сырласып отырғандай боласың.  Студенттің ортада өзін емін-еркін сезініп, ойын ашық жеткізе білгені оның одан әрі қарай пісіп-жетілуіне үлкен әсерін тигізеді. Дәрістеріміз неміс тілінде өтеді. Мен неміс тілін осында келіп үйрендім. Тілді тез меңгеріп, жат жерге сіңісіп кетуіме осы ұстаздардың  көмегі көп  тиді.  Жалпы Германия студенттердің сапалы білім алуларына, шығармашылықтарын қалыптастыруға  барлық мүмкіншілікті жасап қойған. Мәселен қазір мен голландық мұғаліммен бірге алып компанияға арнап  жоба дайындап жатырмын. Егер жобамыз сәтті аяқталса, қабыл алса қолданысқа енгізетін шығар. Сондай-ақ Хорватия мемлекетінен келген досым екеуміз Франкфурд қаласында өтетін көрмеге қоятын жобамызға қызу дайындалып жатырмыз.  

- Неміс жастарының бойындағы қандай қасиеттерді ұнаттың?

- Неміс халқының жастары «суық»  келеді. Өзің ашылып сөйлемесең, сені жақын тарта бермейді. Бірақ өте мәдениетті, «рахмет» деген сөзді жиі айтады. Ал жалпы халқы өте ұқыпты, барлығын уақытысымен орындайтын, бір минут кешігуді білмейтін адамдар және өзгеге көмектесуге құмар болып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік заңдарын қатал ұстанып, қадірлейді. Сонда да қазақтың дархан жүректі адамдарына жететін жан жоқ қой. Мұны өз елінен алыста жүргендер көбірек сезінеді екен.      

- Әр ұлттың жастары бір ұяда білім алып жатқандықтан, келіспеушіліктер болып тұра ма?

- Жоқ. Керісінше бәріміз бір-бірімізді қорғап, демеп жүреміз.  Топтағы  Америка, Австралия, Ресей,  Испания тағы да басқа мемлекеттерден  келген жастар қазір бір отбасының балалары секілді өмір сүруде. Мен тобымдағы  Орта Азия елдерінен келіп, білім алып жатқан жалғыз студентптін. Сондықтан құрдастарым менен  Қазақстан жайлы сұрап жатады. Араларында Астана мен Алматы қалаларын білетіндері де бар екен. Ал кейбірі  «Борат» фильмінен танитындарын айтқанда кәдімгідей ашуланып қаламын. 

- Немістің әдебиетіне қызығасың ба, қандай ақын-жазушыларын білесің?

- Германия музыка, көркем әдебиет және театрымен танымал ел. Неміс топырағында аты әлемге мәшһүр Бетховен секілді ұлы тұлғалар дүниеге келген. Ақын-жазушыларынан Гетені, Анна Франкты, Герман Гессені танымайтын адам жоқ шығар.  Өзім Зюскинд Патриктің  «Парфюмер» атты шығармасын жақсы көремін. 

- Шетелде қалғың келе ме?

- Жоқ, Отаныма қайтамын. Бірақ алдымен тәжірибе жинақтап, өз ісімнің нағыз  маманы болып, үлкен беделмен оралғым келеді. Германия менің жүрегімді жаулап алған мемлекет. Мұнда бәрі керемет. Алайда әр адам өз атамекенінде, туып-өскен жерінде ғана бақытқа жетеді деп ойлаймын.  

- Болашаққа құрған жоспарларың қандай?

- Өнер менің  өмірім және махаббатым. Алға қойған арман-мұраттарым өте көп. Соның негізгісі осы саланы, осы өнерді дамытып, атақты студияларда еңбек еткім келеді. Данышпан Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп айтқандай туған жеріме өз кірпішімді қалағым келеді. 

- Сұхбатыңа рахмет. Саған сәттілік тілеймін!

Арман Оспанов, самбодан әлем чемпионы: «Қажымұқанға жетер мықты жоқ»
Бейбарыс Серікбаев: «Әкеме еліктеп өстім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу