Дулат Үдербаев: «Глаукоманың соңы соқырлыққа әкеп соқтырады»

Oinet.kz 27-07-2018 1310

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмологиялық бөлімшесінің құрамында №3 кеңес беру-диагностикалық емханасы мен 3 бөлімше бар. Кеңес беру-диагностикалық емханасында жыл сайын 20-22 мың тұрғынға емханалық кеңес беру қызметі көрсетіледі. Одан бөлек 3 бөлімшеде 3800-4000 науқас стационарлық ем қабылдайды. Қазіргі таңда мұндағы білікті дәрігерлер 27 түрлі микрохирургиялық және лазерлік отаның 10 түрін меңгерген. Талай жанның жанарына «жан бітірген» бөлімше қызмет көрсету көлемі жөнінен елімізде Алматы қаласындағы көз аурулары институтынан кейін екінші орынды иемденеді. Осы орайда аталған мекеменің тәжірибелі офтальмологі Дулат Үдербаевпен көз аурулары жайында әңгіме өрбіткен едік.  

афтольмолог.jpg

– Дулат Өмірзақұлы, көз адамның шамшырағы деп жатамыз. Өкінішке қарай қазіргі таңда айналамызда көзілдірік таққан және мүлдем көрмейтін адамдардың қатары көбейіп келе жатқан секілді. Айтыңызшы, бүгінде белең алып тұрған көз аурулары қайсы және олардың көбею себептері неде?

– Көз ауруларының мыңнан астам түр бар. Солардың ішінде қоғамды алаңдатып отырғаны глаукома дерті. Көздің ішкі қысымының артып кетуінен туындайтын  ауруды қазақтар суқараңғы деп атаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлемдегі жасы 40-тан асқан адамдардың 2 пайызында глаукома кездеседі екен. Емделмеген глаукома 4-6 жылдың ішінде соқырлыққа алып келеді. Аталған дерттің ыңғайсыз тұстары өте көп. Біріншіден, суқараңғылық алғашқы сатысында мүлдем білінбейді. Науқас көз ауруына ешқандай шағым айтпауы мүмкін. Екіншіден, глаукома диспансерлік есептен ешқашан алынбайды. Яғни, аталған дерт науқастан анықталса ол  өмір бойы есепте тұрады. 2011 жылдан бастап суқараңғы скринингтік тексерулерге жататын аурулар қатарына қосылды. Қазір елімізде жасы 40-тан асқан тұрғындарды жыл сайын міндетті тексеруден өткізіп тұрамыз. Бұл өз кезегінде ауруды алғашқы сатысында анықтауға жол ашып отыр. Офтальмолог дәрігерлердің арасында мынадай мақал бар: «Глаукома алғанын қайтып бермейді». Мұның мәні мынада: суқараңғы диагнозы анықталып, ем тағайындалғанға дейін көздің көру өткірлігі, көру аумағы секілді функциясын қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Дәрігерлер нашарлаған көз функциясын одан әрі төмендетіп алмау үшін ем-дом жүргізеді. Сондықтан глаукоманы алғашқы сатысында анықтау өте маңызды. Дерттің әлеуметтік маңыздылығына байланысты ауру қай аудан, қаладан табылсын міндетті түрде кеңес беру-диагностикалық емханамыздағы өңірдегі жалғыз глаукома кабинетіне жіберіледі. Мұнда мамандарымыз диагнозын тереңірек тексеріп, нақтылап береді. Глаукоманы емдеудің үш сатысы бар. Олар көз тамшылары, лазерлік және соңғы қадам хирургиялық ота.  Қазіргі таңда облыс бойынша аталған диагнозбен 9 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Жылына шамамен 300-400 адам қосылып жатыр.

Ел ішінде белең алып тұрған тағы бір кесел – катаракта. Қазақша айтқанда көзді шел басу, көзге ақ түсу. Көздің ішінде екі жағы да дөңес, линза сияқты көздің бұршағы бар. Ол қалыпты жағдайда мөлдір болады. Ал қырықтан асқанда көздің нұры тая бастайды. Сөйтіп көз бұршағын ақ басады. Бұл – табиғи заңдылық. Одан бөлек кейбір сәбилерде бұл кесел туабітті пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ түрлі жарақаттардың әсерінен көздің бұршағы зақымдалады. Катаракта сонымен қатар қант диабеті мен бүйрегі ауыратын адамдарда жиі кездеседі. Катарактаның түпкілікті емі операция. Қазір мамандар көздің ақ басқан бұршағын алып тастап, жасанды бұршақ салу арқылы емдейді. Осылайша ота арқылы көздің көру қабілетін қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Бір айта кетерлігі, мен еңбек жолымды енді ғана бастап жүргенімде катаракта кеселі алпысты алқымдаған қарияларда ғана кездесетін. 45-50 жастағы адамдар сирек ауыратын. Ал қазір көзге ақ түсу 45-50 жастағыларда да жиі кездесуде. Біз ғылыми-техникалық прогресті бастан кешіп отырмыз. Күн сайын жаңа заттармен жанасамыз. Тұтынып жүрген тұрмыстық заттардың барлығының құрамында химиялық қосылыстар кездеседі. Оның үстіне атмосферадағы озон қабаты күн санап жұқарып, тесіліп жатыр. Соның салдарынан ультракүлгін сәулелер жерге көбірек түсіп, денсаулығымызға зиян келтіруде. Міне, осы факторлардың барлығы катарактаны «жасартып» жіберді. 

Бүгінде адамдардың өмір сүру жасы ұзарып келеді. Ал адамдардың өмірі ұзарған сайын егде адамдарда кездесетін макулодистрофия дерті де өсіп отырғандығы байқалады. 

– Тұқым қуалайтын көз аурулары бар ма?

– Ондай аурулар кездеседі. Мәселен, миопияға (алыстан көрмеушілік) шалдыққан жігіт өзі секілді қызға үйленетін болса олардан туылған баланың миопияға шалдығу мүмкіндігі жоғары болады. Алайда мұны тілекей тұқым қуалайтын ауру деп санауға болмайды.

– Аяғы ауыр келіншек дұрыс күтінбесе, бұл жағдай  іштегі шарананың көз жанарына кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Егер әйел жүктілік кезінде жедел аурулармен (токсоплазмоз) қатты науқастанған болса немесе жазатайым жағдаймен құлап қалса, ол ұрыққа, соның ішінде көз жанарына әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ көзілдірік тағатын келіншектер босанудан алдын көз дәрігеріне тексеріледі. Жүкті пациенттің көзінде миопия орта және жоғары сатысында болса көбінесе кесарь тілігін жасатуына тура келеді. Өйткені келіншек толғақ қысып қатты күшенгенде көзінің тор қабаты орнынан сылынып кетуі мүмкін.

– Бүгінде мектеп парталарынан көзілдірік таққан оқушыларды көп көреміз. Айтыңызшы, балалардың көз жанары неге әлсіреп барады?

– Статистикалық мәлімет бойынша елімізде мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған оқушылардың 5 пайызы көзілдірік тағып барады екен. Ал оқуды бітіргенде олардың үлес салмағы 5 пайыздан 35 пайызға дейін өседі.  Балалардың көзілдірікке тәуелділігінің 7 есеге артуы әрине алаңдатарлық жәйт. Қазір Жапонияның 70 пайызы көзілдірік тағады. Вьетнам, Қытай, Корея секілді елдерде әрбір екінші баланың көзі нашар көреді. Жақыннан көргіштік кеселіне душар болған. Өкінішке қарай, бізде де осындай жағдай қалыптасуда. Көз ауруының балаларға «шабуыл жасауының» басты себебі көру гигиенасын сақтамауынан. Теледидар, смартфон, компьютерді тым жақыннан, жиі пайдалануынан көздің жұмысы бәсеңдейді. Кейде бала көзінің нашар көретінін ұялып айтпайды. Сондықтан ата-аналарға айтарым: ұл-қызыңызды бірінші сыныпқа алып барарда денсаулығын толық тексеруден өткізіп, көзінде ақау болса дер кезінде емдетіңіздер. Сіз баланы мектепке беру арқылы оны білім бәйгесіне қосып отырсыз. Егер бала тақтадағы сызу-жазуды көрмесе, әлбетте сабағы нашарлайды. Осыдан кейін сіз ұлыңыздан «жақсы оқы» деп қалайша талап ете аласыз?! Халқымыз «екі көзің – шырағың, екі аяғың – пырағың» деп бекер айтпаған. Ұрпағыңыздың, өзіңіздің шырағыңыздың сөніп қалуына жол бермеңіздер. 

– Көздің қылиғы кесел ме, әлде қалыпты жағдай ма?

– Көздің қылилануы кеселдің бір түрі. Ол бір көздің екіншісіне қарағанда көру қабілетінің тым төмен екенін білдіреді. Екі көз тең болмағасын әлсізі ішке немесе сыртқа қисайып кетеді. Қыли көздерді операциялық жолмен қалпына келтіруге болады. Көздің қылилануы емнің кеш басталғандығын білдіреді.

– Қазір әлемде жүрек, бүйрек, бауыр ауыстыру оталары сәтті жасалып келеді. Сол секілді көзге трансплантация жасауға бола ма?

– Әлемдік медицина тәжірибесінде әлі күнге дейін көз толығымен ауыстырылған емес. Ол өте қиын операция. Медицина қарыштап дамып келе жатқандықтан көз трансплантациясы мүмкін болашақта жасалынар, кім білсін? Бірақ, мамандар көздің мүйізді қабатын ауыстырып жатыр. Көздің бұршағын біздің ақ халаттылар да алмастыруда.

– Әлемнің кереметін тамашалуға мүмкіндік беретін көз нұрынан айырылғаннан өткен қасірет жоқ шығар. 42 жылдық тәжірибеңізде тағдыры жаныңызға батқан пацинеттер болған шығар...

– Күн сайын қаншама пациентті қабылдап жатамыз. Олардың тағдырлары да әрқилы. Әрқайсысын есте сақтап қалу мүмкін емес. Дегенмен бұл оқиғаның өткеніне талай жыл болса да алғабастық жігіттің тағдыры жадымда қалып кетіпті. Әскери комиссариаттың жүргізуші курсында оқып жүрген жігіт қолына көлік жүргізу куәлігін алған күні қайғылы жағдайға душар болады. Нақтырақ айтқанда оның көзіне темір кіріп кетеді. Сол күні менің кезекшілігім еді. Науқасқа ота жасап, көз алмасын сақтап қалдық. Алайда жігіттің бір көзі көрмей қалды. Ол сол күйі әскерге де бара алмады, оқыған мамандығының қызығын да көре алмады. Тепсе темір үзетін шақта жігіттің мүгедекке айналғаны мені қатты толғандырды.

– Ғалымдар жағымды заттарды көргенде адамның қарашығы 45 пайызға дейін ұлғаяды дейді. Келісесіз бе?

– Келісемін. Жағымды эмоциялар біздің көру қабілетімізді аз да болса жақсарта түседі. Қуанғанда көзіміз жайнап кетеді емес пе? Міне, сол кезде қарашығымыз ұлғаяды.

– Ғарышкерлер гравитацияның әсерінен ғарышта жылай алмайды екен. Рас па?

– Ғарышта адамның көзінен мөлт-мөлт жастың ақпайтыны рас. Бірақ бұл мүлдем жас шықпайды деген сөз емес. Себебі адамның көзі құрғақ тұруы мүмкін емес.  Көз әрдайым жасқа шыланып тұрады.

– Маман ретінде тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

– Дания секілді Еуропаның кейбір елдерінде кардиологтар азайып жатыр. Өйткені қажеттілік аз. Демек жүрек аурулары сиреген. Көз аурулары әлем бойынша көбейіп келе жатқандықтан офтальмологтар туралы бұлай айта алмас едім. Көз – Алланың сыйы. О дүниеге барғанда Жаратушы бізден «Денсаулығыңды қалай күттің?» деп сұрайды екен. Әрбір адам денсаулығын Алланың сыйы деп қабылдап, оған күтім жасаса біраз аурудың алдын алуға болады. Мемлекет тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында барлық жағдайды жасап жатыр. Тегін тексерілуге мүмкіндік беруде. Осы ретте облыс, қала халқына көзіңіз ауырсын, ауырмасын жыл сайын тексертіп тұруға кеңес беремін. 

Сұхбаттасқан Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Марат Пашимов: «Ірілендіру – уақыт талабы»
Бақытжан Мырзагелдиев, дәрігер: «Молдаларға заңмен тиым салмаса болмайды!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу