Марат Ахметжанов: «Атқарушы орган нәтижеге емес қалайда ақшаны игеруге бас қатырады»

Oinet.kz 10-07-2009 864

Screenshot_2.jpg

Марат Ахметжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры:       

 «Әскер қатарындағы азаматқа даярлау курсын оқыттық деп ақша шығындаған»

- Марат Мұратұлы,  Елбасы дағдарыс кезінде жұрт жұмыссыз қалмас үшін бар мүмкіндікті қарастырып отыр. Оның жергілікті жерлердегі орындалу барысы қандай?

- Шыны керек, біздің облысымыздағы ахуал көңіл көншітерліктей емес. Оны соңғы уақыттағы жұмыссыздар санының артуы мен еңбек құқықтарының жиілеуінен аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылдың алғашқы 4 айында жұмыссыздар есебінде 8818 азамат тіркелсе, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде олардың қатары 15 326-ға жетіп, 58 пайызға дейін көтеріліп кетті.  Бұдан бөлек 1236 жұмысшыға 64 миллион теңгені құрайтын жалақысын төлемей отырған 8 кәсіпорын бар. Шымкент қаласындағы бір «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның өзі 600 жұмысшысына 6 миллион теңге жалақысын бере алмай отыр. Жалақысына  уақтылы қол жеткізе алмайтын болса, олардың жұмыссыздардан қандай айырмашылығы болмақ? 

- Мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жоюға көп көңіл бөлініп, қаржы да қаралып жатыр емес пе?

- Оныңыз рас. Өткен жылы облыс халқын жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау масатында 238 миллион теңге қаражат қаралса, үстіміздегі жылдың 4 айының өзінде бюджеттен 51 миллион теңге бөлінген. Алайда, азаматтардың еңбек құқығын қамтамасыз етуге міндетті мемлекеттік органдар тарапынан нақты нәтижеге емес, қаржыны игеруге ғана баса көңіл бөлетіндіктері байқалады. Сөзім дәлелді болу үшін тағы да мысалға жүгінейін. 2008 жылы Шымкент қалалық жұмыспен қамту бөлімімен 600 азамат кәсіптік оқуға және қайта даярлауға жолданған. Нәтижесін қараңыз: 263 тұлға жұмыспен қамтылса, қалған 337 адам әлі күнге дейін жұмыссыз жүр. Түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмесе, халықтың төлеген салығынан құралатын ортақ қоржындағы қаржыны желге шашудың қандай қажеттілігі бар? Демек, бұл жерде шын мәнінде жұмысты қажет етіп жүрген жұмыссыздар, дағдарыстың зардабын сезінгендер емес, кез-келген азамат қабылдана берген деген тұжырым жасауға негіз бар. Басқаша айтқанда, арнайы зерттеу жүргізіліп, нақты мониторинг жасалмаған. Бұл жергілікті атқарушы органдардың кемшілігі. Соның салдарынан бөлінген қаражат құмға сіңген судың  күйін кешкен. Нәтиже жоқ. 

  Отырар ауданында орын алған келеңсіздік тіптен сорақы. Аудандық жұмыспен қамту бөлімімен өткен жылы еңбек нарығында сұраныс болмаса да 50 жұмыссызды көлік жүргізушісі, компьютер операторы және құрылыс шебері мамандықтарына 3,5 миллион теңгені шығындап оқытқан. Алайда, сол азаматтардың бірде біреуі тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Сонда оларды не мақсатта оқытқан? Енді мәселенің екінші жағына үңілейік. Аталған бөлім қызметкерлері «В,С» категориялы жүргізуші мамандығын даярлау үшін қашықта жатқан облыс орталығы – Шымкенттегі №2 кәсіптік лицейге әкеліп оқытқан. Мұндағы оқыту курсының құны 107 000 теңге. Ал дәл осы категориядағы жүргізушіні даярлайтын лицей аудан орталығы – Шәуілдір селосында да бар. Ондағы оқыту құны 15 000 теңге. Айырма 92 000 теңге. Бөлім қызметкерлері иек астындағы 15 мың теңгелік курста емес, шалғайдағы 107 мың теңгелік курста оқытқанды дұрыс көріпті. Сонда қараңыз, 20 азаматтың әрқайсысына 92 мың теңге артық шығын шығаруға жол бермегенде 1 840 000 теңге бюджет қаржысын үнемдеуге болатын еді. Мұны салғырттық деп қана қарауға болмайды, бұл бюджет қаражатын босқа шашатын қауіпті құбылыс. 

Ал енді мына келеңсіздікті қараңыз, Г.Көлбаевты компьютер операторы ретінде оқыттық деген мезгілде ол азамат шын мәнінде әскер қатарындағы борышын өтеп жүрген болса, Б.Әшірханов деген тұлға Алматы қаласында жеке шаруаларымен шұғылданып жүрген. Бұл бармақ басты, көз қыстының нақ өзі емес пе? Жалпы Отырар ауданында 8 азамат кәсіптік даярлықтан өтпегеніне қарамастан, оларды оқытуға міндеттеме алған 3 заңды тұлға және аудандық жұмыспен қамту бөлімі арнайы даярлықтан өткені туралы жалған актілер түзіп, бюджет қаржысын ысырап еткен. Прокурорлық шаралар нәтижесінде 426 000 теңге мемлекетке кері қайтарылды. Сондай-ақ, тұрақты жұмысы бар, тіпті, шаруа қожалығының төрағасы қызметін атқаратын азаматтарды жұмыссыздар қатарына тіркегені туралы 9 шешімнің күші жойылды. Әрине, мұндай көрінеу келеңсіздікке жол берген азаматтар жауапсыз қалмайды. Тікелей қатысы бар азаматтардың ісі қаржы полициясына тапсырылып, сала басшыларының үстінен облыс әкіміне ұсыныс түсірілді. Ұсыныс нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. 

- Елбасының жаңа бағдарламасы – «Жол картасы» бойынша да қыруар шаруалар атқарылуда. Мұнда да «бал ұстаған бармақ жалайдының» кері келіп отырған жоқ па? 

- «Жол картасы» бағдарламасының шарты бойынша жаңадан ашылған кәсіпорын жұмысшыларының 80 пайызы Қазақстан азаматтарынан құралуы тиіс. Бірақ, бұл талап барлық жерде бірдей сақталып отырған жоқ. Прокурорлық тексеру барысында кейбір кәсіпорындар жұмысшыларының 50 пайыздан астамы шетел азаматтары екені анықталды. Прокурорлық наразылық негізінде олар жұмыстан босатылып, ел аумағында жүруінің заңдылығы тексерілді. Соның нәтижесінде заңсыз келген бірқатар шетел азаматтары ел аумағынан аластатылды. Олардың орнын жұмыссыз жүрген жерлестеріміз алмастырды. Мұндай тексерулер әлі де жалғасын табуда. 

- Бұл мәселеге жергілікті атқарушы орган да жауапты болуы керек шығар?

- Әрине. Жергілікті атқарушы орган, оның ішінде Абдулла Ахметов басқаратын облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қолдау департаментінің тікелей міндеті. Ал Балтабек Абылаев басқаратын облыстық көші-қон полициясы басқармасы болса шетелден келген азаматтардың құжаттарын тексеріп, олардың қаншалықты заңды жүргенін, қандай себеппен келгенін, қалай жұмыс істеп жатқандықтарын анықтаулары тиіс. Өкінішке қарай, осылардың бәрін анықтау прокурорларға ғана керек секілді. Жақында өткен алқа мәжілісіне жоғарыда аты аталған лауазымды тұлғалар шақырылды. Олар қойылған сауалдарға нақты жауап бере алмады. Өздерінің кемшіліктерін мойындады. 

- Марат Мұратұлы, облыстық прокуратураның тізгінін қолыңызға алғалы Сізге деген жылы лебіздер жиі айтылады. Оны еңбегіңізге берілген халықтың бағасы деп білген жөн. Әрине, еңбегіңіз осы бағытынан айнымасын, дегенмен, әр аймақтың өз менталитеті болатынын ескере отырып, оңтүстіктің болашағын қалай елестетер едіңіз? Прокурор ретінде емес, елдің тағдырына жанашыр патриот ретіндегі ой-пікіріңізбен бөлісіңізші.

- Дұрыс айтасыз, әр аймақтың өзіне тән ерекшелігі бар. Соңғы санақтың алдын-ала болжамы бойынша республика халқының 16-17 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында тұратыны белгілі болып отыр. Сол секілді қазіргі туылып жатқан әрбір бесінші нәресте осы облыста дүниеге келеді екен. Нақты айтар болсақ, 2008 жылғы мәліметтер бойынша республикада 359300 нәресте туылған болса, соның 575596-сы біздің облыста дүниеге келген. Бұл жалпы туылған сәбилер санының 21 пайызы деген сөз. Бұл үлкен көрсеткіш. Қазақстанның даласы кең, жер қойнауы табиғи байлыққа толы. Бірақ, кез-келген мемлекеттің басты байлығы минералды ресурстары емес, адам ресурсы. Осыны дәл көре білген Елбасы еліміздің болашағы үшін түрлі бағдарламаларды қолға алып, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізуге бар күш-жігерін салып жатыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, еліміздің болашағы саналатын балалардың әрбір бесіншісі мекендейтін өңіріміздің ахуалы бүкіл елдің болашағына тигізер әсері мол. Ендеше олардың денсаулығы, білім сапасы қандай? Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының оңтүстікке деген көзқарасы ерекше. 100 мектеп пен 100 аурухананың басым бөлігі біздің облыста бой көтеріп жатқаны осының дәлелі. Алайда, көрсетіліп жатқан қыруар көмектің жергілікті жердегі орындалуы қандай? Салынып жатқан мектеп пен аурухананың, беріліп жатқан білімнің сапасы қандай? Бөлінген қаржының игерілуі ше? Ана мен бала өлімі азайып жатыр ма? Міне, мені бірінші кезекте толғандыратын мәселе осы. 

Мұны айтып отырған себебім, прокурорлық тексерулер барысында осы бағытта бірқатар кемшіліктерді кезіктірдік. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органның, лауазымды адамдардың, шенеуніктердің алдына қойған бірінші мақсаты – қаржыны қалай да игеріп, жоғарғы жаққа есеп беру ғана. Ал оның жүзеге асырылу барысы, тиімділігі, нәтижесі, салынып жатқан құрылыстың сапасы секілді ең маңызды дүниелер соңғы орынға ысырылып қалуда. Әйтпесе, соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша бір денсаулық саласының өзіне қаржы бөлу көлемі үш есеге артқан. Соған байланысты азаматтардың денсаулығы жақсарып, ана мен бала өлімі, қауіпті аурулар осынша есеге азайды деп айтуға болады ма? Жоқ. 

Жаңағы айтқан 100 мектептің біздегі салынып жатқан 39-ына байланысты көптеген кемшіліктер орын алды. Кейбірінің, тіпті, салынатын орнының өзі дұрыс таңдалмаған. Ол жерден жеке меншіктің учаскелері де кездесіп, ғимарат түсетін орынның астынан газ құбыры шығып жатыр. Демек, ол жерге құрылыс жүргізуге болмайды. Көпке дейін жобасы дайын болмаған жайттер де орын алды. Осы кемшіліктердің бәрі мерзімнің бұзылуына себеп болады. Мерзімнің бұзылуы асығыстыққа, ол сапаға әсер етеді. Бұл жергілікті атқару органдарының дайын еместігін көрсетеді. 

Мердігер компаниялар тарапынан да олқылықтар жиі байқалады. Мәселен,  бөлінген мөлшердегі ақшаны жұмсауда ысырапшылыққа жол беріп алады. Оның орнын толтыру үшін жалған құжаттар дайындайды. Оны тексеруші органдар толып жатыр. Тексеріп кеп жібергенде алынды деген құрылыс материалдар жоқ болып шығады да, содан қорқыту амалдары басталады. Оның соңы көбінше екеуара келісумен, сосын кемшілікке көз жұма қараумен, байқамай қалумен аяқталады. Ал мұндай тексеруші органдар толып жатыр. Ең сорақысы, құрылыс жүргізуші компания да, тексерушілер де бұған жаман үйреніп, құрылыстың мерзіміне, сапасына мән бермейді. Міне, жемқорлықтың алғашқы қадамы осындайдан басталады. Мұның барлығы, айналып келгенде, құрылыстың сапасыздығына соқтырады. Зардап шегетін, әрине, халық. 

Мысалы, 2007 жылдың желтоқсан айында  облыстық әкімшілік 9 мектептің ғимаратын салу үшін 9 миллиард теңгеге тендер өткізеді. Талап бойынша 2008 жылдың 1-қаңтарына, яғни жылдың аяғына дейін аталған қаржының 30 пайызы игерілуі керек болады. Басқаша айтқанда, 4 қабатты мектеп болса, соның бір қабаты салынып бітуі тиіс. Тендері желтоқсанда өткен құрылыстың құжаттарды түгендеуден қалған небәрі 10-15 күні ішінде 30 пайыз ақшасын игеріп, құрылысын жүргізу мүмкін бе? Бұл он ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін, ақылға сыйымсыз дүние, мүмкін емес жағдай. Ал талап бойынша жеңімпаз компания жыл соңына дейін 30 пайыз ақшаны игердік деп жергілікті билікке, ал олар Астанаға мәлімет беруі керек. Бұл, біріншіден, орындалуы мүмкін емес құбылыс болса, екіншіден, көзбояушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын жағдай. Осы мәселені қарап, сараптама жасап, облыс әкімінің өткізген тендеріне қадағалау тәртібімен ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде өткізілген тендер қорытындысы заңсыз саналып, ақша мемлекетке қайтарылды. Кейін тендер қайта өткізілді. 

«Табиғи ресурспен емес, адам ресурсымен мақтанайық»

- Соңғы кездері білім саласында да былықтар көбейіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп, күрделеніп барады. Ұстаздар үшін бірінші міндет саналатын тәрбие, білім мәселесі кейінгі орындарға сырғыды. Бұл тақырып қашанға дейін күрделі қалпында қалады деп ойлайсыз?

- Білім саласындағы сыбайластықты саралай келе мынадай тұжырымға келіп отырмыз. Біздің облыста 1013 мектеп бар. Онда 512 мың оқушы оқиды. Қолданыстағы заң бойынша мектептер заңды тұлға есептеледі, яғни өз есеп-шоты, өз бухгалтериясы бар деген сөз. Сол себепті мектептерге қатысты тендерді директорлардың өздері өткізеді. Мектеп басшылары бүгінде тәрбие жұмыстарымен емес, шаруашылық жұмыстарымен көбірек айналысады. Тендер өткізеді, құрылыстың сапасын бақылайды, қабылдайды деген секілді. Басқаша айтқанда, негізігі міндеті балаларға дәріс беру бола тұра тәрбие мәселесі бірінші орыннан түсіп қалған. Әрине, құрылыс, қаржы жүрген жерде тексеру де көлеңке секілді соңыңнан бір елі де қалмайды. Мәселен, өткен оқу жылында мектептерге 3000-ға жуық тексерулер жүргізіліпті. Бұл білім беру процесіне орасан нұқсан келтіреді. Мұғалімдер қай комиссия қандай қорытынды шығарар екен дегенді ойлап, уайыммен күн кешеді. Комиссия келгесін оны күту керек, шай-пайын береді. Жататын орынмен қамтамасыз етуі тағы бар. Оған ақшаны қайдан алады? Әрине, мұғалімдердің қалтасына қол салады. Оқушыларға салмақ салатын кездері де болады. Бұл мұғалімдердің, ата-аналардың наразылығын тудыратыны сөзсіз. Осындай келеңсіздіктерді негізге алып, біз бас прокуратура мен облыс әкіміне ұсыныс енгіздік. Ол ұсынысымызда мектептер тек қана білім беру ісімен айналысу керектігін келтірдік. Мектептерден заңды тұлға деген статусты алып, бухгалтерияны орталықтандыру қажет. Барлық шаруашылық мәселелер осы орталықтың міндетіне жүктелгені жөн. Бұл мұғалімдердің жалақы алуына кедергісін келтіре алмайды. Өйткені, қазір ұстаздар жалақыларын жүз пайыз банкоматтардан алады. Есесіне, мектептер бірқатар тексеруші субьектілердің бақылауынан құтылады. Сонда ғана сапалы білім беруге көңіл ауып, үйлестіру мен ұйымдастыру ісі қолға алынады деген ойдамыз. Білім басқармасы да мектеп ұжымынан білім сапасын ғана талап етіп, сол төңіректе ғана тексеру жүргізетін болады. Міне, мектептерге деген есепсіз тексерудің, ондағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын осылай кесуге болады. 

Бұл ұсынысты енгізбес бұрын осы салада жұмыс істеген тәжірибелі мамандармен, ақсақалдармен пікірлестім. Барлығы да бұл ойымды бірауыздан қолдай кетті. «Өте қажет, тіпті, бұл туралы ерекше бір бағдарлама керек» дегенді де айтып отыр. Бүгінде жастар мәселесімен айналысатын департаменттер, басқармалар өте көп. Бірақ, олардың жұмыстарын бір арнаға біріктіру мүмкін емес. Әркім өз функциясын іске асырумен әуре. Олардың жұмысын үйлестіретін бір арнайы өкілетті орган керек секілді. Оның құрамына әр саланың мамандарын енгізген жөн. Әзірге бұл органның жұмысын прокурорлар ғана қолға алып, өзекті мәселені ортақ отырыста көтеруге мәжбүр болуда. Дәл осылайша шашыранды әдіспен жұмысымызды жалғастыра берер болсақ, білім, тәрбие мәселесін онан сайын қожыратып аларымыз әбден мүмкін. Болашағымыз деген жастардың беталысы қорқынышты. Ертең ана болады деген қарындастарымыз, қыздарымыз, немерелеріміз бірінің шашын бірі жұлып, көпшілік ортасында құрбысын тепкінің астына алып, оны таспаға түсіріп, интернет арқылы әлемге таратып жатыр. Статистикалық мәлімет басқа да шынайы өмірдегі нақты мәлімет басқа. Прокуратураның оқушылар арасында жүргізген жасырын сауалнамасында «Сізге әлімжеттік жасалды ма?» деген сауалға сұралған 1500 оқушының 22 пайызы «иә» деп жауап берген. Бұл сорақылыққа тосқауыл керек. Өкінішке орай, ішкі істер органдары осы мәселеде сапалы жұмыс жасай алмай отыр. Тұрақты тіркемейді, уақтылы тексермей жатады. Сол себепті тәрбие, білім, руханият мәселесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлмесек, бүгінгі салынып жатқан керемет-керемет ғимараттардың пайдасы шамалы, қолға алынып жатқан жақсы бастамалар баянсыз болып қалмақ. Жасөспірімдер тәрбиесімен мықтап айналысу үшін прокуратурада арнайы қадағалау бөлімі құрылу үстінде. 

Кез-келген шет мемлекеттер Қазақстанға қазағына қарап баға береді. Айталық, мықты ғалым, академик, ой десе ойы, бой десе бойы бар сымбатты, көркем мінезді  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Лондонда Уинстон Черчиллмен жолыққан кезде келбеті мен біліміне таңданысын жасыра алмаған ол «КСРО-дан келген Сіз кім боласыз?» дегенде «Қазақпын!» деп жауап берген. «Қазақ дегенді бірінші рет көріп тұрмын, қазақтардың барлығы сіз секілді білімді, келбетті ме?» дегенде, Қаныш Имантайұлы «менің халқым менен де білімді, менен де биік» деген ғой. Міне, қазақтан осындай ұлылардың өзін таңдай қақтыратын тұлғалар көптеп шығуы керек.

Құдайға шүкір, елімізде, оның ішінде біздің өңірімізде адам саны көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау мәселесі де жыл санап жандану үстінде. Әрине, санымыздың көп болғаны жақсы, бірақ сапаны да ұмытуға болмайды. Он баланы өмірге әкелген деп мақтанған дұрыс, бірақ олардың ертеңгі күні базарда арба айдайтын дәрежеге түсірмеуді де мықтап ойланған жөн. Ертең елдің іргетасы болып қаланатын бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, денсаулығына, рухани дүниетанымына біздер жауаптымыз.  Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына білім, білімді ұрпақ арқылы ғана ене аламыз. Елбасы осы бағытта аянбай еңбек етіп келеді. Тек сол бастамаларды жергілікті атқарушы орган дұрыс ұйымдастыра білуі керек деп ойлаймын.  

Әңгімелескен Шадияр Молдабек,

«Заң», «Қазақстан-Заман» газетінің меншікті тілшісі 

Бастар Есқараев: «Шетелдік аспазшы біздің кез келген шенеуніктен жоғары жалақы алады»
Ғани Ахметбаев: «Қырғыздардың көкпарға жанашырлығына қызығамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу