Мұсабек Әлімбеков: «Соттың абыройы - әсем ғимараты, әдемі көлігі, жақсы жалақысы емес, әділдігі мен

Oinet.kz 17-07-2009 1146

ac683e3e327581a106d3bb1d5b97bf4e7283ce98.jpg

Мұсабек Әлімбеков, Жоғарғы Соттың төрағасы:

Өткен жылы Жоғарғы соттың сол кездегі төрағасы Қайрат Мәми Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының жарты жылдық жұмыс қорытындысын саралаған жиналысында судьяларды, сот жүйесіндегі келеңсіздіктерді қатты сынға алған болатын. Биылғы жарты жылды сараптаған жиынға Жоғарғы соттың қазіргі төрағасы Мұсабек Әлімбеков қатысқанда сыннан қорытынды шыққандығы байқалады. Көрсеткіш әжептәуір жақсарған. « Судья дегеніміз ең алдымен үлкен адамгершіліктің иесі болғаны жөн. Өйткені, соттың абыройы әсем ғимараты, әдемі көлігі, жақсы жалақысы емес, әділдігі мен тазалығында» деді Мұсабек Әлімбеков.

- Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында 33 адамға қатысты 54 қылмыстық іс қаралып, 2 адам жөнінде ақтау үкімдері шығарылған. Ал істердің бірінші сатыда қаралу сапасына келсек, Жоғарғы Сотта аппеляциялық және қадағалау тәртібінде барлығы 17 адамға қатысты 11 іс қаралып, үкімнің өзгеруі мен бұзылуы орын алмаған,-деді облыстық соттың төрағасы Абай Жамбылұлы. – Аудандық соттарда 2485 қылмыстық іс қаралған. Мұның ішінде 1810 адам жөнінде айыптау үкімі шығарылса, 36 адам ақталды. Өткен жылы қаралған 2286 істің 1586 адамға қатысты үкім шығарылып, 26-сы ақталған болатын. 

Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының көрсеткіштері биыл әлдеқайда жақсарды. Өткен жылы бұзылған үкімдердің қатары жалпы үкімнің 0,6 пайызын құраса, биыл 0,3 пайызға түсті. Республиканың орта көрсеткішімен тең деген сөз. 

Сот этикасына байланысты биыл өткен жылғыдан 20 арыз-шағымға кеміп, 13-ке жетті. Сол секілді, судьялардың іс-әрекетіне қатысты түскен шағымдар былтыр 61-ге жеткен болса, осы жылы 28-бен шектелді. Мұның біреуі ғана расталды. Мұны судьялармен жеке-жеке жұмыс істеудің және төрағалардың халықпен жұмыс жасай білгендігінің нәтижесі деуге болады. 

Арнайы баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан облыстық соттың азаматтық  және қылмыстық істер бойынша алқа төрағалары Бақыт Мәліктегі мен Әділ Керімшеев өз ойларын ортаға салды. Б.Мәліктегі сотқа істі алдын-ала дайындау деңгейі көңіл көншітпейтінін, ол формальді түрде ғана жүргізілетінін айтса, Ә.Керімшеев алаяқтық істердің жиілеп кеткендігін, сотталып жатқандардың басым бөлігі әйел-аналар екендігін алға тартты. Кезінде несие алып, оларды төлей алмай қалғандарды немесе талапкерге берешегі барларды жаппай соттай бергенше залалдың орнын толтыртып, айыпкерге бас бостандығынан айыру жазасынан тыс шаралар көрілу керек секілді. Заңға осындай өзгеріс енгізу мәселесі күн тәртібіне көтерілуде. Сонда ғана жәбірленушіге залал да қайтады, айыпкер жақ та темір тор жазасынан құтылып, екі жақты да ұтымды шешім болар еді. Мұны төраға да қолдайтынын жасырған жоқ. 

Шадияр Молдабек, «Заң» «Қазақстан-Заман» газеттерінің тілшісі

Әншілердің құқығын кім қорғайды?
Жұлдызай Дүйсенбиева: «Өзім сомдаған кейіпкерлеріме мүлдем ұқсамаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу