Президент араласқан соң Алмасбеков кетті. Енді Шымкенттің прокурорын не күтіп тұр?
«Рейтинг» газетінде бұған дейін «Алмасбеков генерал бола алмайды-ау» деп сын мақала жазған едік. Полковникке енді шен түгілі дені дұрыс қызмет те бұйырмайды-ау. Президенттің кешегі Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Шымкенттегі өрімдей қыздың өліміне байланысты шен тағып шекпен кигендерге қатысты қатқыл мәлімдемесінен кейін Ішкі істер министрлігі шұғыл шешімдер қабылдады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбековтен бастап бірқатар полковниктер қызметінен босатылды. Бұл бұл ма, қызметтік тексеру қорытындысына қарай кінәлі полицейлердің үстінен әлі қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін.

Президент бұл істі айрықша қадағалауды Бас прокуратураға тапсырғанын да қадап айтты. Енді Шымкенттің прокуроры Ғабит Мұқановты не күтіп тұр? Жәбірленушілердің айтуынша, арыздар прокуратураға да жолданған. Ол жақтан да ешқандай қайыр болмаған. Сонда прокурорлардың азаматтардың құқығын қорғағаны, заңдылықтарды қадағалағаны қайда қалды? Заңдылыққа сәйкес полициядағы тергеушілер прокурорлардың келісімінсіз ешнәрсе шешпейтінін елдің бәрі біледі.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың өліміне арнайы тоқталды.
– Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры оның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді,– деді Президент.
Ал өткен аптада Ішкі істер министрлігі Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаныпезер қылмыскердің қолынан жантүршігерлік жағдайда қаза табуына байланысты ресми мәлімдеме таратқан болатын. Министрлік хабарламасында жария кеңістікте айтылған барлық дерек пен уәж, соның ішінде полиция қызметкерлерінің дер кезінде шара қолданбағаны жөніндегі ақпараттар бойынша қызметтік тексеру тағайындалғаны айтылған. Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, іс бойынша ең тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.
Жалпы бұл істе полицияның дер кезінде шара қолданбағаны, қылмыстың алдын алмағаны жай ғана айтыла салған сөз емес. Бұл іске Президенттің де араласуы, тиісті органдарға тапсырма беруі бекер деймісіз?!
Бұған дейін әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты көптеген мәліметтер жарияланды. Алматыдағы жоғары оқу орнында оқитын қызды 11 қаңтарда Шымкенттегі пәтерінің алдында 28 жастағы жігіт пышақтап өлтірді. Оқиға орнынан бой тасалап кеткен ол екі күннен кейін қолға түсті. Туыстарының айтуынша, күдікті мен Нұрай бір жыл бұрын танысқан. Осы таныстықтан кейін жігіт бойжеткеннің соңына түскен. Қайта-қайта телефон соғып, хабарлама жазу, аңду, подъезде күтіп отыру, қорқыту сияқты әрекеттерге барған. Былтыр қазанда ол қызды Алматыдан Шымкентке күштеп алып қашып, еркінен тыс үйленбек те болған. Нұрай бұл адамға тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Сол жолы полицияға арыз берілген. Алайда жәбірленуші жақтың шағымына орай жеке бас тұлғасы белгілі адамға, яғни ауыр қылмыстар санатына жататын әрекетке барғаны «тайға таңба басқандай» көзге көрініп тұрған күдіктінің үстінен бірден іс қозғамағандары түсініксіз. Керісінше, полицейлер Нұрайды арызданушы ата-анасынан бөлек алып қалып, одан «ешқандай шағым келтірмейтіні» туралы арыз жаздырып алғандары арға да, заңға да сыймайтын сорақылық қой.
Адвокат Шымырбай Ағабековтің айтуынша, қызды еркінен тыс алып қашу фактісі бойынша жәбірленуші кешірім берген күннің өзінде қылмыстық іс қысқармауы керек болған. Олай болса, полицейлер бұл іс бойынша қылмыскерді ұстамай қайта өздері қылмысты жасырған, тіпті өздері қылмыс жасаған қадамға барған болып шықпай ма?
Алып қашу оқиғасынан кейін де күдікті Нұрайды аңдуды, қоқан-лоқысын жалғастыра берген. Бұл жөнінде де Нұрай полицияға арыз берген. Тіпті телефонына жіберген хабарламаларының көшірмесін де ұсынған көрінеді. Бірақ тәртіп сақшылары бұл жолы да ешқандай әрекет жасамағаны қылмысты көре тұра әдейі көз жұма қарауы емес пе?
Туыстары егер полиция сол жолы күдіктіге ескерту жасап, тым құрыса заң талаптарын түсіндіргенде мұндай жағдай болмас па еді дейді. Енді осындай сорақы жағдайға жол берген тәртіп сақшылары заң алдында қаншалықты қатаң жауапқа тартылады? «Рейтинг» газетінің тілшілері бұл тақырыпқа тағы да оралатын болады.
Тағы бір атап айтар жайт, соңғы жылдары Президенттің пәрменімен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілді. Ойынпаздыққа, алаяқтыққа қарсы заманауи әдіс-тәсілдер қолданысқа енуде. Заңдарда жаңа терминдер пайда болды. Былтыр Қылмыстық кодекске алғаш рет «сталкинг» ұғымы енгізілгені белгілі. Қылмыстық Кодекстің 115-1 бабында адамның еркінен тыс тұрақты түрде қудалау, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету – сталкинг қылмыстық құқық бұзушылық ретінде нақты көрсетілген. Мұндай әрекеттер үшін айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту немесе қамауға алу жазасы көзделген.
Заңгерлер сталкингтің алғашқы белгілері анықталған сәттен бастап полиция дереу әрекет етуге міндетті екенін айтуда. Өкінішке қарай Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың айрықша назарындағы бұл заңға шымкенттік полицейлердің пысқырып та қарамағаны қынжылтады.
Жалпы Шымкент полициясының өзінде соңғы кездері былық-шылықтар көбейіп келе жатыр. «Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде жазғанымыздай, соңғы бірнеше айдың ішінде Шымкенттің екі бірдей аудандық полиция басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды. Алынған паралар қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілердің жазасын жеңілдету үшін берілген көрінеді. Былтыр күзде Шымкент қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғаны белгілі.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы лауазамына тағайындалған Нұрлан Алмасбековке жұртшылық үлкен сенім артып еді. Сенімнің ақталған түрі осы ма?
Ойды ой қозғайды. Үш жыл бұрын Шымкентпен еншісі бөлінбейтін ауылы аралас, қойы қоралас өңір – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бес жасар қыз қаныпезердің қолынан қаза тапты. Жергілікті тұрғын оны зорлап, артынша айуандықпен өлтірген. Қылмыскер бұған дейін де кісі өлтіріп, сотталып шыққан. Бостандыққа шыққан соң түзелудің орнына тағы да қылмысқа барып, көршісін балтамен ұрған. Сот барысында оның бұрын ауыр қылмыспен сотталғаны ескерілмей, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындаған. Кейін оған қатысты тиісті бақылау жұмыстарын жүргізбеген Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Кейіннен пробация полицейінің екі жылға сотталғаны айтылды.
Құзырлы органдардың осындай қайғылы оқиғалардан сабақ алмайтыны өкінішті-ақ. Өрімдей қыздың өлімінен кейін өздері де қыз өсіріп отырған полицейлер қалай тыныш ұйықтап, қайтіп ішкен асы бойларына сіңіп жүр екен?
Заңгер пікірі
Екі жақ бірнеше рет арыз жазса да ол іс қысқармауы тиіс еді
«Рейтинг» газетінің тілшісі қоғамда қызу талқыланып жатқан осы мәселеге қатысты танымал заңгер, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Шымырбай Ағабековпен хабарласқан еді. Адвокат бұл оқиғада бірнеше қылмыстық құрам болуы мүмкін екенін атап өтті.

– Егер қызды еркіне қарсы некеге тұруға мәжбүрлеу пиғылымен күш қолданып алып қашқан болса, онда кінәлі адамның іс-әрекеті ҚР Қылмыстық Кодекстің 125-1 бабы 2 бөлігінің 1) тармағымен дәрежеленуі тиіс. Аталған баптың екінші бөлігі күш қолдану бірнеше адамның көмегімен орын алған жағдайға қатысты (бұл оқиғада бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін, бір өзі алып қашуы мүмкін емес қой). Ал бұл ауыр қылмыстар санатына жатады. Мұндай қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігінде қарастырылған қағидаларға сәйкес кінәлі адамның арызданушымен немесе жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылуға жатпайды. Яғни екі жақ бірнеше рет арыз жазса да ол іс қысқармауы тиіс еді. Ол тек жазаны жеңілдететін мән-жай болып қарастырылуы мүмкін. Бірақ қысқартуға жатпайды. Ал енді осы бір қайғылы оқиғада айтылып жатқандай, қыздың соңынан қалмай қудалануына қатысты да заң талаптары бар. Егер қайғылы оқиғаға дейін күдікті тарапынан зорлық-зомбылық қолданылмай, заңсыз қудалаумен ұштасқан қыздың еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған әрекеттер орын алған болса және осы әрекеттер елеулі зиян келтіруге әкеліп соқса, онда кінәлі адамның іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 115-1 бабымен көзделген сталкинг қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағалануға жатады. Бұл өз алдына қылмыстық құрам, – дейді заңгер.
"Рейтинг" газеті, 2026 ж


