Болашағы зор Байбекті тастап зейнеткер Сапарбаевқа оралған Жылқыбаев қызметінен кете ме?

Oinet.kz 17-04-2020 1954

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ең сенімді кадрі Ержан Жылқыбаев туралы кейінгі кездері әрқилы әңгімелер айтыла бастады. Сапарбаев өсірген, тәрбиелеген Жылқыбаевтың соңғы жылдары келешегі жарқын, болашағын бас бармақпен бағалауға болатын кадр Бауыржан Байбектің қол астында қызмет еткені белгілі. Былтырдан бастап ескі командаға қайта оралған Жылқыбаевты Жамбыл жері онша жақтырмаған сияқты. 

Screenshot_6.jpg

Жаңылыспасақ, Ержан Жылқыбаев пен Бердібек Сапарбаевтың жолдары 2007 жылы  экономиа және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түйіскен. Одан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Жылқыбаев көмекшіліктен аппарат басшысы лауазымына дейін өсті. 2014 жылы Сапарбаев вице-премьер болғаннан кейін жолдың екіге ажырағаны рас. Жылқыбаев Президент әкімшілігінде еңбек етіп, 2016 жылдан бастап Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі қызметіне кірісті. Осыдан кейін Жылқыбаев Алматының әкімі Бауыржан Байбекпен үш жыл бойы тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірақ Байбек-Жылқыбаев тандемі күрт үзілді.  Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Сапарбаев Жылқыбаевты қайта шақырып алып, әуелі қатардағы орынбасардың, артынша бірінші орынбасарлықтың креслосына отырғызды. Ал биыл ақпанда Жамбылдың әкімі болған соң Жылқыбаевты Әулиеата өңіріне қарай жылыстатты. Сол кезде Сапарбаев егер жұмысын дұрыс атқармаса, жаңа орынбасары Жылқыбаевтың да жұртпен бірге жауапқа тартылатынын айтқаны есте қалыпты. Екі ай ішінде Жылқыбаев жетекшілік ететін салада екі «ЧП» шықты. Біріншісіне тоқталсақ. 

Меркедегі емхананың  инфекционист-дәрігері Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желі арқылы таратқан  арыз-шағымы елордадағы ақжағалыларды да дүрліктірді. Дәрігердің айтуынша, емдеу мекемесінде маска, қорғаныш киімдері жетікіліксіз. Соның салдарынан оның өзі коронавирус індетін жұқтырып, аурухана төсегіне таңылған.  Масқара болғанда дәрігердің айтқан жәйттарының бәрі кейін расталды. 11 сәуір күні Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Меркі аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен және аудан тұрғындарымен кездесті. Осы жиында аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев және бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова мен бас есепші З. Мұқаеваның қызметінен босатылғаны айтылды. Айтпақшы,  аталған аурухананың бас дәрігері былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылып, сотталып кеткен көрінеді. Ал қызметінен қош айтысқан орынбасар мен бас есепшінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Жұманқұловтың балдыздары екендігі жөніндегі ақпаратқа әзірге ресми орындар түсініктеме бермей отыр. Бірақ жиында жазадан Жұманқұловтың да және Меркі ауданы әкімінің да тыс қалмайтыны белгілі болды. Айта кетері, бұған дейін облыста денсаулық сақтау саласы облыс басшысының орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың құзырында болып келген еді. Оны Жылқыбаевтың қарамағына берудегі мақсат бақылауды күшейту, тиімді басқару болған шығар. Бірақ Сапарбаевтың қабылдаған шешімінің өзін-өзі  қаншалықты ақтағаны осы жәйттан кейін белгілі болған сияқты 

Екінші жағдай осы аптада орын алды. Республикалық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, апта басында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері   Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовты Тараз қаласындағы жұмыс орнынан ұстап әкеткен. Тимуржан Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы. Т.Нұрымбетов аса ірі мөлшердегі парамен құрықталғанға ұқсайды. Екіортадағы ақшаның көлемі 9 миллион теңге екендігі, пара облыстық әкімдікте істейтін бір қызметкердің делдал болғандығы айтылуда.  Бірақ құзырлы органдар бұл жөнінде ешқандай ақпарат таратқан жоқ.  

Әрине, министр Біржан Нұрымбетовтің бауыры Тимуржан Нұрымбетов үшін жауап бермейтіні түсінікті. Егер басқарманың басшысының пара алғаны дәлелденсе, оған қатысты сот үкімі шықса, бұл үшін кімнің жауапқа тартылатыны, дәлірегі кімнің отставкіге арыз жазатыны әзірге басы ашық күйде тұр. Себебі былтыр қолданысқа енген тәртіп бойынша басқарманың басшысы үшін облыс әкімінің осы салаға жауап беретін орынбасары, яғни Ержан Жылқыбаев жауапты. Алайда оның бұл қызметке келгеніне әлі үш ай да болған жоқ. Егер жазған күнде Сапарбаев өзінің ең жақын көретін кадрі Жылқыбаевтың отставкасын қабыл ала қояр деймісіз. 

Сондықтан әліптің артын бағып көрелік. 

P.S. Жалпы, әкімдердің іскерлігіне, табандылығына, тәжірбиелігіне көп нәрсе байланысты. Өңірдің әлеуметтік-экономикасы, өнеркәсібі де тікелей бірінші басшының біліктілігіне қарай дамитыны рас. Бұған әкім ауысса, өңірдегі ахуалдың да күрт өзгеріп шыға келетінін мысалға келтірсек жеткілікті. Былтыр жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы жоғары жетістікке жетіп, үкіметтің кеңейтілген отырысында Шығыс Қазақстан облысынан кейін екінші болып аталған. Әулиеаталық атқамінерлердің Маминнен мақтау естігені, Мырзахметовтың мерейі тасып, облыстың барлық салада ғаламат табыстарға жеткені күні кеше ғана еді. Осы аптада Үкіметтің 1 тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жиынында Жамбыл облысы өңірлердің ішінде үшінші болып аталды. Соңынан санағанда...  

-Биылғы бірінші тоқсанының қорытындысында негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуінің озық қарқыны Ақмола, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қамтамасыз етіледі, орташа республикалық көрсеткіштерге Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында қол жеткізілді, кейбір көрсеткіштер бойынша республикалық деңгейден төмен деңгейді Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы көрсетті,-деген ақпаратты үкіметтің ресми сайты таратып отыр. 

Осылайша  айналдырған екі айдың ішінде Бердібек Сапарбаевтың «септігімен» Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси аурасы  180 градусқа өзгеріп сала берді.  

Дереккөз: Рейтинг газеті

Назарбаева: «Ең қарапайым зат – медициналық масканы да дер кезінде жасай алмаймыз»
Сахыбеков елді қашанға дейін шулатады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу