Жамбылда шенеунік «қонақ күтемін» деп әкімдерден ақша жинаған

Oinet.kz 26-05-2020 1734

Oinet.kz тілшісі хабарлайды - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды. Кеңес отырысында Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері дайындаған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қозғалған тәртіптік тергеп-тексерудің қорытындысы тыңдалып, олар бойынша тиісті шешім қабылданды. 

Screenshot_16.jpg

Мысалы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы Әдеп кодексінде көрсетілгендей өзі қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етпеу және өзінің қызметтік міндеттерін сапалы атқармау сипатындағы тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тарту ұсынылды. Ал дәл осы іске қатысы бар Жуалы ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Киргизбаевқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, оның аудандық жер қатынастары саласындағы уәкілетті органның басшысы бола тұра, жалпыға қолжетімді ақпаратты азамат Р.Нұрманның сұрауы бойынша негізсіз толыққанды әзірлемегендігі расталған. Сөйтіп оған облыстық Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынып отыр. 

Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Руслан Оразханға да қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген. Оның айыбы – ауыл округі әкімдерінен қонақ күтуге деп 15 000 теңгеден талап еткені. Айта кету керек бұл ауданның бұрынғы әкімі А.Қырықбаевтың кезінде болған жағдай екен. Бірақ тергеп, тексерілуі осы күнге дейін созылған. Кеңес отырысында Р.Оразханның өзге де заңбұзушылықтарға қатысты ісі қаралып, Әдеп жөніндегі кеңес Т.Рысқұлов ауданының әкімі Е.Садырқұловқа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көрсетілген шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі сипатындағы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін орынбасары Руслан Оразханға «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Қордай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеевтің де мәселесі май шаммен қаралды. Оның жер заңдылықтарының бұзылуына қатысы болып, мемлекеттік қызмет саласына кір келтіргені үшін аудан әкімі Р.Дәулетке бөлім басшысы Елдос Мендекеевті және әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Берик Адылкановты «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тарту ұсынылып отыр.

Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев та Әдеп жөніндегі кеңестің қырағылығына ілігіпті. Қызметтік тергеп-тексеру барысында оның мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын бұзғандығы белгілі болған. Яғни, аудандағы үш құрылыс нысаны бойынша жалпы 8 680 003 теңгені құрайтын сомаға жұмыстар атқарылмаған. «Аудан прокуратурасы үш фактіге қатысты актілер жасап, қорытынды беру үшін облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне тиісті құжаттар жолдаған. Осылайша кеңес ұсынысы бойынша оны алдағы уақытта аудан әкімі Н.Ергебеков «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартуы тиіс» - дейді мамандар.

Болат Назарбаев Мақтаралда үй салып, халыққа ақша үлестірмек
20 жылда Қазақстаннан 140 млрд доллар ұрланған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу