Әли Бектаев, депутат: XXI ғасырда есек арбамен су тасып жүрміз

Oinet.kz 19-11-2020 1650

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партияның кезектен тыс ХVIII съезінде ауылдың ең үлкен мәселелерін атап айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Али Бектаев.jpg

«Біз технология қарыштап дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Десе де, елімізде ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. XXI ғасырда әлі ауыл ішін есек арбамен кезіп бөшкемен, құтымен су тасып жүрміз. Ауыл  баласының түске дейінгі уақыты қақаған қыс пен жаздағы аптаған ыстықта су тасумен өтеді. Ал жол сапасы тіпті сын көтермейді. Шалғайдағы елдімекендерді айтпағанның өзінде астана мен облыс орталықтарының маңындағы ауылдарға жету қиын. Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы мәз емес», – деді партия басшысы. Сондай-ақ ауылдағы әр бесінші мектеп пен балабақша, әр үшінші медицина мекемесі күрделі жөндеуді қажет етеді.  «Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерін жаба салуды әдетке айналдырды. Әкімдер әмбебап оқытушы мен фельдшерді шақырып, тығырықтан шығудың орнына елді мекенді «болашағы жоқ» деп атауға бейім. Баласына білім, өзіне алғашқы медициналық көмек ала алмаған адам ауылда тұра ма? Осындай қарапайым өмір аксиомасын түсіне алмаған басшылар көп. Былтыр ауылдан қалаға жарты миллионға жуық адам қоныс аударған. 2014 жылдан бастап бала туу көрсеткіші бойынша көш басында ауыл емес қала тұр», – дейді Әли Бектаев. 

«Ауыл» партиясының басшысы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік жоба дайындауды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жылдық өтемақысы 2 пайызды құрайтын несие беру жүйесін ұсынды. Әли Бектаевтың айтуынша, мемлекетімізде аграрлық сектор экономиканы алға сүйрейтін локомотив болатынына күмән жоқ. «Ауыл шаруашылығы болашақта мұнай мен газ сияқты жерасты байлықтарының орнын басатын жердің үстіндегі алтын қазынаға айналатын мүмкіндігі бар. 

«Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай ас екен», - деген мәтелдің заманы келді. Адамға қымбат үй, киім, көлік емес, ең алдымен ас керек, сол арқылы мықты денсаулық керек», - деді Әли Бектаев.

Жетінші шақырылым жетпіс пайызға жаңарады
Дариға Назарбаева мәжіліс депутаттығына үміткер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу