«Adal»-дың артында тұрған кім?

Oinet.kz 30-11-2020 1879

«Бірлік» партиясы атауын «Adal»-ға ауыстырды. Дәл сайлауға кірер тұста партия атауының өзгеруі немен байланысты? Бұдан партияның іс-әрекеті, алға қойған ұстанымы өзгере ме? Партия атауындағы өзгеріс, саяси ұйымның   арғы жағында тұрған қожайындарының өзгергенін білдірмей ме? Бұл туралы Oinet.kz тілшісі хабарлайды.

Тимур Құлыбаев.jpg

Жалпы, Қазақстанның саяси аренасында жаңадан «Adal» деп  аталатын партияның құрылғалы жатқанын қазан айында  "Халыққа адал қызмет" қозғалысының бастамашысы Тоғжан Қожалиева мен саясаттанушы Андрей Чеботарев айтқан болатын. Неге екені белгісіз жаңа партияның құрылуы бірден Тұңғыш президенттің күйеу баласы, белгілі миллиардер Тимур Құлыбаевпен байланыстырылды. 

-Тимур Құлыбаевтың "Ақ жол" партиясына ықпалы бар, өйткені Азат Перуашев бір кездері "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының жетекшісі болды, әлі де соның мүшесі. Екіншіден, "Бірлік" партиясының жетекшісі Серік Сұлтанғалиев "ҚазТрансГаз" басшысы болды, ол Тимур Құлыбаевтың командасында. Сондықтан Тимур Құлыбаев жаңа партия құрғаннан гөрі өз ресурсын "Бірлік" партиясына сала алады. Алайда "Адал" партиясы құрылып жатса, оның төрағасы кім болса да, сол партия артында Тимур Құлыбаев тобының мүддесі жататыны белгілі", – деді  А.Чеботарев. Саясаттанушының айтқан болжамы дәл келді десек қателеспейтін сияқтымыз.  Көп ұзамай, «Бірлік» партиясы «Adal»-ға айналды. Яғни, бұл партияның арғы жағында Тимур Құлыбаевтың тұруы әбден мүмкін деген сөз. Алайда партияның жуырда өткен құрылтайында төраға Серік Сұлтанғали мұны жоққа шығарды. 

-Менің ойымша, әрбір партия артында осындай азаматтың тұрғанын армандайтын шығар. Ол танымал тұлға және бизнесмен. Мен оны жақсы танимын. Менің естуімше, оның саяси амбициясы жоқ. Менің артымада тек халық тұр. Менің әкем мен шешемнің рухы тұр, -деді Серік Сұлтанғали. 

Ал партияның амбициясы туралы біраз әңіме айтуға болады. Партия  биліктің есеп беруі және бизнестің бәсекеге қабілеттілігі қағидаттарына негізделіп, қоғамның барлық салаларына ауқымды түрде жаңарту жүргізілгенін қолдайды.

-Қазақстан 30 жыл ішінде дамудың нақты векторына ие егеменді әрі тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Заманауи Қазақстанның негізін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қалады, Елбасының тәуелсіз елді қалыптастырудағы тарихи рөлі теңдесіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар және ілгерілемелі модернизацияның сабақтастық бағытын сақтап қалды,-делінген партияның ресми сайтында жарияланған мәліметте. Яғни, бұдан «Adal»-дың  билікпен тіл табысып жұмыс істейтін саяси ұйым екендігін аңғару қиын емес.   

Партияның съезінде бірқатар бастамалар айтылды. Мәселен партия  несиеге рақымшылық жасауға  балама ретінде жекелеген тұлғаларға банкрот жариялау институтын енгізуді ұсынып отыр. Жеке адамды банкрот деп жарияласа, оның мойынындағы қарыздары кешіріледі. «Adal»  кәсіпкерлікке  салмақты азайтып, әкімшіліктің кедергілерді жоюды көздейді. Экологиялық мәселелердің де жалауын желбіретпек. Партия мүшелері медициналық қызметті 100 пайыз тегін етуді, медицина қызметкерлерінің жалақасын өсіріп, дәрігерлердің мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін айтып отыр. Мектептердегі артық пәндерді қысқарту ұсынылды. Бұдан бөлек пандемия кезінде міндетті зейнетақы жарнасына босату туралы мәселе де көтерілді. 

Партияның Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде ұсынылғандарджың арасында төрағадан бастап  қоғам қайраткері Эльдар Жұмағазиев, спортшы Ардақ Назаров, тележурналист Мақсат Толықбай және тағы басқалар бар. 

«Adal»-дың кімге адал қызмет ететінін уақыт көрсетеді. 

«Ақ жол» арзан ұпай жинап жатыр
Айтыскер ақын мемлекеттік тілдегі құжаттарды қабылдамайтын басшыны сынға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу