Жобаны Мырзахметов жасады, мақтауды Сапарбаев естіді

Oinet.kz 15-07-2021 4259

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысында атқарылған жұмыстар жоғары бағаланды. 

Screenshot_2.jpg

Айталық Әулие ата өңірі  мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі өткен жылдың тиісті кезеңінен және республикалық деңгейден жоғары деңгейде қалыптасып, Президент жүктеген тапсырмалардың толығымен орындалуына қол жеткізілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз  сөзінде ауылдықтардың ахуалын арттыруға баса ден қоюды тапсырып, бұл тұрғыда Жамбыл облысында жүзеге асқан пилоттық жобаның жемістілігін айрықша атап өтті.

- Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 2 есеге артты. Мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыру керек, - деді Президент. 

Жамбыл облысы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда,  облыстың 10 ауданындағы 11 ауылдық округ қатысқан ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық бес бағыты аясында 9,2 миллиард теңге игерілген. Бүгінгі таңда 944 миллион теңгеден астам несие қарызы өтелген. Пилоттық жоба қатысушыларымен 21 мың тонна дәнді және мал азығы дақылдары, 11,2 мың тонна көкөністер мен бақша дақылдары, 12,5 мың тонна ет және сүт өнімдері өндірілген. Нәтижесінде 589 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайды (528-ден 334-ке дейін). Сондай-ақ, аталған ауылдық округтерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 адамға азайып, 2282 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген.

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуды көздейтін пилоттық жоба Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған болатын. Мырзахметов жобаны Үкіметтің отырысында қорғап шықты. 2020 жылдың басында Премьер-министр Асқар Мамин үкіметтің отырысында Мырзахметовтың осы жобасына сәттілік тілегені есте.  Сол жылдың ақпанында Қордайдағы жағдайдан кейін Мырзахметов отставкіге кетті. Өңірге Бердібек Сапарбаевтың әкім болып келгені белгілі. 

Яғни Президент айтқан пилотттық жобаны Мырзахметов жасады, ал мақтауды Сапарбаев  естіді. 

"Рейтинг" газеті,

№28-29, 15 шілде 2021 ж

Әйтеновтің командасы екі сөйлей ме?
Шымкенттегі қорқытып-үркіту мен заңсыздыққа тосқауыл бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу