Жалғас Толғанбай: «Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді»

Oinet.kz 15-04-2019 1341

Screenshot_25.jpg

 - Жарас аға, соңғы кездері актерлікпен қатар тележүргізушілік қырыңыздан көбірек танылып жүрсіз. Бұл күнкөрістің қамы ма, әлде қызығушылық?

 - Бала күнімнен өнерлі ортада өстім. Анам әжептәуір ән салатын, әкем де өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Айналамдағы адамдардың өнерге деген құштарлығы  сахнаның адамы болуыма септігін тигізді. Алла берген талантты шыңдаудың бір-ақ жолы бар, ол - еңбек. Сол себепті актер атына лайық болу үшін мен театр мен қатар түрлі жарнамаларға, бейнебаяндарға түсіп, азды-көпті тәжірибе жинақтадым. «Ағайындылар», «Бапкер», «Қара шаңырақ», «Бір кем дүние» секілді киноларға  да түстім.  Сондай-ақ тележүргізушілікпен де айналысып жүрмін. Кейбір жобаларға мені арнайы шақыртып жатады. Маған үлкен сенім артып, өнеріңді елеп, бірлесе жұмыс жасауға шақыртып жатса, бас тартпауға тырысамын. Сондықтан мұны күн көрістің қамы деп қабылдамаңыздар. Қазір «Қазақстан» ұлттық арнасынының «Шын жүректен» атты реалити шоуын жүргізіп жатырмын. Қоғамға танылмаған, бірақ елге сіңірген еңбегі ерен, ерлік жасап жүрген адамдарға қолдау білдіріп, тосын сыйлар жасап, ісін өрге домалатуға септігімізді тигіземіз. Ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бағдарламаның басты мақсаты осындай жандарға бақыт сыйлау.   

 - Телеарна мен театрдың жұмысын қатар алып жүру оңай емес шығар...

 - Әрине, оңай емес. Бірақ ынта мен еңбекқорлық болса бәріне де үлгеруге болады. Шынымды айтсам қазір көп уақытымды бағдарламаға арнап жатқандықтан театрға жиі бас сұға алмай жүрмін. Жақында әріптестеріме барып қайтқан едім. Театрды, сахнаны сағынып қалыппын. Сол күні ұжыммен кездесіп, мауқымды басып, үйге керемет көңіл-күйде қайттым. Мен үшін театрдың орны әрқашан бөлек. 

 - Сомдаған кейіпкерлеріңіздің ішінде болмысы, мінезі сізге сай келетін, жаныңызға жақын кейіпкеріңіз бар ма?

 - Ойнаған рөлдерімнің барлығы мен үшін қымбат болғандықтан бөле-жарғым келмейді. Дегенмен Дулат Исабековтың «Әпке» драмасындағы Омар және «Қазақтар» спектакліндегі Дуана сарбаздың ішкі жан дүниелерін, болмысын өзіме ұқсаттым. Дуана сарбаздың көріністегі рөлі өте аз болса  сомдаудан жалықпайтын, көрнекті рөлдерімнің бірі. Дулат ағамыздың тағы «Жаужүрегінде»  Балуан шолақтың досы Ақылбайдың ішкі жан дүниесі де менікімен үйлесетіндей. Оның  бойындағы адалдық, қарапайымдылық, ақкөңілділігін өзімнің  табиғатыма жақын тарттым. Айта берсем сүйсініп сомдайтын бұдан өзге кейіпкерлерім көп.

 - «Абай» деректі фильмінде басты рөлді ойнадыңыз. Қазақтың бас ақынының жан әлеміне  қаншалықты терең үңіле  алдыңыз?

 - Фильмнен бұрын мен театрда жас Абайды сомдағанмын. Кейіннен дана Абайдың рөлін алып шығуға режиссерлардан ұсыныс келіп түскен болатын. Бірақ мен бас тарттым. Себебі Абайдай данышпанды сомдауға мен әлі дайын емес едім. Тәжірибе жинақтай келе деректі фильмге түсіге ұсыныс түскенде бірден келістім. Бұл деректі фильм болғандықтан Абайдың болмысын түгел аша алдым деп айта алмаймын. Себебі онда көрініспен қатар кадрдан тыс оқылатын мәтіндер бар. Бірақ рөлімді сәтті алып шыққан секілдімін. Фильмнің түсірілімінен кейін көптеген адамдардан жағымды пікірлер естідім, көрермендер құттықтауларын жеткізіп жатты. Мен Абайдың кейпіне енбес бұрын  оның әрбір айтқан сөздеріне, шығармаларына үңіліп, зерттеу жүргізіп, өз-өзімді іштей әбден дайындықтан өткіздім. Мына сөзінде Абай не айтқысы келді, қандай көңіл-күйде болды, ол неден түңілді? деген сұрақтарға жауап іздедім. Оның үстіне түсірілім ақынның туған жері Жиделібайсын жерінен басталды. Ондағы Абайдың музейіне барып қолданған заттарын, шерткен домбырасын барлығын өз көзіммен көріп қайттым. Мұның барлығы маған үлкен күш берді. Жалпы фильм экранның арғы жағындағы жанарлардың сезімін оятты деп сеніммен айта аламын. Бастапқыда режиссердің фильмге байланысты жоспары ауқымды еді. 30 сериялы болады деп күткен едік. Алайда 5 сериясы түсірілді. Енді қазақтың  Абайы таусылмайтын тақырып қой. Келешекте жас режиссерлар ол туралы әлі талай жақсы туындылар түсіреді деген ойдамын. Егер болашақта Абайдың рөлін сомдауға тағы мүмкіндік туып жатса қуана қабылдар едім.         

 - Болашақта тағы  кімді сомдағыңыз келеді?

 - Театрдағы жиырма жылға жуық уақыттың ішінде кейіпкерлерге «кедей» болған жоқпын. Комедия, трагедия, драма жанрының барлығында ойнадым. Соның ішінде тарихи спектакльдерде ойнағым келеді. Ханның рөлі болмаса да тарихи тұлғалардың кейіпіне енуді қалап жүрмін. 

 - Театрдың орындығында көрермен ретінде жиі отырасыз ба?

 - Жиі болмаса да, ара-тұра спектакль тамашалап тұрамын. Уақыттың тапшылығына байланысты мұндай мүмкіндік театр әртістері үшін туа бермейді. Ал өзіміз ойнаған драманы  тек сахнаның артынан бақылап тұра аламыз, ал көрермен ретінде көріністі сахнаның алдынан тамашалау бізге арман.  Соңғы рет М.Әуезов театрының репертуарындағы «Қасқағым сәт» және «Сұлу мен суретші» деген спектакльдерді көрдім. Көзі қарақты көрерменнің талғамынан шығып жүрген «Томирис» спектакльін әлі күнге дейін көре алмай келемін.  

 - Ер адамның бағы асыл жары емес пе? Әйеліңіз қандай жан?

 - Жарымның есімі Анар. Үйде бала тәрбиесімен айналысады. Ерінің жағдайын жасап, әрдайым  маған қолдау көрсетіп отырады. Үш ұл бір қыздың анасы. Биыл үлкен ұлым әке жолын қуып Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсті. Алғашқыда оны басқа саланың маманы болса екен деп едім, өзі өнер жолын қалап тұрған соң ақ батамды бердім. Бойында таланты бар, енді оны әрі қарай еңбектеніп алып кете алар деген үміттемін. Үшінші баламның да өнерге икемі бар. Ал кіші ұлымнан көп нәрсені күтемін. Өнердің нағыз  жанашыры болатын шығар.  

Мұрағаттан: 02.10.2014

Абай Әбішев: «Жалғыз концерт әншілерді асырамайды»
Қанат Мырзаханұлы: Айтыстың соңынан өсек-аяңның шұбатылып жүретіні ұнамайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу