Күннұр Қалмұрзаева: «Шаншарға» ешқандай театр бәсекелес бола алмайды»

Oinet.kz 17-05-2019 2953

16-2.jpg

Күннұр Қалмұрзаева, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының әртісі:    

-Күннұр ханым, бүгінде ел сізді «Шаншар» әзіл-сықақ театрының  әртісі ретінде жақсы таниды. «Шаншарға» дейін де шығармашылықпен айналыстыңыз ба?

-Актриса болу бала күнгі арманым еді. 2002 жылы сол арманның жетелеуімен  Түркістан қаласындағы Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Онда қазақ жұртына кеңінен танымал сахна саңлағы, талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Райымбек Сейтіметов ағамыздан дәріс алдым. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Түркістан сазды драма театрында, кейіннен Жетісайдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрда қызмет ете жүріп тәжірибе жинақтадым. Жас маманға ортаны жиі ауыстыру оңайға соқпайды. Солай бола тұра белгілі бір себептермен Шымқаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға ауыстым. Сондай-ақ «Шымкент-шоу» театрында да біраз өнер көрсеттім. 2009 жылы  өздеріңіз білетіндей «Шаншар» ұжымының қатарына қосылдым.

-Түрлі  театрлар  сахнасында өнеріңізді көпшілікке паш етіп жүргеніңізбен  «Шаншардың» сізге танымалдылық әкелгенін мойындайсыз ғой?

-Оны мойындамасқа амал да, себеп те жоқ. 

-Театрда сізге кіммен партнер болған көбірек ұнайды?

-Дарынды, тәжірибелі әртіс Ғалымжан Қалыбаевпен партнер ретінде көптеген рөлдерді ойнадым. Бәрі де ұтымды, сәтті шыққан секілді. Соған қарағанда екеуміз сахнада көбірек үйлесімділік табатын секілдіміз. 

-Қазіргі таңда жас театрлардың қатары көбейіп келеді, "Шаншардың" қалыптасқан өз көрермені бары рас. Дегенмен елімізде сатира театрлары арасында бәсекелестік бар ма?

-Қазіргі таңда «Шаншарға» ешқандай театр бәсекелес бола алмайды деп ойлаймын. Себебі «Шаншар» басқа жас театрларға үлгі болып жүрген әрі аға буын жиналған  өнер шаңырағы. Ал Уәкең (Уәлибек Әбдірайымов) бүгінде жас театрларда талантын шыңдап жүрген жастардың көбісін тәрбиелеп шығарған, бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз.

-Сіздің асабалық қырыңыз да бар екен, жалпы қыз балаға асаба болу қиын емес пе?

-Асабалық маған қиындық тудырмайды. Өйткені жанымда көбінесе  ер асабалар болады. Яғни дуэт асабалықты ұстанамын. Асабалық та Алланың адамға берген сыйы, дарыны. Сол себепті  қыз баласы болсам да бұл кәсібімнен ұялған емеспін, қазір әркім қолынан келгенше қосымша қаражат табуға тырысады ғой.  

-Бүгінгі театр көрермендерін қандай тақырып қызықтырады?

-Бүгінде  көрермендер талғамы жоғары деп айта аламын. Күнделікті күйбең тіршіліктің әлегі сахнада қойылатын қызықты тақырыптардың қатарынан қалған емес. Көзбен күн сайын көріп, қайталап жүрген тірліктерін сахнадан әзіл ретінде тамашалағанда шынымен де осылай ғой деп мойындап жатады. Кейде саясатты да қозғап тұрған дұрыс.  

-Кино әлемінде өзіңізді сынап көргіңіз келмей ме?

-Кино әлемі де мені қызықтырады. Осы уақытқа дейін «Қазақфильмнің» туындыларына шақырылмасам да шымкенттік жас режиссерлердің түсірген фильмдерінде бірнеше эпизодттарда ойнадым. Уәлибек  Әбдірайымовтың «Алтын ұя» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдадым. Егер режиссерлар тарапынан  тағы мүмкіндік, шақыртулар болып жатса  киноға түсуден бас тартпаймын.

-Жеке өмір мен өнерді қаншалықты үйлестіре алып жүрсіз?

-Өнер менің өмірімінің бір бөлшегіне айналып кеткен. Жалпы отбасымызбен өнерді түсінетін, қадірлейтін жандармыз. Алайда атақ үшін емес абырой үшін қызмет етемін. Қыз баласына өнер жолы ауыр екенін білемін, бірақ отбасым менің таңдауыма қарсы келген емес, кәдуілгі жұмысым ретінде қабылдайды. 

-Арманыңыз не?

-Пендеде арман таусылған ба?! Менің арманым--анамды қажылыққа апару. Бауырларым өмірден өз орындарын тапса деймін, ең бастысы отбасымның амандығынан  басқа не арман болсын?  Дегенмен бұйырғаннан артық болмасын білемін. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Марат Жыланбаев, рекордшы желаяқ: «Әлі күнге әлемде мендей көп жүгірген адам жоқ»
Ахметжан Керімбек: «Жамағатқа дінді ғана дәріптемей, дәстүрмен де тәрбиелеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу