Марат Жыланбаев, рекордшы желаяқ: «Әлі күнге әлемде мендей көп жүгірген адам жоқ»

Oinet.kz 17-06-2019 1792

Screenshot_20.jpg

Кезінде Гиннестің рекордтар кітабына 7 рет енген Марат Жыланбаев қазір қайда? Қандай шаруамен айналысады? Каспий банкінің жарнамасынан көріп қалғанымыз болмаса, көпшілігіміз біртуар қазақ ұлының қазіргі өмірінен бейхабармыз. Биылғы жаздан бері Марат Жыланбаев Фейсбук әлеуметтік желісіне өз өмірінен әдемі үзінділер жариялай бастады. Сочиден (Ресей) келген сапарынан соң даңқты желаяқты аз-кем сөзге тартып, «Рейтинг» оқырмандарына сый ұсынуды жөн көрдік.

Есей Жеңісұлы: Марат аға, қазір қайда тұрып жатырсыз?

Марат Жыланбаев: Екі жылдан бері Астанада тұрамын. Екібастұздағы бизнесімді – фотосалон, мейрамхана, бәрін түгел жалға бердім. Қазір отбасыммен бірге демалып жүрмін. Қаржы жағынан еш қиындық жоқ.

Есей Жеңісұлы: Сіз әлемнің барлық үлкен шөлдерін жалғыз жүгіріп өтіп, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдедіңіз. Бүгінгі күні артқа қайырылсаңыз, сол ерліктеріңіз жанкештілік немесе әпенділік болып көрінбей ме?

Марат Жыланбаев: Жоқ, екеуі де емес. Мен сол кезде алдыма үлкен мақсат қойдым және оны орындай алдым. Ең маңыздысы осы. Ашып айтар болсам, әлемнің барлық шөлін жүгіріп өту арқылы мен өз жаттығу әдісімнің тиімділігін дәлелдегім келді. Бұған дейін нәтижесі орташа марафоншы болсам, бір жыл ішінде ультрамарафоншы бола алатынымды айтқанымда, кәсіпқой орта кекесінмен қарады. Өйткені, жоғары деңгейге жету үшін лайықталған әдістемелер бойынша спортшы кемінде 7-10 жылын сарп етуге тиіс еді. Жер ортасынан жік шыққандай, мен өз әдістерімді ұсынғанымда, спорт әлемі мүлде сенген жоқ. 

Есей Жеңісұлы: Демек, сізді сол кезде ешкім түсінген жоқ қой?

Марат Жыланбаев: Ешкім түсінген жоқ. «Әпенді», «ала қарға» десті. Бұлай болатынының бір себебі – мен ол кезде жалғыз жүгірдім. Мен сияқты сонша көп жүгірген әлемде ешкім болған жоқ, тіпті әлі күнге дейін ешкім жоқ. Бірен-саран тәуекел еткендер болды, алайда олар орта жолға жетпей болдырып жатты. Мұның себебін жақсы білемін. Оларда дәл менікіндей жаттығу көлемі мүлде болған жоқ. Ал шөлдерді менен кейін жүгіріп өткен ешкім болмады. Бір қытай желаяғы Сахараны кесіп өтуге тәуекел етіп көрді, бірақ мәреге жете алмады. 

Есей Жеңісұлы: Сонда сіздің жаттығуларыңыздың ерекшелігі қандай еді? 

Марат Жыланбаев: Адамдар ағзасының бір-бірінен айырмасы жоқ. Менде бар қол сізде де бар, аяқ та, бас та сондай. Бірақ адам жаттығулар арқылы күн сайын мықты бола түседі. Ол үшін ағзаға түсетін күшті бірте-бірте көбейте беру қажет. Ағзаны тыңдай жүріп, өз мүмкіндігіңді толық шамалап алған дұрыс. Байқағаным, адам бір нәрсеге тәуекел ету үшін ерік-жігер керек. Ал сол ерік-жігер, мінез де адамға тек жаттығу арқылы келеді. Мен күнде таңертең – 42, кешкісін 42 шақырым жүгіруді әдетке айналдырдым. Бір жылдан кейінгі нәтижелерім мамандарды қатты таң қалдырды. Жыл аяқталмай жатып-ақ үш әлемдік рекорд жаңарттым. 20 жылдан астам уақыт сол рекордтар әлі жаңарған жоқ. Яғни, бір жылда 226 классикалық марафонды жүгіріп өттім. Күн сайын қатарынан 23 марафон жүгірдім. Сондай-ақ, 15 күн ішінде 30 марафон жүгіріп өттім. Күніне 2 марафоннан. 

Есей Жеңісұлы: Ал әлемнің барлық шөлін жүгіріп өтуге қалай бекініп жүрсіз?

Марат Жыланбаев: 1991 жылы Екібастұздағы «Кругозор» кітап дүкенінен Робин Дэвидсонның «Ешқашан таусылмайтын саяхат» деп аталатын кітабын сатып алдым. Оқи отырып, үлкен қазынаның үстінен түскенімді түсіндім. Шынында да, бұл кітап болмаса, шөлді жүгіріп өтудің не екенін ешқашан түсінбес едім. Робин төрт түйемен және бір итпен Австралиядағы Үлкен Виктория шөлін жүріп өтеді. Екі жыл дайындалып, неше рет адасып, кеткен жеріне неше рет қайта келіп сансыраса да, ақыры ол дегеніне жетеді. Бұл бірнеше шаруаны бастап, орта жолдан тастап кететіндер үшін өте пайдалы дүние. Кітапты оқи отырып, авторды жақсы түсіндім. Екеумізге ортақ нәрселер өте көп екен. Екеуміз де мінездіміз, екеуміздің де балалық шағымыз оңай болмапты, екеумізге де ешкім сенбепті, үнемі өзімізді дәлелдеуге тырысыппыз. Кітапты бітірген соң, Дэвидсон салған бағытпен Үлкен Викторияны жүгіріп өтуге бел байладым. Бірақ оған бірден тәуекел ету оңай болмайтынын жақсы түсіндім. 1992 жылы шөлдерге шабуылымды бастадым. 20 күн ішінде Қарақұмды жүгіріп өтіп, 1200 шақырымды артта қалдырдым. 1993 жылы 24 күн ішінде 1700 шақырымдық Сахара маған «басын иді». Сол жылы Сиднейде елшілік қызметкерлері арқылы Робинмен бетпе-бет жүздестім. Оның бағыты бойынша 22 күн ішінде Үлкен Викторияны (1600 шақырым) артта қалдырдым. 1994 жылы АҚШ-тағы Невада шөлін 17 күн ішінде (1218 шақырым) жүгіріп өттім. 

Есей Жеңісұлы: Қауіп-қатер, неше түрлі күтпеген жағдай сіздің ерік-жігеріңізді одан сайын шыңдай түсті ме?

Марат Жыланбаев: Ондай оқиғаның бәрін санай берсек, бір кітап жетпес. Екібастұздан Алматыға жүгіргенімде, Балқаш қаласының тұсынада бір үйір қасқыр ізімді аңдығаны бар. Ең қызығы, олардың ізімнен қалмай келе жатқанын мүлде байқамаппын. Айдалада, борап тұрған қардың астында жалғыз біреудің жүгіріп бара жатқанын, оны бір үйір қасқыр өкшелеп қалғанын көлік мінген жолаушылар көріп, автоинспекция қызметкерлеріне хабарлап үлгеріпті. Олар дереу менің соңыма түсіп, жолыма жарығын түсіріп, Балқаш қаласына дейін әкелді. Артынан рахмет айтып жатсам, топ қасқырдың жемі бола жаздағанымды айтып, таң қалдырды. Ал Қарақұмда жүгіріп жүргенімде, жергілікті бақташылар мені шайтан екен деп атып тастай жаздағаны да бар. Дауыстап, адам екенімді білдірмегенімде, шүріппені басып қалар ма еді... Сол Қарақұмда шекара бұзушы ретінде қауіпке ілініп, арнайы қызметтің сұрауына түскенім де есімде. Айта берсем, мұндай қызықтар өте көп. Сахарада, адам аяғы сирек басатын құмтаулардың ортасында түйе жетектеген арабпен жолығып, оның бізді алып жүрген жүргізушінің танысы болып шыққаны да айта жүрер әңгіме.

Есей Жеңісұлы: Өзіңіздің әдісіңіздің кем соққан, аяқтан шалған тұсы болды ма?

Марат Жыланбаев: АҚШ-тағы «Ажал алқабын» жүгіріп өту кезінде әр бес шақырым сайын тұрған таңдай жібіту бекеттеріне қайырылмай, ағзамды қатты сансыратып алғаным бар. Өз есебім бойынша, кемі бір марафондық қашықтықта ағзамда ылғал азаюға тиіс еді. Сөйтсем, басты қателігім – бірден қатты жылдамдықпен жүгіруім екен. Ол кезде температура көлеңкенің өзінде – +45, ашық жерде +67 градусқа жетіп тұрған-ды. Бір емес, бірнеше рет естен танып құлап, ес жиған соң қайта жүгіріп, мәреге екінші болып бәрібір жеттім. Соңғы 10 шақырымда ағзам түгелдей «жүгіруден бас тартты». Мені мәреге ерік-жігерім ғана алып келді, әйтпесе, аяқтарым ағаш боп, тіпті бүгілмей қатып қалған-ды. Демек, адам өз ағзасын қашанда тыңдай білуге тиіс. Егер сол жерде бапкерім де болғанда, мені жүгіртпес еді. Өзімнің бірбеткейлігіммен мәреге жеттім. Екінші рет құлағанымда, «Түйе құлап қалды» деп хабарлапты  ұйымдастырушылар.

Есей Жеңісұлы: «Түйе» деген сіздің лақап атыңыз емес пе?

Марат Жыланбаев: Жарыс жолында су ішпей жүгіре беретініме орай маған «Кемэл» (Түйе) деген лақап ат таңылғанын жақсы білемін. Сосын «қай жерденсің?» дегендерге Қазақстанды айтсам, алғашқыда көбі біле бермейтін. «Моңғолияның тұсында» деп түсіндіретінмін. Содан кейін «Шыңғыс хан» деп те атайтын болды.

Есей Жеңісұлы: Әлемді жүгіріп айналып шығуға тәуекел еткеніңізді білеміз. Бұл жоспар неге іске аспады?

Марат Жыланбаев: Бұл ерекше жоспар еді. Бірақ үкімет қаржылай көмектесе алмады. Әуелі осы сапарға орай комиссия болды, ұйымдастыру комитеті құрылды. Сол кездегі вице-премьер, Ұлттық олимпиялық комитет басшысы, бәрі комиссия құрамында болды. Арабтар, мәскеуліктер қаржылай көмектесуге ниет білдірді. Бірақ өз еліміз көмектеспесе, ол ақша бәрібір жетпейтін еді. Демеушілердің қаржысымен жарты жолға дейін барып тоқтап қалғым келмеді. Қол жайып ақша сұрап, ешқашан жүгірген емеспін. Тіпті анығын айтайын, бір рет Канадаға ұшарда 2 мың доллар алғаным болмаса, Қазақстанның ресми билігі маған еш көмектескен жоқ. Мен Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіпқой спортшымын, яғни, өзімді-өзім қаржылай қамтамасыз ету үрдісін 90 жылдардың ортасында бастап кеттім. 

Есей Жеңісұлы: Қазір жүгіріп жүрсіз бе?

Марат Жыланбаев: Өзім үшін аптасына 40-50 шақырым жүгіремін. Ал жүгіргісі келетіндерге айтарым, бұл – тамаша нәрсе. Адамның барлық мүмкіндігі осы жүгіру арқылы жарқырай түседі. Қазір 90 жылдардағыдай емес, жүгіруге мүмкіндіктер өте көп. Қалтаңыздағы телефонмен-ақ GPS, қадам есептеу мәселелерін шешіп ала аласыз. Ағзаңыз да кез келген сынаққа дайын болады. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Лашын Мұратқызы, әнші: «Эмоциясыз ән – жүрексіз ән»
Күннұр Қалмұрзаева: «Шаншарға» ешқандай театр бәсекелес бола алмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу