Лашын Мұратқызы, әнші: «Эмоциясыз ән – жүрексіз ән»

Oinet.kz 17-05-2019 2022

Screenshot_11.jpg

-   Шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз?

-  Әншілікті тек кәсіп етіп  қана қоймай өміріміздің мәні деп білемін. Сондықтан  қандай ән жаздырсам екен деген ой үнемі санамда жүретіні рас. Ән жазу мәнері, әндегі ерекше иірімдері ұнайтын жекелеген сазгерлердің туындыларын тыңдап, көңіліме қонғандарын жаздырып жатқан жайым бар. Соның ішінде ғаламторда, әлеуметтік желілерде үлкен сұранысқа ие болып, тыңдарманның оң бағасын алған жаңа әнді ерекше айта кеткім келіп отыр. Ол--жүректерден жол тапқан ғажап әндердің авторы, композитор Ербол Спанәлиевтің «Мен сені құлай сүйгенмін» деп аталатын шығармасын автормен бірге дуэт болып айттық. Бұл менің біреумен жұптасып айтқан алғашқы дуэтім емес. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін Сержанәлі Әлібекпен бірге «Бақытты бол», Нұрлан Албан екеуміз  «Анаға сағыныш» атты әндерді бірге шырқадық. Сондай-ақ, осыған дейін баяу, лирикалық әндерді көбірек орындасам, енді ырғақты әнге ден қоюға көштім. Осылайша өзімді халыққа әнші ретінде өзгеше қырымнан көрсетсем деймін. Нұржамал Хасанқызының сөзіне жазылған Самат Рыспанбетовтың «Жоғалған сезім» атты әнінің өңдеуі де аяқталуға жақын. Ал алдағы жоспарларға келсем, жақын арада көрерменді бояуы бөлек, тың бағытта түсірілген бейнебаяныммен қуантпақпын. Ол телеарналар арқылы  көрерменге көп ұзамай жол тартып қалатын шығар. Ал әннің аты әзірге құпия болсын.

-     Өнер  өскен орта, өнген топыраққа байланысты деп жатады. Сіздің туып-өскен ортаңыз қайсы?

- Мен Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарыбастау деген ауылда дүниеге келгенмін. Қазаққа Мұқағали, Бердібек, Сағаттай, кешегі Ораздай дарындарды сыйлаған киелі өлкеде кіндік қаным тамып, балалық бал дәуренім өтті. Әнге деген құмарлығымды оятып, оны дамытқан да осы туған өлкем. Отбасында төрт баламыз. Мен қыздың үлкенімін, ағам Мақсат, інім Фархад және Жұлдызай деген сіңлім бар. Аллаға шүкір барлығы шаңырақ көтерген, өз отбасы бар. Өзім де тұрмыстамын. Аяулы жарым Рүстем бар полиция қызметін атқарып жүр. Әнел, Ажар есімді қос қыздың анасымын.

-     Әншілердің көбісі үй шаруасына, ас үйдегі  жұмысқа ебіміз жоқ деп жатады. Сіздің ше?

- Бұл сұрақтың жауабын нақтырақ білгіңіз келсе біздің үйге қонаққа келіңіз(күлді). Жалпы тамақ даярлау, үй жұмыстарына анамыз ерте бастан баулыған. Сол үшін де анама ерекше алғысымды білдіргім келеді. Тамақтың түр-түрін пісіру, оның ішінде естіп,білген жаңа тағам түрлерін дайындау, қонақ күту-- өзіме қатты ұнайды. Қонақ келмесе ас батпайтын халықпыз ғой. Шаңырағымызға келген мейман түгілі  отбасыма да дүкендегі дайын тағамды сатып ала салу немесе дастарханды атүсті жая салу әдетімде жоқ. Сондықтан да ақ дастарханы жиылмайтын, үстелінен түрлі мәзірі арылмайтын отбасымыз десем артық айтқандық емес шығар.

- Елдегі дағдарыс, әсіресе доллардың бағасы өсуі әншілердің тұрмысына, шығармашылығына қалай әсер етуде?

-  Заман қай кезде де өзгермелі ғой, оның ішінде валюта тұрақсыздығы. Оған етіміз үйреніп қалды. Жалпы өнер адамы қандай қиындық кездессе де жаңа ізденістерге барып, тың қадам жасау үшін ширыға түсу керек деп ойлаймын. Дей тұрғанмен қаржы саласындағы бұл өзгерістердің шығармашылыққа салқынын тигізбей қоймасы анық. Олай дейтінім, біз өңделетін әнге де, киетін киімге де доллармен, АҚШ валютасымен есеп айырысамыз ғой. Енді шешілмейтін түйін жоқ, оның да бір амалын табармыз.

-   Айнаның алдында қанша уақытыңызды жұмсайсыз?

-  Жалпы Алланың берген сыйы шығар, бет-әлпетімнің табиғи қалпы ешкімнен кем емес деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, өнер адамы болған соң үнемі күтімді, әдемі болып жүру міндетіміз. Сол себепті күнделікті жасанып, әдеміленіп жүретінімді жасырмаймын. Ал сахнаға, арнайы шақыртуларға барғанда киетін костюмге сай макияж жасатамын.

- Еуропа демей-ақ қояйық, Орта Азия бойынша салыстырып алғанда Қазақстандағы шоу-бизнестің дамуы қай деңгейде?

- Еуропадағы, тіпті бірқатар Азия елдеріндегі шоу бизнестің қалыптасуы мен оның дамуы біздің елмен салыстыруға келмейді. Ол--біздікі кем, олардікі артық деген сөз емес. Кез келген елдің экономикасы, саясаты сияқты шоу бизнесі де әр халықтың ұлттық болмысына сай дамиды. Ал біздің бүгінгі өнердің негізгі демеушісі--халықтық той. Той арқылы дамыған өнер соған сай репертуар қалыптастырып жатқаны да заңдылық. Бірақ айналып келгенде тәуелсіздік алған жылдарымызбен салыстырғанда мереке-думандарымыз бен демалыс орындарында, тіпті сырғанау алаңдарының өзінде тек қазақ әндерінің ойнауы  жылдар бойғы жемісіміз деуге болады. Ал той бизнестен шоу бизнес деңгейіне көтеріліп, көптеген кәсіби студиялардың ашылуы, бағыты басқа тың жобалардың көрерменге жол тартуы шоу бизнесіміздің ешкімге ұқсамай өзінше дамып келе жатқанын көрсетеді.

-   Бүгінгі тыңдарманның талғамы туралы не айтасыз?

-  Әр әннің өзінің аудиториясы, тыңдарманы бар. Жас буын әрине насихаты көбірек болған соң эстраданы жөн көреді. Ал адам ес тоқтатып, сөз түсінетін жасқа келгенде ұлттық өнерді іздейтіні, тамырын аңсайтыны заңдылық болса керек. Дәстүрлі өнерді алдыңғы буынның көбірек тыңдайтыны белгілі. Бірақ та дәл осы дәстүрлі өнерге қызығып, сол салада маманданып, оқып жатқан қаншама жас буын бар. Демек олар болашақта ұлттық өнерімізді өзінің замандастарына жететіндей, бүгінгі тілмен айтсақ өтетіндей жол табарына сенімім мол.

- «Біреудің жан дүниесін білгің келсе ән салғыз» деген сөз бар. Сіз ән салғанда тыңдарманға ішкі сырыңызды қаншалықты ашасыз немесе сахнада эмоция, көңіл-күйіңізді білдіріп қоятын кезіңіз бола ма?

-  Жалпы барлық салада танымал адамдар өте көп. Бірақ халық соның ішінде әншілерді көбірек жақсы көреді, артығырақ құмартады. Өйткені әнші әнімен ішіндегі сырын, барын ақтарады. Егер менің әнімнен өзіңіздің қалауыңызды тауып жатсаңыз, демек біздің жүрегімізде ұқсас сезімдер бар деген сөз. Эмоциясыз ән-жүрексіз ән болмай ма? Ішімдегі сезімді, әннің жүрегін халыққа жеткізуге тырысамын.

Мұрағаттан, 2015 ж

Нұржан Тұрсынбай: «Терроризм мен экстремизм – үрей мен іріткі салу жолы»
Марат Жыланбаев, рекордшы желаяқ: «Әлі күнге әлемде мендей көп жүгірген адам жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу