Исамуддин Рысбаев: «Ардагерлер – өнегелі істердің ұйытқысы»

Oinet.kz 01-08-2019 1445

Screenshot_41.jpg

Исамуддин Рысбаев, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрбіріне қаржылай көмектер көрсетіледі. Бұл туралы бізге Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаев айтып берді.

– Былтыр Жеңістің 70 жылдығында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион 200 мың теңгеден берілген еді. Биыл сондай қомақты болмаса да жергілікті билік тарапынан бюджеттен бөлінген 212 мың теңгеден беріледі. Десек те ақиық ақын Мұқағали айтқандай, «Қариялар азайып бара жатыр...» Сол кезде облыс орталығында 192 ардагер тұратын. Өкінішке қарай, осы жылғы сәуір айының соңындағы мәлімет бойынша олардың 143-і ғана арамызда жүр, – дейді қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. 

Десек те аталған қоғамдық ұйым кәріліктің емес, болашақтың қамын ойлап, ұрпаққа өнегелі істердің ұйытқысы  болып жүр. Сол мақсатта ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 сауапты іс жобасын жүзеге асыруды қолға алыпты. 

– Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, көп балалы аналарды, Балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қолдау мақсатында жыл басынан бері сауапты іс-шаралар жасауға кірісіп кеттік. Өз арамызда құрылған «Әжелер алқасы» №2 медициналық әлеуметтік орталыққа барып, науқас балалармен кездесу өткізді. Оларды мейірім шапағаттарына бөлеп, көңілдерін көтеріп, тезірек айығып кетулеріне тілеулестік білдіріп, концерттік бағдарлама қойып қайтты, – дейді Исамудин ақсақал.

Мұндай игі істер Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, қалталы азаматтардың демеушілігімен жиі өтіп тұрады екен. Облыс орталығында Наурыз мерекесін алғаш болып бастап берген кеңестің мүшелері майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін тек 9 мамыр қарсаңында ғана іздемейді. Ең жасы кішісі 90-нан асқандарды туған күндерімен құттықтауды бұлжымас дәстүрге айналдырған. Үйлеріне іздеп барып, сый-сияпаттарын тапсырып тұрады. Сонымен бірге газет-журнал беттері мен телеарна, радиолар арқылы да құттықтап жатады.    

Өздігінен жүріп-тұра алатын қарияларды қатарларынан қалдырмай оқу орындары мен мектептердегі кездесулерге апарып, өнегелі әңгімелерін ұрпақ тәрбиесіне арнайды. Оқушылар санасында Отан қорғауды азаматық борышым деп білетін түсінік қалыптасатындай  болуы үшін ардагерлер үнемі ізденістер үстінде жүреді екен.

–  Біздің ұйымдастыруымызбен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер Отырар кітапханасына барып, Наурыз алаңы маңындағы Салт-дәстүрлер орталығы мен облыстық мұражайды аралап, алған әсерлерін жастармен бөлісіп отырады. Көрген-білгендері мен ақыл-кеңестерін айтады. Тіпті осы мақсатта біз қаладағы ардагерлердің 200 бастауыш ұйымының арасында байқаулар да ұйымдастырып тұрамыз. Олар арнайы құрылған комиссия алдында игі шаралар жоспарын таныстырып, өздері жасаған жобаларын ұсынып, дәлелдеп қорғайды, – дейді Исамуддин Рысбаев.

Олар биыл да майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күні қарсаныңда үйлеріне іздеп барып құттықтайды. Ал біз қолымыздан келгенше қарияларымызды қамқорлығымызға бөлеп, демеуге дайын тұрайық. Игі істердің ұйытқысына айналған қарттарым аман сау жүрші...

Мұрағаттан, 2016 ж

Қанатбек Досалиев: «Реформаларды жүзеге асырамыз деп жүріп уақыт өткізіп алдық»
Рамазан Стамғазиев, әнші: «Әскерде біз де таяқ жегенбіз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу