Дональд Трамп: «Байден соғысты тоқтату үшін ештеңе істеген жоқ»
АҚШ президенті Джо Байден алдағы сайлаудан бас тартатынын мәлімдеп, вице-президент Камала Харристің кандидатурасына қолдау білдірді. Камала Харрис анасы жағына үнді, әкесі жағынан афроамерикалық. Ол АҚШ тарихындағы алғашқы әйел әрі алғашқы азиаттық президент болуы мүмкін. Бірақ көп сарапшылар бұл мүмкіндіктің бола қоятынына онша сенбейтін сияқты.
Камала Харрис президенттікке республикашылдар атынан үміткер, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа анау айтқандай тегеурінді қарсылас бола алмайтын сияқты. Мұны Трамп та жақсы түсінеді. Ол «мен президент болған соң өйтемін, бүйтемін» деген әңгімелерін үдете түсті.
Дональд Трамп Ақ үйге оралған жағдайда бірінші кезекте Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салатын қайта-қайта айтуда. Алайда бұл Трамп үшін оңай бола салмайды. Мұндай мәлімдемені Италияның Қорғаныс минстрі Гвидо Крозетто айтты.
- Менің ойымша, Трамп АҚШ-тағы саясатты күрт өзгертеді. Ол бейбітшілікті тезірек орнату үшін Путинмен келіссөз жүргізуі мүмкін, бірақ бұл проблемаға айналады,- деді министр.
Министрдің ойынша, халықаралық құқықты тәрк еткен жағдайда «күштінің арты диірмен тартады» деген заңдылық алға шығады. Трамп Украина мен Палестинада осы саясатты орнатқысы келеді. Әскердің күшімен басып алған жерлердің шекарасын өзгертіп, соғыс мәселесін бейбіт шеше салуға болатын шығар. Бірақ бұл әділеттің ауылынан тым алыс.
Жуырда Трамп пен Байденнің арасындағы дебатта да Украинадағы соғыс тақырыбы баса айтылды. Трамп Байденді Украинаға өте көп көлемде қаражат бөлгені үшін айыптады. Бұлай істеген дұрыс болмады, егер ол президент болып тұрған кезде Путин ешкімге соғыс ашпаған болар еді.
- Егер бізде Путин сыйлайтын нағыз президент отырған кезде ешкім ешқашан Украинаға соғыс ашпаған болар еді,- деді Трамп.
Оның айтуынша, Ресей-Украина соғысында өте көп адамдар қаза тапқан. Ресми мәліметтегі цифрларды екі есеге, тіпті үш есеге көбейтуге болады. Ал Байден соғысты тоқта үшін ешнәрсе істеген жоқ, қайта шабуыл жасаған Ресейді қолдап отырды,--деді Трамп.
Трамптің ойынша, Путин Ауғанстанды тастап шыққан АҚШ әскерінің әлсіздігін көрген соң Украинаға шабуыл жасаған. АҚШ Ауғанстанда миллиард долларлық қару-жарақты тастап кеткен. Трамптің мәлімдеуінше, Байден Украинаға 200 миллиард доллар, тіпті одан да көп қаражат бөлген. Зеленский әр келген сайын 60 миллиард доллар алып кетіп отырған. Ол тарихтағы ең ірі саудагер екен.
- Мен Путин мен Зеленскийдің арасындағы соғысты тоқтатамын. Тіпті оны 20 қаңтарда қызметіме кіріскенге дейін шешемін,- деді Трамп.