"242 млн теңге желге ұшты". Ғылым министрлігі сапасыз ойынға қатысты мәселеге жауап берді

Oinet.kz 23-01-2026 57

Қазақстанда қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider компьютерлік ойынына жұмсалған 500 мың доллар қоғамда қызу талқы тудырды деп хабарлайды Оinet.kz ақпараттық порталы. 

image.png

 Жоба Steam-де шықты. Бірақ қолданушылар аз, сын көп.  Қолданушылардың басым бөлігі жобаның бағасы мен ұсынылған өнімнің деңгейі бір-біріне сай келмейтінін атап өтті. Жобаға жауапты Ғылым және жоғары білім министрлігі сынға ресми түрде жауап берді. 

Ресми тұжырымдамаға сәйкес, Steppe Rider қазақ тілін үйретуге арналған қадамдық RPG форматындағы оқу ойыны болуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде жоба қарапайым раннер жанрында жасалған. Ойын механикасы мен визуалы танымал Subway Surfers сынды мобильді ойындарды еске салады.

Жобаны қорғау міндеті Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовке жүктелді. Оның айтуынша, Steppe Rider — тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында жасалған алғашқы отандық оқу ойыны.

«Иә, сұрақтар туындады және әлі де туындап жатыр», – деп мойындады комитет төрағасы.

Министрлік өкілінің айтуынша, ойын қазақ тілін A1 және A2 деңгейлерінде меңгеруге арналған. Бұл — халықаралық тәжірибеде бар формат. Тілешов шетелдік нарықта осындай өнімдердің құны 1 мың доллардан 300 мың долларға дейін жететінін атап өтті. Ал Steppe Rider үш платформаға арналған деп түсіндірілді.

Алайда бұл уәждер де сынның бетін қайтара алмады. Қоғамда «үш платформа» аргументі 242 миллион теңгенің сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімге айналмағанын ақтай ала ма деген сұрақ ашық күйінде қалды.

Министрлік жобаның әлі де жетілдірілетінін, 2026 жылы жаңартылатынын мәлімдеді. Ербол Тілешовтің сөзінше, қазіргі пікірлердің «басым бөлігі оң».

Боранбаевтың футбол клубы биыл бюджеттен 750 млн теңге алады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу