Серік Жұманғарин 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің алғашқы отырысын ашты

Oinet.kz 31-01-2026 40

Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуде. Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің алғашқы отырысын аша отырып, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Кеңес мүшелері мен байқаушы мемлекеттердің өкілдеріне арнап сөз сөйледі. 

image.png

Оның айтуынша, Қазақстан Президенті мемлекет басшыларына жолдаған үндеуінде ЕАЭО шеңберіндегі ортақ жұмыстың басым бағыттарын нақтылап берген. Атап айтқанда, 2026 жылы экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект құралдарын енгізу, Одақтың логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы кедергілерді жою және үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық беріледі.

Сонымен қатар ортақ процестерді толық іске асыру мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі таңда бекітілген 77 ортақ процестің тек 42-сі ғана нақты жүзеге асқан. Уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері өзара интеграцияланбайынша, Одақ аясында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету мүмкін емес екені атап өтілді.

Басым бағыттардың бірі ретінде «кедергісіз» транзитті қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл навигациялық пломбаларды кеңінен қолдану, бірыңғай транзиттік декларация енгізу және кедендік төлемдерді қамтамасыз етудің біріздендірілген тетіктерін пайдалану арқылы іске асады. Аталған шаралар тасымалдың жылдамдығы мен құнын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кооперациялық жобаларды дамытуға ерекше мән берілмек. Қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей компанияларының қатысуымен бес кооперациялық жоба мақұлданған. Алдағы міндет – кооперация портфелін кеңейту, бірлескен өндірісті ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірісті локализациялау деңгейін арттыру.

Бұдан бөлек, өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында үшінші елдермен сауда келісімдерін кезең-кезеңімен ілгерілету ұсынылды. Мұндай келісімдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнесі үшін тұрақты экономикалық өсудің маңызды факторы ретінде қарастырылып отыр.

Елде 500 мың адам тұрақты түрде бәс тігеді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу