Қауіпсіздік жаңа деңгейде: ІІМ жасанды интеллектке көшіп жатыр
ІІМ-де Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық шешімдерді дамытуға арналған жұмыс кеңесі өтті деп хабарлайды Оinet.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жиынға Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Президент Әкімшілігінің, құқық қорғау және арнайы органдардың, салалық министрліктер мен “Қазақтелеком”, “ҰАТ” компанияларының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында ішкі істер органдарының қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті басқарудың цифрлық тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды. Әсіресе жедел басқару орталықтарын аудандық деңгейге дейін дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар көші-қон бақылауын күшейтуге бағытталған цифрлық шешімдер талқыланды.
Жаслан Мадиев цифрлық жобалардың тиімді іске асуы ведомствоаралық үйлесімге тікелей байланысты екенін атап өтіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне ІІМ-мен бірлесіп ұсынылған бастамаларды нақты іске асыруды тапсырды.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Саденов цифрландыру мен жасанды интеллект Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындауда заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды практикалық құралына айналғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғасады.


