Қанат Саудабаев: Каддафи кезінде Назарбаевқа бір ұшақ ақша ұсынған
Бұрынғы мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстанның 1990 жылдары ядролық қарудан бас тартуы әлемдік қауіпсіздік үшін тарихи маңызды шешім болды деп еске алады.

Қазақстан Кеңес Одағының ыдырауынан кейін әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен бас тартқан. Бұл туралы бұрынғы мемлекет хатшысы және Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев айтты, деп жазады Оinet.kz сайты Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Саудабаевтың айтуынша, 1990 жылдардың басында Муаммар Каддафи бастаған бірнеше ықпалды ислам әлемінің жетекшілері Қазақстанға ядролық қаруды сақтап қалуды ұсынған. Олар елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «алғашқы мұсылмандық ядролық держава» атануға шақырып, қарудың барлық шығынын өз мойнына алуға уәде берген.
«Алматы әуежайына долларға толы Boeing 747 ұшағы қонған кез болды. Каддафи елшісі бұл ұсынысты нақты әрі қысқаша жеткізді: ядролық қарудан бас тартпай, оны сақтап қалсаңыз, барлық шығындарды біз жабамыз», – деді Саудабаев.
Дегенмен, Назарбаев Батыс елдері мен Ресей қысымына төтеп бере алмай, Қазақстан ядролық қарудан толық бас тартқан. Сол кезде Қазақстан аумағында 1000-нан астам ядролық оқтұмсық болған, бұл әлемдегі ең ірі арсеналдардың бірі саналған.
Саудабаев тарихи шешімнің маңызын атап өтіп: «Егер сол кезде Қазақстан қарудан бас тартпаған болса, бүгінгі әлемдік тәртіптің қандай болатынын ешкім білмес еді», – деп түйіндеді.


