Қолма-қол ақшамен енді үй сатып ала алмайсыз
Қазақстанда құрылыс компанияларына бақылау күшейіп, үлестік құрылыс нарығының ашықтығы артып келеді. Бұл туралы "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" төрағасы Алтай Күздібаев мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап үлестік қатысу шарттары бойынша барлық төлемдер толықтай қолма-қол ақшасыз форматқа көшірілді. Енді төлемдер «Қазреестр» жүйесіне қосылған екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Бұл сатып алушылардың қаражаты ресми банктік бақылаудан өтіп, алаяқтық пен заңсыз мәмілелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сәуір айынан бастап үлестік қатысу шарттарын толықтай электронды форматта тіркеу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе бір пәтердің бірнеше адамға сатылу жағдайларын болдырмауға көмектеседі.
Тұрғын үй сатып алушылар құрылыс жобасын бірнеше сервисте тексере алады:
- eGov Mobile қосымшасында;
- ірі банктердің мобильді қосымшаларында;
- Homeportal.kz порталында.
Бұл платформалар арқылы құрылыс салушының үлескерлер қаражатын тартуға ресми рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясы кепілдігінің бар-жоғын тексеруге болады.
Күздібаевтың айтуынша, 2017 жылдан бері компания 290 құрылыс жобасына 1,5 трлн теңгеден астам кепілдік берген. Соның нәтижесінде елде шамамен 7 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 77 мыңға жуық қазақстандық отбасының мүддесі қорғалған.
Оның сөзінше, енгізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты — үлестік құрылыс нарығын азаматтар үшін қауіпсіз әрі ашық ету.


