Арыстағы жойқын жарылыс. Қателіктің қайталанып жатқаны қалай?

Oinet.kz 10-10-2013 720

Биылғы 28 тамызда «ҚазақЖарылысӨндіріс» мекемесінің Отардағы (Жамбыл облысы) бөлімшесінде жойқын жарылыс орын алып, соның салдарынан екі адам қаза тапты, 5 адам ауруханаға жетізілді. Оқыс оқиға кезінде ауыр дәрежеде күйік шалған бесеудің бірі ұзамай аурухана төсегінде жантәсілім етті. Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, Отарда снарядттарды залалсыздандыру жұмыстарымен айналысу барысында кенеттен «тілсіз жау» тұтанып, оның арты алапат өртке ұласқан. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Бірақ мамандар бір нәрсе  анық дейді. Жарылыс техникалық қауіпсіздікті сақтамаудың салдарынан туындаған...Осылайша Отарда осыдан үш жарым жыл бұрын, 2010 жылдың 20 наурызында  Арыс қаласында орын алған қайғылы жағдай қайталанды. Әлі де қайталанбасына кім кепіл?! 

Арыстағы жарылыс.jpg

Сол 2010 жылы «КазАрсенал» мекемесінінің Арыстағы бөлімшесінде орын алған қайғылы оқиғаның қысқаша мән-жайы мынандай еді. Кешкі уақытта снарядттарды залалсыздандырып жатқан жұмысшылар қауіпсіздік ережерелерін сақтамай, болат гильзаның жердің асфальтанған бетіне үйкелуіне жол берген. Гильзадан шыққан ұшқындардан жерге төгілген оқ-дәрілер тұтанған. Алғашқыда жұмысшылар өртті өшіру үшін сол жердегі бөшкеден су алмақ болған екен. Бірақ қас қылғанда су алатын қарпайым шелек табылмай қалған. Содан олар механикалық цехқа барып, өртсөндіргіш баллонды алып келген. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш. Жалын бой бермей кетеді. Нәтижесінде сол жердегі  жарылғыш заттар іске қосылған. Жарылыстың артынан тағы жарылыс... Кәсіпорын қызметкерлері бұдан кейін оқ пен оттың ортасынан аман қалу үшін сыртқа қарай лап берген. 

Арыстықтар сол түнгі әбіргерді, үрейді әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Жарылыстың салдарынан келген шығын  орасан.  Мемлекетке  97 134 100 теңге, «ҚазАрсенал» мекемесіне 13 067 015 теңге, Арыс қаласындағы тұрғындарына 2 913 282 теңге материалдық залал келген. Жарылыс кезінде 11 ғимараттың (мектептер мен бала бақшалар, мәдениет үйі, аурухана және тағы басқалар), 50 тұрғын үйдің терезелері қираған. Бұл шығынның  орны толар, ал  арыстай 5 азаматтың өлімін енді еш нәрсенің толтыра алмасы айдан анық. Әрқайсысының артында аңырап бала жетім, әйел жесір қалды.  28 қызметкер әртүрлі  дене жарақаттарын алды. Кейіннен осы жарылысқа кінәлі деп танылған бір топ басшылар мен жауапты мамандардың алды 4 жыл бас бостандығынан айрылса,  арты 2 жыл шартты жазаға кесілді. 

...Осының бәрі де күні кеше ғана болған оқиға еді. 

Арыстағы жағдайдан кейін кезінде әскери қоймаларда тау-тау болып үйіліп қалған қару-жарақтың көзін жоятын мекемелер арасында әжептәуір ауыс-түйіс болған екен.  «ҚазАрсеналдың» орнын «ҚазақЖарылысӨндіріс» деп аталатын мекеме басқан. Арыстың астында сонау соғыс жылдарынан бері жиналып қалған снарядттарды залалсыздандыру жұмыстарымен енді осы «ҚазақЖарылысӨндіріс» мекемесі айналысады. 28 тамызда аталған мекеменің Отардағы бөлімшесінде жарылыс болып, үш адамның аждал құшқанын жаңа жоғарыда айттық. Осы жәйттан кейін арнайы органдар мекеменің Арыстағы бөлімшесіне шұғыл тексеру жүргізген екен. Тексерудің қорытындысы көңіл көншітпей тұр. Мәссаған! Құдай сақтапты, Арыста тағы бір жойқын жаралыстың болуы әбден мүмкін екен.

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма мамандарының тексеруіне қарағанда «ҚазақЖарылысӨндіріс» мекемесінің Арыстағы бөлімшесінде еңбек, қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Ең бастысы, жұмыс орны бес жыл сайынғы міндетті аттестациядан өтпеген болып шықты. Яғни мекемедегі еңбек жағдайының талаптарға сәйкестігіне ешқандай кепілдік берілмеген деген сөз. Осының өзі-ақ көп жағдайдан хабардар етіп отыр емес пе? Осында жанын шүберекке түйіп жүріп жұмыс істейтін жұмысшылар еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытылмаған. «Ал еңбек қауіпсіздігін сақтауға  оқытылмаған адам тәртәп пен талапты толық сақтайды дегенге ешкім сенбейді»,--дейді еңбек инспекторлары. Бұдан бөлек жұмысшылар еңбекті қорғау мәселесі бойынша да тиісті оқудан өтпеген. Жұмысшыларға берілуі тиіс құрал-жабдықтар, киім-кешектер де талапқа сай жүргізілмеген. Мекемедегі құрал-жабдықтар тексеруден өткізілмеген, талапқа сай орнатылмаған, мекеме ішіндегі болуы мүмкін деген кез-келген қауіпті жағдайдың алдын алу шаралары жүргізілмеген. 

Мекемеде еңбек заңдалығына қатысты шикіліктер де анықталған. Жұмысшыларды қызметке қабылдау туралы бұйрық шығарылғанымен, онымен жұмысшылар таныстырылмаған. Кейбір қызметкерлерге еңбек демалысы тәртіпке сай берілмеген, кей жағдайларда жалақысы кешіктіріліп төленген. Жалпы мекемеде 147 адам (оның ішінде 21-і әйел) жұмыс істесе, олардың өмірлері сақтандырылғанымен, оның мерзімі 28 тамызда аяқталған. Қайта сақтандыру шаралары жүргізілмеген. 

--Осы тексерудің қорытындысына сәйкес «ҚазақЖарылысӨндіріс» АҚ-ны басшылығының 30 қыркүйектегі бұйрығымен аталған мекеменің Арыс қаласындағы бөлімшесінің жұмысы тоқтатылды. Бұл өзге кәсіпорындарға сабақ болуы тиіс деп ойлаймыз. Қандай жағдай болса да адам өмірі бәрінен қымбат,--деді бізге облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Бастар Есқараев.

Иә, адам өмірі бәрінен қымбат. Кезінде  «ҚазАрсеналда» қызмет еткен 5 адамның ғұмыры қыршын кетті. Оның орнын басқан «ҚазақЖарылысӨндіріс» кәсіпорнында жұмыс істеген үш адам ажал құшты. Енді, міне, аталған мекеменің Арыстағы бөлімшесінен де салғырттықтың—салақтықтың белгілері көрініс беріп қалды. Абырой болғанда ол дер кезінде анықталып, мекеменің жұмысы тоқтатылды. Уақытша. Заң талаптарына сәйкес мекеме кемшіліктерді жойса, жұмысын ары қарай жалғастыра береді екен. 

Оқ пен оттың ортасында жүріп қару-жарақты залалсыздандырушылар Арыстағы осыдан үш бұрынғы қайғылы жағдайды қаперінен шығарып алғаны қалай? Енді бұл жолғы ескерту оларға қай уақытқа дейін сабақ болар екен?! Мәселе осында емес пе? Отпен ойнама деген сөздің астарында ауыр жүк жатқанын неге бағамдамаймыз? 

Атхамбек Юлдашев әнші ме әлде емші ме?
Мектепте оқушыларды тамақтандыруға бар-жоғы 120 теңге бөлінген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу