Ғашықтар күні "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" ұлттық мерекеге айналады

Oinet.kz 09-05-2009 1472

e6694b52-e14e-48d2-aa3a-acc0bcd4713f.jpeg

15 сәуірді Қозы Көрпеш- Баян Cұлу күні, яғни ғашықтар күні деп атау туралы ұсыныс пайда болғанына біраз уақыт болды. Әзірге жаппай сипатқа ие бола алмай отырған бұл бастаманың қолдаушылары  3-4 жылдан кейін Ғашықтар күні ұлттық мерекеге айналатынына сенімді. 15 сәуір күні Әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтуге  10 мыңнан астам адамның жиналуы олардың тірлігі бос қиял емес үміт артуға тұратын бастама екенін білдірсе керек.  Жүрегі отқа оранған жастарды жақсы бастамаға шақырып, иглікті іске ұйытқы болып жүрген «Жастар орталығы» МКҚК директоры Асқар Әубәкіровпен арадағы әңгімеміз осы бағытта өрбіді. 

- Ғашықтар күнін атап өту ойластырылғанда таңдау неге 15-ші сәуірге түсті?

-«Өзімізде  Еңлік-Кебек, Қыз Жібек пен Төлегеніміз, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуымыз тұрғанда неге әулие Валентин күнін тойлауға  сонша әуеспіз?» деген сауалды қабырғасынан қойып, нақты ұсынысын айтып жүрген жастар аз емес. Жастармен болған кездесулерде осы мәселен жан-жақты талқылап, махаббат символы ретінде Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлуды таңдадық. Ал неге 15 сәуір күнді десеңіз, біріншіден сәуір көктем айы. Көктем махаббат маусымы, ғашықтық сезім оянатын мезгіл екенін  ақын, жазушылар әлдеқашан дәлелдеп берген. Екіншіден сәуірде ешқандай мейрам жоқ. Күнтізбені қарасақ, наурыз айында мереке көп – Халықаралық әйелдер күні менҰлыстың ұлы күнін, 22 наурызда жаңа жылды, жыл басын атап өтеміз.  Мамыр айында да сондай –  халықтар достығы, Жеңіс күні. Мерекесіз ай сәуір екен.  Қысқасы жастармен жан-жақты ақылдасу арқылы осылай таңдау жасадық. Жарайды дедік, ұсыныс дұрыс-ақ. Бірақ  ойымызды жүзеге асыруға ақша табу оңайға соқпайтынын түсіндік. Мемлекет ақша бөлмейді. Сондықтан қалталы азаматтарды іздедік. Оларды дұрыстап танымаймын да. Жобаны көрсеттім. Бірнеше жерге кірген едім, шығарып салды. Алайда, нәтиже жақсы болды. Ең бірінші қол ұшын  Рәшкүл Оспанәлиева созып, көмектесті. Тағы да бірнеше депутат азаматтар қолдады. Содан былтыр алғаш рет «Қиял әлемі» саябағында Қозы Көрпеш -Баян Сұлу мерекесін жастарға тарту еттік. Менің білуімше, саябақ әрі кетсе 7 мың адамды қабылдай алады. Сол кешке кемі 5 мың адамдай келді. Барлығы дерлік жастар. Биыл стадионда өткізейік деген едік, бірақ кейін орталық алаңды таңдадық.

-Бұл жолғы іс-шараларыңыз қалай өтті?

-Шынымды айтсам, қиналдық. Табиғат жастарды сынады ма, сол күнгі ауа райы да бұзылып кетті.  Аспан түнеріп, жел тұрып, далада суық үдеді. Жиі-жиі метеорологтарға хабарласып, бұлттардың қай жаққа жылжып бара жатқанын біліп отырдық. Малмандай су болдық, көңіл-күйіміз түсіп кетті. Бірақ, соған қарамастан алаңға көп халық жиналды. Кемі  10 мың адам.  Бір қуантарлығы, қойылымды тамашалауға тек жастар емес, аға буын өкілдері де келді. Тіпті шетелдік азаматтар да «Қозы Көрпеш деген кім?» десіп, шынайы қызығушылық танытты.   Бұл жолы да депутат азаматтарымыз қолдады. Бірі қаржылай, енді бірі плакат, билборд жасап көмектесті. 

-Жылда ғашықтар күні Қозы Көрпеш - Баян Сұлу қойылымын қою арқылы жалғаса бере ме?

-Жоқ, келесі жылы бағдарламаны түрлендіріп, қазіргі заманның тақырыбын қозғауымыз керек. Себебі, Қозы-Көрпен пен Баян Сұлуды барлығы біледі, тіпті басқа ұлт өкілдері де жақсы таниды. Бұл жайында осы бастан-ақ ойланып жүрміз. 

-Сіздің ұсынып отырған ғашықтар күні мерекесінің болашағы қандай деп ойлайсыз?

-3-4 жылдан кейін Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні ұлттық мерекеге айналып кететініне сенемін. Олай деуге бірнеше себеп бар. Рас, Валентин күнін тойлауға тыйым сала алмаймыз. Қолымыздан келетіні – әулие Валентин күніне әуес жастардың санасына бетбұрыс әкелу, өзіміздің ғашықтар күнін насихаттап, барынша қолдау көрсету. Осы бастаманың өміршеңдігіне сенімдімін. Валентин күнінің басты көзірі – халықаралық сипатында. Ал Қозы Көрпеш -Баян Сұлу күнінің негізгі артықшылығы – қазақилығы мен көктем мерекесі болғандығы. Өзіңіз ойлаңызшы, махаббат туралы ақпан айының қақаған қыс мезгілінде айтқан оңай ма, әлде көктем келіп, айнала құлпырып тұрған шағында ма? Осы жолы «Валентинкаға» ұқсатып, құттықтау қағаздарын шығарамыз ба деген де ойымыз болды. Белгілі ақын  Әбілда Аймақ жақсы өлең шумақтарын жазып  беретін болды. Өкінішке қарай, үлгере алмадық.  Былтыр ғашықтар күніне орай 200 арнайы белгілер де шығарған едік. Әрі мерекеге танымал әншілерді де шақырамыз. Жаңа бастаманы насихаттауда бұл үлкен роль ойнайды. 

-Сол күні өзіңіз кімді құттықтадыңыз?

-Таңертең әуелі жұбайымды құттықтадым. Одан соң дос-жарандарыма хабарластым. Сол күні теледидарға шығып, барлық қала тұрғындарын көктемгі мерекелерімен құттықтап, мөлдір махаббат тіледім. 

- Осы бастама сәтсіздікке ұшырап қалмаса екен деген қорқыныш жоқ па?

-Жоқ, оңтүстіктің жастары қай жерде жүрмесін республикада бірінші орында жүреді. Спортта да, өнер мен  шығармашылықта да алдына жан салмайды. Сондықтан, Шымкентте сәтті өткен бастама міндетті түрде бүкіл республикаға тарайтынына сенімдімін. 

"Рейтинг" газеті

"Құрметті азматтықтың" құны болмай тұр. Шенеуніктер атақ алуға неге шетінен құмар?
«Дайын асқа тік қасық болу» абырой әпермейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу