Билік мақтанған меморандум мазақ бола бастады

Oinet.kz 22-05-2009 786

5b7e90ac370f2c5d768b4568_0.jpg

Мамырдың ортасында  Оңтүстік Қазақстан облысында көгілдір отын бағасы 18 пайызға қымбаттады. Үкіметтің тарифті өсірмеу жайлы  берген  уәдесіне имандай иланып келген қарапайым халық «сенген қойым сен болсаң... », деп, наразылығын жасыра алмай отыр.  Монополистер болса көгілдір отын бағасының шарықтауына теңгенің құнсыздануы себеп болғанын алға тартып, ақталуда.  «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстандағы өңірлік филиалының басшылығы тарифті өсіруге  байланысты ұсынысты Табиғи монополияларды қадағалау агенттігіне наурыз айында жолдағанын айтады.

  -Бағаның өсуіне ұлттық валютаның  құнсыздауы негізгі себеп болып отыр. Көгілдір отынды Өзбекстаннан доллармен сатып аламыз. Сондықтан, амалсыздан газдың құнын көтеруге мәжбүрміз.  Біздің ұсынысымызды антимонополия агенттігі қолдады. Онсыз да дағдарыстан қиналып отырған  халыққа бағаның өсуі ауыр тиетінін түсінеміз, бірақ, басқа  амал жоқ, – дейді  әңіріміздегі филиал директорының орынбасары Серік Байзақов.

15-ші мамырдан бастап, қосымша құн салығын қоса есептегенде, осыған дейін әр мың текше метрі 16 мың 20 теңге тұрған тұрмыстық газдың бағасы 18 мың 93 теңгеге бір-ақ көтерілді. Ал өндіріс орындары үшін белгіленген тариф 19 мың теңгеден асып жығылады.

Бұған дейін елде коммуналдық тарифтердің көтерілуіне мораторий жарияланғаны белгілі. Жоғарыдан түскен тапсырманы жапатармағай орындауға кіріскен жергілікті атқамінерлер бұдан былай коммуналдық қызметтердің бағасын өсірмеуге уәдесін үйіп төгіп, сүйінші сұрап жатты. Алайда, бұл жолы тұтынушыларға газ бағасын қымбаттату туралы компанияның ұсынысына Астана өзі рұқсат берген. 

– «КазТрансГаз» АҚ тікелей республикалық агенттіктің бақылауында, – дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары Ш. Үсенов шарасыздық танытып. - Олардың қызметі мен тарифтің өзгеруін біз – жергілікті мекеме қадағалай алмаймыз, бұл біздің құзырымызға жатпайды. Естеріңізде болса, көгілдір отынның бағасы соңғы рет осыдан 10 ай бұрын 30 пайызға қымбаттаған болатын. Ол кезде айтылған желеу -   Өзбекстанның  бағаны күрт қымбаттатып жіберуі. Себеп-сылтау әртүрлі болғанымен, нәтиже біреу – халықтың қалтасына түсетін ауыртпалық тағы да арта түсті. 

Зейнеткер Фаина Шырбаева кезекті қымбаттаудың  отбасына ауыр салмақ болатынын айтады. Жеті баланың анасы кінәні монополистерге тісі батпайтын биліктің азусыздығына артуда.  

– Әкім-қаралар қайда қарап отыр, халықты қанатып қойып? Барлығы қара бастарының, өз қалтасының қамын күйттеп кеткен. Онсыз да облысымыздағы барлық коммуналдық қызметтің бағасы бүкіл ел бойынша ең қымбат болды.  Арзаншылық заман өткен күннің елесі болып қалды. Зейнетақым қара нан мен қара шайға ғана әрең жетеді, – деп ашынады ақ жаулықты ана.

Ираннан ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге оралған Қаратамыр Мозамедазимнің де билікке деген өкпесі қара қазандай. 10 адамнан тұратын баспанасын газбен жылытатын ақсақал қыс мезгілінде ай сайын 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін ($1=150 теңге) қаражатты көгілдір отынға төлеп келген.

– Мен Қазақстанға оралғалы 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Осы уақыт ішінде 5600 теңге зейнетақы алып келдім. Биыл ғана оған бар болғаны 1000 теңге қосылды. Балаларымның жұмысы жоқ. Жалдамалы күйбің-тірлікпен күн көреміз. Бұрында шет жақта жүріп 1 теңгеге нан алатын едік, енді елге келіп ақшаның құны кеткенін біліп жатырмыз. Қарттардың жағдайы тіпті құлдырап барады. Осының барлығын мемлекет басшысынан бастап  билік басындағы бөркі құр шошайған әкім-қараларға жеткізіңізші, – деп өтініш білдірді Қаратамыр қария.

Алайда, елдің жанайқайына   Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған «ҚазТрансГаз» компаниясын басқарып отырғандар құлақ асып қымбаттатқан бағаны өзгертеді деу бос қиял екені даусыз. Бәрін айт та бірін айт, атқарушы биліктегілер айқайлап сүйінші сұраған меморандумды монополистер бүйтіп мазақ ететін болса әуел баста неге қол қойды десеңізші.

  P.S. Айтпақшы, соңғы айларда теңге тағы да девальвацияға ұшырауы мүмкін деген ақпарат жиі айтылып жүр. Ұлттық Банктің төрағасы Григорий Марченко ұзаққа созылған үнсіздіктен соң  елді жұбатпақ болып, жуырда ғана төл валютамыздың құнсызданбайтынын айтты. Дегенмен, шенеуніктердің сөзі мен ісі көп жағдайда ұштаспайтынына етіміз  әбден үйренген. Кезекті девальвацияны пайдаланып, монополистер тарифті тағы да өсіруге тырыса ма, кім білсін?.. 

Мира МҮСІЛІМ

Сотталған шенеуніктер жазасын қайда өтеуде?
Ең үздік жемқорлар кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу