Күрішбаев биыл мақташыларға май шайната ма, жоқ қара сумен шай қайната ма?!

Oinet.kz 06-11-2009 925

Screenshot_12.png

Алпыс теңге – тал түске дейінгі баға емес пе?!.

Оңтүстікте мақта терімі қызу жүруде. Бірақ бір ай кеш егілген мақтаны теріп алуда бірқатар қиындықтар туындап отыр. Көрші елден келетін арзан еңбек күшіне «үйреніп» қалған мақтааралдықтар үшін терімші дегеніңіз «дефицитке» айналды. Биыл мақта көп, бірақ жылдағыдай алатақиялы «вахта» жоқ. Оқушыны мәжбүрлеп мақталыққа шығарамыз деп біраз адамның басы дауға қалғаны белгілі. Прокуратура баланың еңбегін пайдалануға тиым салғандықтан жұмыс берушінің өзі беліне қап байлап, мақтаны өзі теруге мәжбүр болды. Ал, өз күші жетер емес. Дегенмен, қанша жерден терімші тапшы болғанымен диқандар ала жаздайғы еңбегін далада қалдырмасы анық. Айтайын дегеніміз, терімшінің тапшылығы емес еді. Осы күнге дейін мақташылардың жанына батқан ең басты мәселе – мақта бағасының нақтыланбауы еді. Биыл облыс бойынша 140 мың гектар мақталықтан 320 мың тоннадай өнім жинау жоспарланып отыр. Жуырда Мақтаарал ауданына Үкімет басшысы К.Мәсімовтің тапсырмасымен келген Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев та осы мәселеге баса назар аударды. Министрдің осы сапарында баға мәселесіне нүкте қойылғандай болып, диқандарда үлкен үміт пайда болды.

Министр бастаған топ Мақтааралда мақтаның бағасына ғана емес, жергілікті жердегі ағын су мәселесiне де көңіл бөлді. Өзбекстан елiмен шекаралас жатқан бұл өңiр жыл сайын жаз кезiнде, дақылдың өсiп-жетiлетiн уақытында су тапшылығына тап болады. Төрт елдi басып өтетiн Достық каналының суы жоғары жақтағы мақталықтарға аздап болса да жеткенiмен, төменгi жақтағылардың “қаңсып” қала беретiнi бар. Бұл мәселенi оңтайлы шешу үшін Мақтаарал ауданына Шардара су қоймасынан қуатты насостар арқылы су жеткiзу қажет. Осы мақсатта Үкіметтің қолдауымен жалпы құны 13 миллиард 700 миллион теңгенi құрайтын жоба жүзеге асырылуда. Қаржының 2,6 миллиард теңгесi биылғы жұмыстарға бөлiнген. Қазіргі уақытта Ш.Дiлдәбеков атындағы ауыл округiнде мемлекеттiк маңызы бар құрылыс  басталып та кетті. «Оңтүстiксушар” РМК директоры С.Сейсенбаевтың айтуынша, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бұдан жарты жыл бұрын дайындалған. Ал құрылыс жұмыстарының басталғанына оншақты күн болыпты. Бүгінде бұл нысанда 12 iрi құрылыс компаниясы жұмыс iстеуде. 28 экскаватор, 28 бульдозер, 50 шақты ”КамАЗ” көлiктерi  жұмысқа тартылған. Шардара су қоймасынан 14 шақырымдық, одан әрi Достық каналына дейiн 16 шақырымдық арық қазу жоспарланыпты. Жобаның құрылысы 26 айға есептелген. Дегенмен, Үкiмет басшысы бұл құрылысты келесi жылдың аяғына дейiн бiтiрудi мiндеттеп отыр.

Биыл мақтаның өнiмі өте жақсы. Мақтааралдықтар шиттi мақтаның әр гектарынан орта есеппен 20-23 центнерден өнiм алуда. Аудан бойынша биыл 200 мың тоннадай мақта дайындау көзделсе, бүгiнде 111 мың тонна «ақ алтын” мақта зауыттарына қабылданып та қойыпты. Техника саны да өскен.  Бұрын егiстiк алқабына шығатын комбайн саны 30-35-тен аспаса, биыл 98 комбайн жүр. Аудан тұрғындарынан 900-дей терiмшiлер бригадасы ұйымдастырылыпты.  Бәрі жақсы, бірақ жоғарыда айтқанымыздай бағаға келгенде нақтылық жоқ. Мысалы, аудандағы 5-6 мақта қабылдау кәсiпорындары (оның iшiнде мемлекеттiк мақта өңдеу кәсiпорны да бар) мақтаның 1 килограмм таза талшықты өнiмi үшiн бағаны 48 теңгеден асырмай отырса, “Ақ алтын” корпорациясы оны 60 теңгеге жеткiзiптi.  Корпорация басшысы Айдархан Өтенұлының айтуынша, қазiрге дейiн 10 мың тоннадай мақта қабылдаған.

Аталмыш корпорация шит қабылдау кезiнде де тұрғындарға бiрқатар жеңiлдiктер жасапты. Жұмысты тиімді ұйымдастыра білген «Ақ алтын» корпорациясы қаржыны үнемдеу нәтижесінде мақташыларға тиімді жағдай жасап отырған секілді. Олай дейтініміз, аудан әкімі  Қ. Хаметовтің айтуынша, мемлекеттiк зауытта жалақы қоры 70 миллион теңгенi құраса, ал одан екi есе ауқымды кәсiпорын саналатын «Ақ алтында” жалақы қоры 32 миллион теңге екен.

Сонымен диқан қауымын қатты алаңдатқан -- мақтаның бағасына байланысты мәселе аудан әкiмшiлiгiндегі ауыл шаруашылығы кеңесiнде айрықша сөз болды. Кеңес жұмысын облыс әкiмi А. Мырзахметов жүргiзiп отырды. Мамандар, холдинг басшылары бағаға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ауыл шаруашылығы министрi А.Күрiшбаев мемлекеттiк мақта зауытының қазiргi жағдайын түзету үшiн облыс әкiмдiгiнiң  коммуналдық меншiгiне алу жөнiнде ұсыныс бiлдiрдi. Алайда, мұның бәрiн заң жолымен реттеу үшiн уақыт керек екенiн атап өттi. Ал, “КазАгроХолдинг» ҰК АҚ-ы басқарма төрағасы А.Мамытбеков мақта талшығының бағасын шығару үшiн белсендi азаматтар мен әкiмдiк өкiлдерiнен, мақта қабылдау мамандарынан арнайы қоғамдық кеңес құру қажет деп есептейді. Бұл да әрине, ертеңгі күннің жұмысы. Диқандарға шұғыл шешім қажет. Сондықтан шығып сөйлеушiлер Үкiмет мүшелерiнен тұрақты бағаны дәл осы жиналыстың үстiнде белгiлеп алуды талап еттi. Облыс әкiмi А.Мырзахметов мақта бағасын белгiлеу жөнiндегi қоғамдық кеңестi тез арада құру қажеттiгiн, ал одан бұрын мемлекеттiк мақта зауыты өткiзiлетiн өнiмнiң таза талшығын 60 теңгеден қабылдап ала беретiнiн атап көрсеттi. Бұл хабарды мақташылар ризашылықпен қабылдап, қызу қуаттады. Осылайша мақта бағасына қатысты мәселе шешімін тапқандай да болды. Дегенмен, диқандар бұл бағаны мемлекеттік мақта зауыты ғана емес, басқа да зауыттардың тұрақты ұстанғанын қалайды.

Сонымен Ауылшаруашылығы министріне көз қылды ма, жоқ, шынында зауыт басшылары өзара кеңесіп сөз қылды ма, әйтеуір әзірге мақтаның бағасы 60 теңгеге тұрақтап тұр. Мақта – бұл өңірдегі халықтың негізгі күн көрісі. Баға көтеріңкі болған жылдары мақташының қорасы қойға, шарасы майға толып, мәре-сәре болып қалады. Зауыт басшылары бағаны жерге ұрған жылдары қантсыз шай ішіп, қандары бойына тарамай, бір күнде қартайып шыға келеді. Әр әкім, әр министр ауыл-ауданды аралағанда осылайша бір шаруаны шешіп отырса, елдің еңсесі тік болар еді. Министр келді-кетті, мақтаның бағасы тұрақтанды. Бірақ қашанға дейін?.. Мақташының бұл қуанышы ұзағынан болатынына сенім бар ма? Тегінде Оңтүстіктің басшылары пәленбай мың гектар мақтасымен ғана емес, сол ақ алтынның елге тигізген пайдасы, табысымен де мақтануы тиіс қой. Министрдің бұл сапары шынында биыл мақташыларға май шайната ма, жоқ әлде тек қара сумен шай қайната ма, алдағы күндері белгілі болар. Қалай айтсақ та, 60 теңге тал түске дейінгі емес, ең төменгі тұрақты баға болсын деп тілейік.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

"Рейтинг" газеті №39, 6 қараша 2009 жыл

Қарыз аламын деп қызметінен босады
Ордабасы деп аталатын шошқа ферма ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу