Ғасыр жобалары: ​ «Батыс Еуропа—Батыс Қытай» және «Көксарай»

Oinet.kz 04-11-2010 867

Screenshot_1.jpg

Кешегі аптада Шымкентке келіп, Үкіметтің көшпелі мәжілісін өткізген бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев ғасыр құрылысына баланып кеткен «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысына қатысты мәселені талқылады. 

--Бұл жол құрылысын кезінде бүкіл одақ болып жұмылып салған БАМ-мен салыстыруға болады.  БАМ құрылысы  17 жылға созылған. Ал «Батыс Еуропа –Батыс Қытай»  жолын біз 3 жылда пайдалануға береміз. Өйткені,  құрылысты жүргізуде жаңа технологиялар қолданылып жатыр,--деді Өмірзақ Естайұлы осы жиында. 

Жол салу жұмыстары қазір Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қарқынды жүріп жатыр. Мәжілісте Астанадағы Үкімет үйінен  тікелей бейнебайланыс арқылы баяндама жасаған Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, жол құрылысы Оңтүстік Қазақстан облысына келгенде тоқтап тұр. Бұл қалай?

Өткен мамырда аталған министрліктің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Берік Желдікбаев:

--  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдың  454 шақырымы қайта жөнделеді. Бұған 242,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Қазіргі кезде жоба аясында жөнделетін жолдар 7 лотқа бөлінген. 6 лот бойынша 30 маусымда тендерлік конверт ашылып, мердігерлер анықталды. Жаңа жолдың барлығы бірінші санатты. Яғни бір бағытта екі жолақты болып салынады,--деген мәлімет таратып еді.     

Мердігерлері маусымда анықталып қойылған құрылыстың осы уақытқа дейін тұралап тұруына не себеп? Министр бұл жөнінде мәжілісте былай деді:

-- Оңтүстіктегі құрылыстың кешеуілдеуінің басты себебі-- жер учаскелерін сатып алуға байланысты болып отыр. Бүгіні күні сатып алуға жататын 530 гектар жердің 127-сі мемлекеттік меншікке алынды. Бұл бағытта проблемалар бар. Біріншісі, жер учаскелері кепілде тұр. Екіншісі, жер иелері белгілеген бағамен келіспей отыр. Үшіншісі, жердің меншік құқықтарын белгілейтін құжаттардың болмауы. Соған байланысты жергілікті әкімдіктер жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Жыл соңына дейін мердігерлерді анықтау, дайындық жұмыстары пысықталып, жұмыс келесі жылдың наурызынан басталады. 

Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыған орай:

--Жол құрылысын бастауға жер кедергі болып отыр деген мәселе бұрын көтерілмеген. Менің білуімше, құрылыстың басталмауының басты себебі тендердің өткізілмегендігі,-- деді.

Сонда кімге сенеміз? Министрге ме, әлде әкімге ме? Астанадағы Үкімет отырысына жетекшілік жасап отырған Премьер-министр Кәрім Мәсімов бір түйткілдің барын сезген болу керек:  

--Жарайды, осы жерден тоқтайық. Шымкентке барыңыз, әкіммен бірге мәселені анықтаңыз. Екеуіңіз дүйсенбі күні барлық  құжаттармен бірге маған келіңіздер. Күтемін, --деп Әбілғазы Құсайыновқа  қысқаша тапсырма берді.

Осыдан кейін іле-шала Оңтүстік Қазақстан облысына жеткен Әбілғазы Құсайынов облыс әкімімен бірге  Ордабасы ауданында болып, жол құрылысы жүретін жерлерді аралап шықты. Журналистерге баспасөз мәслихатын берді. Министрдің Шымкентке келіп, басқашалау пікір білдіргеніне таңқалдық:

—Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша қазiр жол салатын мердiгер компаниялар анықталды. Рас, 213 учаскеде проблема туындап отыр. Айталық, 78 учаскенiң қожайындары банк белгiлеген бағаға келiспей отыр. Ал, қалғандарының жерге меншiк құқығын беретiн құжаттарында кемшiлiк бар. Жалпы, бiз бұл мәселенi ешкiмдi ренжiтпей шешемiз, — деген министр жол құрылысының осы желтоқсанда басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қарашада құрылыс материалдары мен техникаларды түгендеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Желтоқсанда жол құрылысы Қызылорда облысының шекарасынан басталады.  

--Облыста  атқарылатын жобаға кедергi болатындай ешқандай себеп жоқ. Құрылыс желтоқсан айында басталады. 200 шақырымнан астам жолды салуда ешқандай проблема болмайды. Сондықтан құрылысты қиындықсыз бастай беруге мүмкiндiк бар. Кейбiр учаскелерге қатысты мәселелер жақын арада шешіледі,--деді министрді мақұлдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Оның айтуынша, жолға қажетті материалдар өзімізде жеткілікті. Құрылысқа облыстан 40-тан астам компаниялар тартылады. Бір жарым мың техника жұмылдырылмақ. Жұмыс күшіне де зәрулік жоқ сияқты. Жергілікті әкімдіктер 10 мыңға жуық жұмысшыны дайындап отыр.  Айтқандай, министр «Барлық мердігер компанияларға тек жергілікті жұмыс күшін тарту туралы тапсырма беріліп жатыр. «Еңбек туралы» заңға сәйкес оның бәрі қадағаланады» деді.

 Қысқасы, «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағы арқылы өтетін бөлігіндегі құрылысы кедергісіз, қарқынды түрде жүргізілмекші. Жол салуға кесе көлденең жатқан себеп жоқ екен. Олай болса  министрдің Астанада отырып,  жоқ жерден проблема іздегенін қалай түсінуге болады?  Егер Мәсімов министрге «Шымкентке барыңыз, әкіммен бірге мәселеге қанығыңыз» демегенде құрылыс жұмыстарының әлі қанша уақытқа дейін созылып жүре берерін кім білсін?! Бәлкім, халықаралық маңызы бар жолдың құрылысына қатысты мәселе жол-жөнекей немесе жылы кабинетте отырып шешіле салатын шаруа еместігін министрдің өзі де мықтап түсінген шығар. 

Дерек: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” трансқұрлықтық жолдың ұзақтығы 8,5 мың шақырымды құрайды. Оның  2787 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді.  Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстары арқылы өтетiн жол құрылысына қазiр 31 мың адам жұмылдырылған. Жолдың  400 шақырымы биыл iске қосылады. Ал, келесi жылы 1 мың, одан кейiн 1052, барлығы 2452 шақырым жол 2012 жылы пайдалануға берiлмек.

 «Көксарай» 

«Көксарай су реттегішінің құрылысы Елбасымыздың бастамасымен 2008 жылы қаржы дағдарысына қарамастан басталған ірі жоба болды. Осы жобаның арқасында Қазақстан суға деген тәуелділіктен құтылды. Өткен 19 жылда осы тәуелділіктің салдарынан біз Арнасай арқылы миллиардттаған текше метр суды көрші елге жібердік. Кеткен судың көлемін есептер болсақ, ол бір жарым Аралға тең».

Облыстық әкімдікте өткен Үкіметтің көшпелі мәжілісіне қатысқан сенатор Қуаныш Айтаханов осылай деді. 

Ғасыр жобасы саналып жүрген Көксарай келер жылдың көктемінен бастап өзінің жобадағы міндетін толық атқаруға кіріседі, яғни 3 миллиард текше метр су қабылдайды. Құрылыс жұмыстары қазір кестеге сай жүріп келеді. Негізгі нысандарда ол 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.  

— Көксарайда былтыр 1 миллиард текше метр су жинақталып, ол Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы  су тасқыны қаупiнiң алдын алды. Жиналған судың арқасында  биыл Қызылорда облысының диқандары ағын сумен толыққанды қамтамасыз етiлді. Күрiш былтырғыдан 40 пайызға артық жиналды. Көксарайдың қызығын қызылордалықтар көретін болады әлі, — дедi  Көксарайдағы құрылыс жұмыстарымен танысып, көңілі толған Үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдігіндегі жиында.

    Осы жиынға қатысқан Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов:

--Көксарай су реттегішінің жобасы туралы алғашқы кездері әртүрлі әңгімелердің айтылғаны рас. Бірақ жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Биыл Көксарайға жиналған судың арқасында Қызылорда облысында суармалы егістіктің көлемі 160 мың гектарға ұлғайтылды. Облыстың күрішшілері соңғы 25 жылда болып көрмеген мол өнім алды. Сыр бойына қоныстанған елді мекендер, оның ішінде Қызылорда қаласы су тасқынына ұшыраған жоқ,--деді. 

Дегенмен ғасыр құрылысын салуда шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Мәселен, «Қожатоғай-Шәуілдір» тас жолы ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауынан бүгінде жарамсыз күйге түскен. Жолды қайта жөндемесе болмайды. Сонымен бірге стратегиялық маңызы бар Көксарай су қоймасын күзету қызметі әлі нақтыланбаған.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

Қыдырәлі мен Қарақат: «Ұлтқа деген жанашырлық қуыршақтардан басталады»
Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу