Жаңа жыл Наурыздан басталса қалай болады?

Oinet.kz 25-12-2010 1024

Желтоқсан бастала салысымен жұрт жапа-тармағай жаңа жылды тойлаудың дайындығына кірісіп кетті. Көше-көшенің барлығы «сәнденген» шырша мен кімнің атасы екені көпшілікке белгісіздеу (біздің атамыз емес екені анық) Аяз атаның суреті қаптап кетті. Тіпті, ең ұлық мерекелеріміздің бірі – Тәуелсіздік мейрамы да жаңа жылдың қою көйлеңкесінің астында қалып қойды. Жарайды, енді бұл 70 жыл бойы үстемдік құрған Кеңес үкіметінің санамызға әбден сіңісті етіп кеткен көңілді мерекесі шығар. Алайда, ғайыптан тайып жаңа жыл мерекесі ресми түрде Наурызға ауыстырылып, календарымыз да сол уақытқа негізделіп қайта жасалатын болса, наурыз мейрамы қазіргі жаңа жылдың орнын баса алар ма еді? Халық Наурыз мерекесін тура қазіргі жаңа жылды тойлағандай ерекше көңіл-күймен қарсы алар ма еді? Сіз қалай ойлайсыз?

Screenshot_1.jpg

Қуаныш Айтаханов, Сенат депутаты:

«Бәрі өзімізге байланысты».

- Өзіміз қалай дайындаламыз, елге оны қалай жеткізе аламыз, мәселе сонда. Яғни, бұл тікелей дайындыққа, ұйымдастыру жұмыстарына байланысты деген сөз. Бәрі өзімізге байланысты. Әйтпесе, Наурызды жыл басы ретінде мерекелеуге халық дайын. Солай болып та келе жатыр.

Мархабат Байғұт, жазушы:

«Наурыз түбі жыл басына айналады»

- Ғабит Мүсірепов «адамзаттың ақыл ойы кемелдене келе Наурыз түбі жыл басына айналады» деп айтып кеткен. Ғабеңнің айтқаны біртіндеп шындыққа айнала бастады. Мұндай пікірді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да аракідік айтып жүр.  Мұны әлемдегі айтулы ұйымдар ЮНЕСКО мен БҰҰ да мойындап, мәдени мұра қатарына қосып, халықаралық мейрам деп жариялап жатыр. Мен өзім бірте-бірте осыған келетін шығармыз деп үміттенемін. Наурыз жаңа жылдың орнын алмастыруы, басуы тиіс. Бірден болмаса да бірте-бірте.

Рас қазір жаңа жылдың «дәурені» әлі де дүркіреп тұр. Тәуелсіздік мерекесі бола тұра тәуелсіздік өрнектерінің орнына орталық көшелердің өзінде жаңа жылдық «жарқылдақтар» ілінді. Бұл жерде қарапайым халықты кінәлауға болмайды. Әрине, халық бұл күнді Иса пайғамбардың туылған күні, «рождество» деп дайындалмайды. Календарь қаңтардан басталатын болғасын олардың ойында жаңа жыл табалдырықтан жақсылықпен аттасыншы деген ниет тұрады.  Егер «Наурызды жыл басы» дегенге ресми түрде көшетін болсақ, оған жұрт дайын деп ойлаймын.

Түгел Бекімбетов, Төлеби аудандық сотының төрағасы:

«Әзірге Наурыз жаңа жылды алмастыра алмай келеді»

- Бүгін бір хабар көрдім. Онда бір кісі «басқа мерекелерге аянбастан дайындаламыз, неге ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік мерекесі өз дейгейінде тойланбайды, неге сапалы етіп өткізу үшін қомақтырақ қаржы бөлінбейді, мерекені тойлауға шығатын халықтың қарасы неге аз» деген өкпесін жеткізді. Өкпесі орынды. Бізге жат болса да жастардың жадында жатталып қалған «Валентин күні» мерекесінде қалта телефоныңызға мыңдаған хабарламалар түсіп жатады. Жаңа жылда да сондай. Ал Тәуелсіздік мерекесінде тым-тырыс. Бірен-саран ғана құттықтаулар түссе түседі, болмаса ол да жоқ.

Жыл басы ресми түрде Наурыз болып белгіленсе оны тойлау деңгейі, менің ойымша, дәл қазіргі жаңа жылдың орнын әлі алмастыра алмайтын секілді. Жаңа жылды тойлаудан бірде-бір отбасы, бірде-бір адам шет қалмайтыны талассыз. Әрине, соңғы жылдары Наурыз мерекесінің тойлануы сапа жағынан сатылап көтеріліп келеді. Әсіресе, ауылды жерлерде. Осыны әрі қарай дамыта түсуіміз және оған барлығымыз атсалысуымыз тиіс.

Асқаров кім? Квятковкская кім?
Әлем халықтары Жаңа жылды қалай қарсы алады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу