Бексейіт Түлкиевтің мүсіні жаңарды

Oinet.kz 12-05-2011 1349

Screenshot_7.jpg        

Ауылдан түлеп ұшып,  талантына тамсандырған тарландар толып жатыр. Соларды салыстыра қарап, сарапқа салсаң, әр өнердің шоғырланатын өз өлкесі болатын сияқты. Мәселен, әдебиеттің алыбы Мұхтар Әуезов «Созаққа барсаң, күйшімін деме,  Шаянға  барсаң әншімін деме» деген әдемі қағида қалдырды. Ал табиғаты тамаша Төле би ауданында қылқаламның шоқжұлдыздары шоғырланғаны шындық. Сол топты Тоқболат Тоғысбаев бастап, соңынан ерген ізбасарларын өнердің биігіне жетелеуден жалықпады. Солардың бірі қазақ гобелен өнерінің негізін салған Құрасбек Тыныбеков небәрі 33 жыл ғұмыр кешті. «Отызында орда бұзған» ол Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Құрасбектің мезгілсіз өлімін жан-жақты зерттеп, тексерген дәрігерлер «оған у берілген» деген диагноз қойылғаны жұртқа әлі жұмбақ. Спорт пен суретшіліктің шыңына бірдей шыққан Бексейіт Түлкиев те  бүгінгінің Батыраш, Қотыраштарының қолынан 43 жасында қапыда қазаға ұшырап,  өмірден ерте өтті. Ердің жасы елуден асқан шағында Тоқболаттың да пәни дүниедегі талқаны таусылды. Бүгінде үшеуінің де туған жеріндегі ауылы аралас, қойы қоралас бір-бірімен  көршілес қоныстанған Аққұм, Тасарық, Қасқасу елді мекендерінде  ел тағзым ететін ескерткіштер орнатылып, әрқайсысының ауылындағы орта мектеп солардың атымен аталады.

      Өкініштісі сол, былтырдан бері Қасқасу ауылындағы Бексейіт Түлкиев атындағы орта мектептің алдына орнатылған оның ескерткіш-бюстінің сапасы сыр беріп,  бас жағынан бастап жарылуға, жарамсыздануға көшкен  дарабоз дарынның сомдалған мүсіні мүсіркейтін күй кештіріп тұрған еді. Көпшіліктің көңіліне қаяу салған жайсыз ақпарат жайлы естіп, білген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, белгілі ғалым, білікті басшы Уәлихан Бишімбаевқа осы олқылықтың орнын толтыруды ойластыру туралы ұсыныс білдіргеніне көп уақыт өте қоймаған еді. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде шешімін күткен күрмеуі қиын талай мәселелердің оңынан шешілуіне табандылық танытудан айнымай келе жатқан атпал азамат бұл жолы да қалыс қалған жоқ. Сөйтіп министр Жұмағұловтың ұсынысын құп көрген ректор Бишімбаев көпке созбастан жұрттың тілегін орындап, талантты қылқалам шебері, таэквондодан бесінші дан қара белбеу иегері  Бексейіт Түлкиевтің мүсінін сапасын мықты етіп жаңадан жасатып берді. 

     Жақында жұрт сүйсінетіндей жаңарған мүсінді көруге Алматыдан бір топ азаматтар арнайы ат басын бұрды. Солардың бірі, Бексейіттің атақты «Ұлы көш» картинасы салынуына ұйытқы болған, моралдық, материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткен әрі бір ауылдың ауасын жұтып өскен жанашыр ағасы Амалбек Тшан өзі де оқыған осы орта мектепке компьютер сыйға тартты. Бексейіт екеуі бір кіндіктен тараған ағасы, танымал әдебиетші, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің деканы, академик Қансейіт Әбдезұлы да білім ошағына компьютер сыйлап, сонымен қоса үздік оқушыларға стипендия тапсырды.  Бексейіт Түлкиевтің бет-бейнесін жан-жақты қырынан ашатын «Қос өнердің жұлдызы» атты жинақтың жарық көруге  мол еңбек сіңірген «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, сондай-ақ осы Қасқасудағы мектепті бітірген, осы мектепте ұстаз болып жұмыс істеген, бүгінде  даңқы әлемдік деңгейде дүркіреп жүрген ерекше талантты суретші Ерболат Төлепбай да осынау ортақ қуаныштың ортасында болуды жөн санапты. 

        Айтпақшы, Ерболат Төлепбай мен Тоқболат Тоғысбаев екеуі бір отбасында өрбіген ағалы-інілі екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Австралиялық сазгерлер Штраустар, неміс жазушылары Генрих пен Томас Манндар, голланд суретшілері Питер мен Ян Брейгелдер сияқты ғажайып құбылыс қазақтың да қанынан табылып, топырағынан жаралуы өмірлік оқшау фактілердің өзара ұқсастығы мен сабақтастығын, тамырластығын танытады. «Тарлан» сыйлығын алған, Сальвадор Дали атындағы халықаралық жүлдені қанжығасына байлаған, Третьяков галереясында жеке көрмесін ұйымдастырған Ерболат Төлепбайдың толағай табыстарын тізбектеп айтып тауыса алмайсың. Қасқасу ауылынан ашылған өнер мектебіне қаржылай жәрдемдескенін өзгелер өнеге тұтса дейсің. «Қазіргідей экономикалық мәселелердің көлеңкесінде қалып қоймай келешекте руханияттың рухын көтерін күн туғанда қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған Бексейіт Түлкиевтің және Алланың назары ауған, талант пен табиғатты тамырластырған осы  өңірден шыққан өзге де суретшілердің еңбегіне төрткүл дүние қызығып көз тігетін болады» дейді жиында сөз алған Ерболат Төлепбай. 

    Айта кетер бір жайт, Төле би  ауданының  орталығынан ашылған көркемсурет галереясын, ондағы қойылған туындыларды «біздерде мынадай бар, мынадай бар...» деп кез келген мәртебелі мейманға мақтанып көрсетуге болады. Галереяға басшылық жасайтын Құрасбек Зәуірбеков те талай дүбірлі додаларда бас жүлде алып жүр. Ауылда жүрсе де атағы алысқа жайылған суретшінің біреуі  Молдағали Қалдыбаев еді. Жетпістен асқан шағында жарық дүниемен қош айтысқан қылқалам шебері талай шетелдегі көрмелерге қатысып, талай рет табыстарға жетті. Туған жерінде жеке көркемсурет галереясын ашты. Қайсыбірін айтайық? Еркін Айтбаев, Бекжан Омаров, Қуаныш Мәліков, ағайынды Мұрат пен Қанат Қалқабаевтар, Қалтөре Атамқұлов... Жалпы, Төлеби ауданынан сонау сынағы қатал, талабы күшті Кеңес өкіметі үстемдік құрып тұрған кездің өзінде Суретшілер одағының 18 мүшесі шыққан екен. 

    Соңғы жылдары аудан әкімдігінің қолдауымен  «Төлебидің ғажайып өрнектері» атты фестивальұйымдастырылып,  қылқалам, қолөнер, гобелен, сондай-ақ шығармашылықпен шұғылданатын басқа да саланың өкілдері өзара бақ сынасып жүр. Бұл фестиваль қылқалам шоқжұлдыздары шоғырланған өлкеде өнерге талпынып  өсіп келе жатқан жастардың көптігін көрсетіп, қабілет-қарымдарын қайрауға септігін тигізіп келеді. Олардың алдыңғы толқын ағаларының ізін жалғастыруға деген ұмтылысы қуантады. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп атамыз қазақ бекер айтқан дейсіз бе?

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Бомба түскен үй...
«Ғайып ерен, қырық шілтен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу