Ырыс. Ырыс, береке туралы шығарма

Oinet.kz 08-09-2020 1447

Мақал-мәтел.jpg

– Бұл үйдің берекесі келінде екен ғой, - деді қонаққа келген қария әйелі жоқ үйден береке кете бастағанын аңғартып. – Бұрын талай келіп жүргенде қалай байқамағанбыз...

Бұрынғылар «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деп бекер айтқан ба, елуге енді жеттім дегенде жұбайынан айрылған жолдасымыздың отбасы расында да, қаңырап қалғандай екен. Ажалға араша жоқ, ал көзі тірісінде қадірін білдік пе?

Егер ер адам өз жарына құрметсіздік танытса, сәттілік те одан сырт айналады деседі. Бұған менің де күмәнім жоқ. Әрбір табысты ер-азаматтың артында арқа сүйер ақылды әйелі тұрғанын аңғару қиын емес. «Мен артымнан тынған адаммын, қайда жүрсем де үйге алаңдаған емеспін. Әйелім – ең үлкен қамқоршым», - деп отыратын бір ағамыз жеңгемізді жер-көкке сыйғызбай сыртынан мақтап. Ол рас, әйел отбасынан бақытын тапса, азаматтың да бағы жанып, істері алға басарына мысал жеткілікті. Ал әйел қадірсіз болған отбасынан ырыс та қашады екен. Аңғара білгенге «Қырық еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады» деген сөз де астар мол. Тасы өрге домалап тұрған небір жайсаңдардың әйелге опасыздығынан тақырға отырып қалғанын да көріп келеміз. Ендеше, отбасының ұйытқысы, берекенің бастауы әйел екенін ерте мойындаған еркектің ұтары көп.

Әлқисса, әділ халифа Омардың (оған Алла разы болсын) заманында бір адам өз әйелінің мінезіне шағымданбақ болып жолға шығады. Алайда халифтің үйіне жақындағанда іштен естіліп жатқан айғай-шуды құлағы шалады – жұбайы момындар әміршісіне қатты-қатты сөйлеп жатыр еді. Халиф сабыр сақтап, әйеліне қарсы бір ауыз сөз айтпайды. «Иә, халифтің халі осындай болса, маған не жорық!» - деп ойлаған момын келген жолымен кері қайтуға ыңғайлана бергенде есік ашылып, үйден Омардың (оған Алла разы болсын) өзі шығады.

Сыртта тұрған бейтанысты көрген халиф одан жөн сұрайды:

– Менде шаруаңыз бар ма еді?

Әлгі адам Омарға (оған Алла разы болсын) келгендегі мақсатын бастан-аяқ әңгімелеп, халиф үйіндегі жанжалға кездейсоқ куә болғанын да жасырмайды.

– Білесің бе, әйелім асымды әзірлеп, кірімді жуып, үйімді жинап, балаларымды тәрбиелеп және тыйым салынған нәрселерден тыйылуыма көмектесетіні үшін мен мұндай сәттерде төзімділік танытуға тырысамын. Сондықтан ол мінез көрсеткенде мен үнсіз қаламын. Онсыз да өмір қысқа ғой, көзді ашып жұмғанша өте шығады емес пе?! – дейді жарықтық.

Әрине, арамызда мұны білетіндер көп, алайда біле тұра бәрін керісінше жасайтындар да аз емес. Сөз бен істегі алшақтық, оқып-үйренген тура жолмен жүрмей, бәрін үйреншікті кертартпа әдетпен жасау бүгінгі күннің шындығына айналғаны қашан. Әйтеуір, әйелдің көз жасымен бірге отбасының да ырысы қоса төгілмесін. Ал, әйелсіз өмір сүруді ойлаудың өзі үрейлі.

Қонақбай Қожа-Нияз

100 мақал-мәтел(1-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
Суық шай. Қожанасыр хикаялары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу