Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН. БАС (сатиралық әңгіме)

Oinet.kz 10-09-2020 759

Нұрлыбек Жұбатқан.jpg

Осыдан бес жыл бұрын Жазушылар Одағына өтуге құжат тапсырған едім. Соны білейін деп, Алматы қаласына бардым. Ойпырмай, қазір жазғыштар көп қой, менің кезегім бес жүз адамнан кейін барып келеді екен. Содан одақтағы көкелерім «келесіде қабылдауға әрекет жасап, тырысып көрерміз» дегесін, Ақтөбеге қарай қайта тарттым. Ауылдан Алматыға шыққанда рахат қой, жегенің қазы-қарта, жал-жая, ішкенің шұбат, былқылдап бабыңда барасың. Енді Алматыдан қайтарда жолға тамақ пісіріп беретін жеңгем жоқ. Ол жақта туысқандарым да тұрмайды. Дүкеннен екі жұмыртқа мен бір тоқаш алып пойызға отырдым. Еркекке ол азық бола ма? Таңертең Түркістан қаласына келіп тоқтадық. Сыртқа шықтым. Араның ұясы сияқты құжынаған адамдар. Палау, мәнті, кәртошкі не керектің бәрі бар. Бірақ, менің асқазаным «ет, ет» деп ұлып тұр. Бір кезде бір келіншек арқамнан түртті.

-Ағай, бас аласыз ба?

-Кімнің басын?-деп шошып кеттім

-Ойбай, неменеге қорқып кеттіңіз?

-Мен бас алатын жендет емеспін-дедім.

-Ту, ағай не қуып тұрсыз?

-Бас дегесін...

-Адамның басы емес, қойдың басы-деді келіншек.

-Түркістанда ет комбинаты бар ма?

-Жоқ, оны неге сұрадыңыз?

-Енді бір емес бірнеше басты пісіріп алыпсыз?

-А жоға, садақаға сойылған қойлардың басы ғой-деп қояды өзі. Қасы қиылған өзбек тілдес, әдемі келіншек қойдың басын әп-сәтте қолтығыма қыстырып жіберіп, теңгемді шытырлатып санап алды. Басты құшақтап вагонға кірдім. Қасымда жолаушылап бір орыс әжей және ерлі-зайыпты әйел мен еркек бар. Өздері қазақ болғанымен қазақшылығы шамалы. Қалада өскен ба, сондай. Шөп-шаламды шайнап, соғып отыр. Ауылдан шыққан жігітпіз ғой, қолыма пышақ алып «бисмиллә» деп, бастың көзін ойып алдым да, шайнамай жұтып жібердім.

-Ойбай, ужас- деп, әлгі қазақ әйелдің бөксесі бүлк ете қалды.

-Боже мой, сохрани меня-деп, орыс әжей шоқына бастады.

-Қорықпаңыздар, бұл үйтілген қойдың басы-дедім де, бір құлағын түбінен кесіп алып, қасымдағы әйелге бердім.

-Ағама құлақ болып жүріңіз-дедім.

-Мұныңыз не? Бұл нағыз - жабайылық –деп, еркегі дауыс көтерді.

-Шошымаңыздар, немене бас мүжіп көрмедіңіздер ме?

-Біз қазақ болғанмен ет жемейміз, вегетариантбыз-деді әйел шаңқылдап.

-Мне страшно –деп, орыс әжей үкіліп отыр. Көзәйнегінің астымен ұрланып қарап қояды. Содан екінші көзін тағы да пышақпен опырып ойып алдым да:

-Жеңгейге көз болып жүріңіз-деп еркегіне беріп едім.

-Тоқтатыңыз, это- оскорбление-деп әйелі айқайлап жіберді.

-Полиция, маньяк. Спасите, меня-деп бақырды орыс кемпір. Әйел пен еркек орындарынан ұшып тұрып, жүгіріп вагон кезіп кетті. Ал, мен болсам түк болмағандай, бастың құйқасын пыщақпен сыпырып қылғытып жатырмын. Әжей бір бұрышта сескеніп басын шайқап отыр. Мені шынымен бір «адамжегіш» деп ойлап тұр. Қойдың тілін кесіп алып, қолына ұстатып едім. Қария қорқып орнына қисая кетті. Бір кезде қасына полиция қызметкерін ертіп әлгі екеуі жетіп келді.

-Міне, мынау маньяк-дейді мені саусағымен көрсетіп.

Мен сол кезде қойдың миын шағып, жеп отыр едім.

-Кошмар, дикарий-деп, әлгі әйел екі бетін шымшып қояр емес. Бас ұстаған адамды бірінші рет көргендей көзі ұясынан шығып кетіпті.

-Жолдас, азамат құжаттарыңызды көрсетіңіз-деді полиция бірден іске кірісіп.

-Жәй ма?

-Не жеп отырсыз?

-Бас

-Кімнің басы?

-Қойдың басы

-Атаңның басы

-Атамның басын мүжіп не көрініпті?

-Жоқ, атаңның басы бұл қойдың басы емес деп тұрмын

-Енді ненің басы деп тұрсыз?

-Ешкінің

-Ешкінің басында мүйіз болады-деп, мен дәлелдеп жатырмын.

-Басты қайдан алдыңыз?

-Түркістаннан сатып алдым.

-Жолдас азамат пойызда қойдың басын жеуге болмайды.

-Кім айтты?

-Тәртіп солай, басты қонаққа барғанда үйде жеу керек.

-Пойызда бас жеуге болмайды деген заң бар ма?- дедім

-Бар, керек болса тауып береміз. Қысқасы, қойдың басын мүжуге болмайды-деп, полиция қызметкері сенімді айтып тұр. Қазір заң күнде өзгереді ғой. Сендім. Ашуланып кеттім. «Немене, сонда халқына жаны ашымайтын басшылардың басын мүжі деп тұрсың ба?» деп, қоямын ішімнен үндемей. Өзімше жынданып тұрған түрім ғой. Жұрттың бәрін аузымды жыбырлатпай іштей боқтаймын. Бірақ, ашуым тез басылып қалады. Айтпақшы, баяғыда ауылда сабақ білмейтін баласын шешесі «ұстап алсам басыңды мүжимін» деп тырқыратып қуатын еді ғой. Сол есіме түсіп кетті. Содан басты жырлап салғыласып тұрғанда пойыз Қызылорда қаласына келіп тоқтады.

-Жүріңіз, түсіңіз вагоннан-деп, полиция қызметкері қолымнан тартты.

-Қайда барамын?

-Бөлімшеге барасыз?

-Сонда бас мүжігенім үшін барам ба?

-Сіз көпшілік жерде жеркенішті қылық жасадыңыз-деп қояды. Жеңнен тартса еріп жүре беретін халықпыз ғой. Ұсынысына келістім.

-Олай болса жарайды- деп, басты ұстап жерге түстім. Қолымдағы қу басты көріп, халық аң-таң. Вагонның қасында аузы апандай бір келіншек сауда жасап, тақылдап тұр екен. Қойдың таңдайын жұлып алып, келіншектің алақанына ұрдым.

-Әнші немесе сөзге шешен болыңыз- дедім.

-Рахмет ағай, деп таңдайды аузына тығып жіберді.

-Егер, Ақтөбеге қайтқыңыз келсе басты дереу қоқыс салатын жерге тастаңыз, сосын жолыңыз болсын-деді полиция қызметкері.

-Жоқ, қойдың басын олай жерге лақтыруға болмайды-деп, вокзалдың қасындағы сауда жасап тұрған дүңгіршектің төбесіне лақтырып жібердім.

-Мұныңыз не?-деді полиция

-Бас –қазақтың қасиетті тағамы. Малдың басын қадірлеу керек- дедім.

Ол күліп басын шайқады. Мен пойызға мініп Ақтөбеге тарттым.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,

Мәдениет қайраткері

Нұрлыбек Жұбатқан. Аспаннан «атақ» жауды (Сатиралық әңгіме)
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН. ҚОЙ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу