Пластик ғалам: су ма, «у» ма?

Oinet.kz 16-10-2020 1548

Біз жасадық. Қолдандық. Тастадық. Табиғатты ластадық. Жыл сайын мұхит суына 9 млн тонна пластик қалдығы түседі. Қазірде су бетінде 5 трлн пластмасса қалдығы қабат құраған. Пластик қалдықтың толықтай биоыдырауға ұшырауына шамамен 450 жыл керек екен. Адамзат пластикті 1950 жалдардан белсенді өндірген. Демек, ең алғашқы қалдықтардың өзі құраушы молекулаларға ажырап үлгермеген.

image.png

Әлемдік сауда нарығында жыл сайын шөлмектегі су саудасы 10 пайыз артып отырады. Бір ғана Coca-Cola сауда бренді жылына 128 миллиард бөтелке өндіреді.  MegaRеsearch агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтар жылда бөтелкедегі суға 50 млрд теңге жұмсайды. 

Сөреден мәреге дейін

image.png

Бөтелкедегі суды сатып алудың басты себебі – құрамы таза, экологиялық және құбыр суына  қарағанда пайдалы. Бұл пікір көптеген жарнамалық роликтердің көмегімен тұтынушылардың санасына  таңылған. Бірақ осы тектес ақпарат шындыққа жанаспайды. Америкалық Environmental Working Group зерттеуінде бөтелкедегі суды өндірушілердің жартысы бұл «қосымша тазартудан өткен»  құбыр суы екенін мойындаған. Шөлмектегі су құбыр суынан дәмді деген ақпарат негізсіз. Вермонт университетінде жүргізілген зерттеуде дегустаторлардың үштен бірі ғана бөтелкеден су құбыры суын дәміне қарай ажырата алған.

Consumer Reports американдық тұтынушылық журналы су өндіруші жетекші брендтер: Starkey (Whole Foods тиесілі), Peñafiel (Keurig Dr. Pepper), Crystal Geyser Alpine Spring Water, Volvic (Danone), сондай-ақ Crystal Creamery және Eartho өнімдерінен рұқсат етілген деңгейден асатын мөлшерде улы мышьяк табылғанын мәлімдеген. Өндіруші мінсіз таза суды құйса да, уақыт өте келе  бөтелке жасалған пластик  жылы температурада химикат бөледі. Соның салдарынан қаптамадағы су ластанған. 

Экономикасы дамыған елдердің барлығында құбыр суы тазалық пен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Оның сапасы мемлекет тарапынан дүкендерде сатылатын өнімнен әлдеқайда қатаң бақыланады. Сондықтан ауыз судағы зиянды қоспаларға қатысты дау туындағанда химикатты пластик бөтелкеден бөлінді деп «жылы жабу» жиі кездеседі.

image.png

Бүгінде әр үйдің тұрмысын пластик ыдыссыз елестету күрделі. Пластик бөтелке дүкен сөресінде самсып тұрған су қаптамасы ретінде босағамыздан енеді. Сүт яки сұйықтық құйылып бірнеше рет қолданылып қана қоқыс жәшігіне тасталады. 

Көп жесе, бал да ащы

Пластикалық бөтелкелердің қаптамасында қандай пластиктан жасалғаны туралы анықтама берілген.Бұл ақпаратты назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі кез келген пластиктан бөтелкенің ішіндегі нәрсеге әртүрлі дәрежеде қауіпті химикаттар бөлінеді. 

image.png

Қаптамада PET немесе PETE, PVC немесе V, PC белгісі бар немесе мүлдем белгіжоқ пла стмассаны абайлап қолдану керек. Бұл белгі бар ыдысты екінші рет қолдануға тырыссаңыз, ағзаңызға кейбір сілтілі элементтер мен көп мөлшерде бактериялар енуі мүмкін. Мысалы,  PS пластигін  кофе стақаны мен жылдам тамақтанудағы контейнер жасауға пайдаланылады. Қыздырған кезде зиянды химиялық қоспалар бөлінеді. Полистирол — арзан, жеңіл әрі мықты пластик болып есептелінеді. Бірақ ыстық тамақ пен ыстық сусындар сақтауға жарамайды. Біз аталған пластикті тек қана жоғары градустағы өнімдерді тұтынғанда пайдаланамыз. Қалыпты температурада алдым дегеннің өзінде жылытқышқа салып қоямыз. Су ішем деп у ішіп, тамақтанам деп «азаптанып» қалмайық. 

HDP немесе HDPE белгісі бар пластиктер зиянды заттар бөлмейді. Мамандар мүмкін болса осындай бөтелкедегі суларды алуға кеңес береді. Қауіпсіз, әрі қоршаған орта үшін де пайдалы. 2018 жылы 127 елде пластиктен бір реттік өнімді пайдалануды шектеді, ал 30-да пластикалық пакеттер үшін төлем енгізілді, ал 27-де қоршаған орта үшін кейбір зиянды материалдарды пайдалануға тыйым салынды. Қазақстанда бөлшек сауда желілерінде  пластикалық пакеттер ақылы болды. Бұрынғыдай көптеп пакет алушылар азайды. Magnum бөлшек сауда желісінде пластик пакеттер ақылы болғалы экосөмкелер сатылымда. Өзім де небәрі 270 теңгеге экошокер сатып алдым. Қолданып жүргеніме 2 айға жуықтады. Бұрынғыдай бөлек-салақ боп жүруден арылдым. Қажет затым тек бір экопакетке сияды. Ғажап, ә?

Таста да жүре бер!

image.png

«Таста да жүре бер!» пластик ыдыстармен бірге енген өмір салты. Еліміз де бұл үдерістен кенде емес. БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP) баяндамасында жарияланған мәліметке сүйенсек, жыл сайын әлемде 500  млрд пластик пакет пайдаланылады. Дүниеде минутына 1 млн пластик бөтелке сатылады, сатып алынады.  Полиэтилен пакетті пайдалану мерзімі – орта есеппен 15 минут. Нарықта сұранысы бар тауар ғана өндіріледі. Сұраныс жоғары. Пластик өндірілуде.  Қолданыстан соң пластик қайда кетуде? Қазақстанның әр түрлі аймақтарында жұмыс істейтін 69 жинаушы компания және 15 пластикті қайта өңдеуші компания анықталған. Елімізде  PlastNet пластикті қайта өңдеу ұйымдарының желісі жұмыс істиді. PlastNet-тің Алматы, Шымкент, Тараз, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларында орталықтары бар.

 Қайта өңдеу технологиясына жетуі үшін қоқыс сұрыпталып тасталуы керек. Қоғамда қоқыс сұрыптау үдерісі әлі де белең ала қоймаған. Мысалы, 10 миллион тұрғыны бар Мехико қаласының саябақтарында Poo Wi-Fi жүйесі жұмыс істейді. Арнаулы контейнер қоқыстың көлемін есептеп соған сай мөлшерде ғаламтор желісіне кіруге мүмкіндік береді. Мүмкін, бізге де  креатив идея қажет болар.

 Жасыл экономика өркендеген елдерде тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу табыстың тетігі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. 

Экономикасын ауылшаруашылық өнімдермен қуаттап отырған Банегладештің өзінде қоқыс жинаушы 100 АҚШ доллары көлемінде табыс табуына болады. Карантин режимінде 2,1 млн адам жәрдемақы алғанын ескерсек, елімізге қайта өңдеу технологияларын тереңірек игергеннің пайдалы екенін ұға түсеміз. 

image.png

  P.S. «Не керегін бәрі біледі, бәрі біледі, тек дым істемейді» деп басы даудан шықпайтын Ninety one тобы әлемге үн шығарды.  Майкл Джексонның «Earth song» әнінен кейінгі жаһандық экомәселе көтерген бейненің концепциясы терең. Біз білсек те, дым істи алмаймыз деп ойлайтын шаруалар көп-ақ. Қазірде ғаламның табиғи болмысын жұтып бара жатқан пластиктің тажалы туралы терең таныс болу да экоиммунитетті арттырады. Сау ақыл «сырқат» әрекетке бастамайды.

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Адамгершілік туралы шығарма. Байдың киесі
Балқадишаның күйеуі шал болмаған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу