Ахмет Байтұрсынұлы. Айыр тұяқ хайуандар қалай аталады?

Oinet.kz 11-11-2018 739

Киік айыр тұяқ, шөп жеуші, күйісті хайуанның бірі. Тұлғасы мен қарасы қой мен ешкіге жақын. Киік әлі күнге дейін адам малданбай, тағы күйінде қалған хайуан. Адам малданбаған хайуандар аң деп аталады. Аңды аулап, ұстаған адам пайдаланады. Киік біздің қазақ жерінде көп болған. Оны аулаушы да көп болған. Бұл күнде қазақ жерінде киік аз, киік аз болған соң, аулаушы да аз. Аулағандар киіктің етін жейді. Мүйізін сатады, терісінен жарғақ жасайды. Киіктің еті дәмді. Мүйізі қымбат, бірақ терісі өңді емес. Киік жүйрік болады, оны қуып ұстау қиын. Көбінесе атып алады. Қақпан құрып ұстайды, мұзға қамайды. Атушылар киіктің су ішетін, жайылатын жерін біліп, аңдып жатып атады. Қақпанды шұбырып суға баратын жолына, я шұқырлап қазып, жатағына құрады. Киік сақ болады, бірақ күн ысыған кезде оқыралайтын уақыты болады. Оқыра шанышқақ шаншып, киіктің терісіне жұмыртқасын салады. Сол жұмыртқадан шанышқақтың құрты шығып, қимылдап, терісін жеген кезде болады. Құрт өсіп, толыққан соң түсіп қалады. Құрт түскенше киіктің мазасы болмайды. Қышығанына шыдай алмай, тыпырлайды, жүгіреді. Аунайды, жер тебінеді, әбден әлекке түседі, есі кетеді, сақтық жоғалады. Сол кезде аңшының оғына да душар келеді. Қақпанына да қаңғалақтап оңай түседі.

Киік жазғытұрым балалайды, баласы құралай деп аталады. Қазақтың құралай шалғыны деп айтатын шағы киіктің құралайын өргізіп, аяқтандырған кезінде болғандықтан солай аталған. Баласы жас күнінде үлкеніндей жүгіре алмайды. Атпен қуып ұстауға болады. Баласын ұстағанда енесі адамның, иттің қуғанына болмай, көпке дейін еріп қалмайды. Баласын біреу ұстап алып бара жатқанда шешесі төзіп тұра алар ма?! Киік те сол сияқты.

Киікпен тұқымдас елік деген және басқа толып жатқан андар бар. Олардың кейі тұлғасына қарағанда сиырға, кейі жылқыға, кейі ешкіге ұқсайды. Біреулерінің мүйізі істіктей тіп-тік, біреулерінікі қапсағай қайқы, біреулерінікі бұрғыдай бұраңқы. Солардың бәрі де айыр тұяқ, шөп жеуші, күйісті хайуандар табына жатады. Ғылым тілінде бұл тұқымды хайуандардың бәрі антилоп деп аталады.

Халел Досмұхамедұлы. Машина деген не?
Ыбырай Алтынсары. Он екі ата байұлы деген ру қайдан шықты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу