Ахмет Байтұрсынұлы. Мысық неге пайдасы ең аз мақлұқ?

Oinet.kz 11-11-2018 693

Мысық қолға үйреткен мақлұқтың ішіндегі ең пайдасы азы. Мысықтың қазаққа келтіретін пайдасы тышқан аулағаны. Басқа жұрттар мысықтың терісін алу үшін де ұстайды.

Мысықты Мысыр халқы қолға үйреткеніне көп болған. Басқа жерлерге онан кейін көптен соң тараған. Бұрынғы грек пен рум жұрттарында мысық асырау деген тіпті болмаған. Еуропа жұрттарына мысық тарағанына мың жылдай-ақ болды. Америке (Америка) жеріне мысықты Еуропа адамдары алып барып, таратқан. Мысық атаулының үйде ұсталатындарының бәрі де сол Мысыр мысығынан өрбіген. Мысырдың бұрынғы халқы мысықтың қасиетті мақлұқ деп, Құдайдай қадірлеп, табынған. Өрт болса, бәрінен бұрын мысықты құтқаруға тырысқан. Мысық өлсе, қайғырып, аза тұтып, қара салған. Мысықты өлтіргендер өлімге бұйырылған.

Мысық өсімтал мақлұқ. Жылында 2-3 балалайды. Баласы көзін ашып, өсе бастағанда-ақ, енесі тышқан ұстауға баулиды. Баулу үшін тірі тышқан әкеліп, баласына ұстатып үйретеді. Мысық тырнағын жәй кезде жоғары көтеріп, жүніне жасырып, қалжасын ұстар кезде ғана шығарады. Мысықтың мұрты – сезетін бес сайманының бірі. Біз қолымызбен сипап білетін нәрселерді мысықтар мұртымен біледі. Мысықтың аузын адалдаймыз деп мұртын кесетін біздің қазақ дағды бар. Оларды мысыққа зор зәбір. Мысықтың мұртын кесу – қолымыздың саусағын кесумен бірдей. Тышқан жеген мысықтың арам аузын мұртын кесумен адалдаймыз деген құр адасқандық.

Мысықпен тұқымдас толып жатқан аңдар бар. Олардың ішіндегі қазақ білетіндері барыс, жолбарыс, арыстан, қазақ білмейтіндегі ягуар, леопард, пума. Қолға үйренбей, тағы күйінде қалған мысықтар да бар.

Мысықпен тұқымдас аңдардың адамға келтірер пайдасы аз, жоқ қасында, залалы көп. Мысық тұқымды аңдардың бәрі де қанқұмар мақлұқтар. Өздері мықты, бірақ керіне тимей, мысықша бұғып жатып тиеді. Сондықтан олар бар жерде адамдарға да, басқа аңдарға да зияны көп. Әсіресе, күштілері арыстан, жолбарыс, ягуар, леопард, пума. Бұлардың әлі жетпейтін хайуандары аз. Арыстан ақырған кезде естіген хайуанда ес қалмайды.

Міржақып Дулатұлы. Сорлы қасқырдың бір ғана үміті бар…
Міржақып Дулатұлы. Қырманға барған қоян туралы әңгіме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу