Мұқағали Мақатаев. Бесік басында

Oinet.kz 11-11-2018 1080

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

***

Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,

Керек емес, дүния, асылдарың!

Бақыт, байлық — барлығы менің үшін

Сенің бір кеп мойныма асылғаның.

***

Аймалайсың жанымды күлкіңменен,

Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.

He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,

Қытықтаған жүректі бір тілменен?

***

…Қандай ғана анадан туады адам,

Сәбилердің ұйқысын куалаған?!

О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!

Қандай рақат сәбилер жыламаған!

***

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!

Қасым Аманжолов. Әлди, әлди, әлпешім!
Жүсіпбек Аймауытұлы: «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу